«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің басшылары Айдар Әріпханов пен Ербол Қарашөкеев тапсыру актісіне және қосылу туралы шартқа қол қойды. Тапсыру актісі ағымдағы жылдың 15 наурызында бекітіледі.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 52-тармағын орындау шеңберінде, «Бәйтерек» холдингі «ҚазАгро» холдингін қосып алу жолымен бірыңғай даму институтын құру жұмысын жүргізуде. Сондай-ақ портфельдік компаниялар саны 14-тен 7-еуге дейін қысқартылып, штат саны тиісінше түзетілетін болады.
– «Бәйтерек» жаңа функциялармен толыққан қуатты мемлекеттік холдинг ретінде өз жұмысын жалғастырады. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Холдинг іске асыратын мемлекеттік бағдарламалардың саны артуда. Алдыңғы кезекте – агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. Біздің міндетіміз – қосылу процесін фермерлеріміз аса сезінбейтіндей етіп, барынша ауыртпалықсыз өткізу. «ҚазАгроның» алдында тұрған барлық міндет, оның ішінде көктемгі егіс жұмыстары, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын қолдау және тағы басқа міндеттер бізге өтіп, назардан тыс қалмайды. Жұмыс тиімді әрі сапалы болу үшін бар күшімізді саламыз, – деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов.
Қазіргі уақытта қайта ұйымдастыру бойынша барлық қажетті корпоративтік шешімдер қабылданып, «ҚазАгро» холдингінің активтерін түгендеу жұмысы аяқталды.