• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Наурыз, 2021

Жамбылдық жомарт түлектер

2420 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тараз қаласында «Жомарт түлек-2021» кездесуі өтті. Аталған кездесу Жамбыл өңірінен шығып, бүгінде еліміздің әр саласында жетістікке жеткен тұлғалардың өмір жолын жастарға насихаттау, өңір тумаларын туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылдауға тарту мақсатында ұйымдастырылды. Кездесуге қатысушыларға әуелі «Тәуелсіздік жылнамасы» атты бейнефильм көрсетілді. Ол 1991 жылдан бастап Жамбыл облысында әр бес жылдықта атқарылған жұмыстарға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне арналды.

«Жомарт түлек-2021» кездесуін об­лыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, шараның маңызына тоқталды. «Басты мақсат – түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген елімізге белгілі түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал жам­былдықтарды туған өлкесінің әлеу­меттік мәселелерін шешуге атса­лысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру. «Жомарт түлек-2021» жобасы аясында jambyl-tylek.kz. сайты іске қосылып, қазір оған 80 мыңға жуық түлек тіркелген. Соңғы бес жыл ішінде біздің түлектер туған мектебіне, ауылына жалпы көлемі 2 млрд теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. «Туған жер» жобасы аясында 5,5 млрд теңге көлемінде 30-дан ас­там әлеуметтік жобаны іске асыру ұсы­ны­луда», деді әкім. Жиында қазіргі кез­де сан салада ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген танымал түлектер жетіс­тікке жету тәжірибесімен және туған ауылдары туралы естеліктерімен бөліс­ті. Олардың бірқатары арнайы келіп қа­тысса, кейбір азаматтар бейнебайланыс арқылы қосылды.

Әуелі Тұңғыш Президент – Елба­сы кеңсесінің басшысы Махмұд Қа­сым­беков жиынға бейнебайланыс ар­қылы қосылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлының облыс әкімі Б.Сапарбаевтың өңірде қазақстандықтардың патриоттық рухын нығайтуға ықпал ететін осындай игі шараны өткізу бастамасын жоғары бағалағанын атап өтті. «Туған жеріне, халқына деген сүйіс­пен­шіліктен туған осындай игі іс-ша­ралар патриоттық сезім­ді күшейтіп, жас ұрпақты тәрбие­леуге үлкен үлес қосады. Жамбыл облысында басталған форум республиканың басқа да облыстарында өз жалғасын табады деп сенемін», делінген Елбасының құт­тық­тауында. Сонымен қатар М.Қа­сым­беков өңірде бүгінде атқарылып жат­қан жұмыстарға тоқталып, өзі білім алған Шу ауданындағы С.Сейфуллин атындағы мектепке қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты. Ал жиынға арнайы қатысқан әйгілі актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов іс-шараның маңыздылығына тоқталды. «Өз туған жерін мүмкіндігінше дәріптеп жүр­ген барша жамбылдық түлектерді бі­ріктіру идеясы маған ұнады. Бұл аса ма­ңызды. Әсіресе олар жас ұрпаққа дұрыс үлгі-өнеге бола алады деп ой­лай­мын. Танымал жам­былдықтар жас жерлестеріне көз­деген кез келген биіктеріне қол жеткі­зуге деген се­­­німділік ұялатады. Ең бас­­тысы, тал­­­май адал еңбек ету, туған ж­ерін естен шығармай, мүмкіндігінше оның өр­кендеуіне өз үлесін қосу керек. Өйт­кені сол туған мекеніміз бізді өсір­ді, тәр­биеледі, арманымызға қанат бітір­ді. Мен өзім осындай түлек­тер­дің қатарында болғанымды мақтан тұ­та­мын», деді А.Әшімов. Өз сөзінде мем­лекет және қоғам қайраткері Өмір­бек Байгелді осындай форум ұйым­дастырғаны үшін облыс басшылығына риза­шылығын білдіріп, бұл алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өз жалғасын табатынына сенім білдірді. Сондай-ақ өңірді өзі басқарған жылдардан есте­ліктер айтып, жастарды елге, жерге адал еңбек етуге шақырды.

«Әулиеата топырағы мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына орасан үлес қосқан және қосып келе жатқан көп­теген талантты және әйгілі ел азаматтарын тәрбиелеп шығарды. Олардың туған жерімен байланысын үзбеуі өте маңызды. Бірлескен күш-жігермен біз Жамбыл облысының дамуы жолында көптеген игі істерді атқара алатынымызға сенімдімін», деді Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев. Ал әнші-композитор, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Алтынбек Қораз­баев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова мұндай форумның әсіресе жастар үшін маңызды екенін айтып, әрбір түлек өз туған жеріне лайықты көңіл бөлу керектігін жеткізді. Сонымен қатар форумға «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КеАҚ директорлар кеңесінің төрағасы Гүлмира Исимбаева да бейнебайланыс арқылы қатысып, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Әулиеата өңірінен шы­ғып, бүгінде бүкіл қазаққа танымал болған А.Әшімов, Ө.Байгелді сияқты азаматтардың өмір жолы әсіресе жастар үшін үлгі екенін айтты. Форум барысында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы да өзінің игі тілегін білдіріп, «Көне Тараз» атты өлеңін оқыды.

«Жомарт түлек-2021» форумы Жам­был өңірінен шығып, бүгінде шетелдерде өмір сүріп жатқан азаматтарды да қамтыды. М.В.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университетінің ма­гистранты Богдан Загрибельный, Син­гапур елінде тұратын кәсіпкер Талғат Тұрымбаев сынды түлектермен қатар, АҚШ, Түркия және басқа да елдерден қатысушылар байланысқа шықты. Мәселен, коронавирус індеті өршіп тұрған кезде Kusto Group халықаралық компаниясының негізін қалаушылардың бірі, Жуалы ауданының түлегі Талғат Тұрымбаев жерлестеріне көмектесіп, өз атынан 100 млн теңгеге аудандық ауруханаға реанимобильді көлік, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар сатып алып берген. Кәсіпкер өз сөзінде туған жерін әрдайым қолдайтынын айтты. Кездесуге қатысушы түлектердің бәрі де тұрақты негізде туған жеріне, өзі білім алған мектепке көмек көрсетіп ке­леді. Жиында Б.Сапарбаев әрбір тү­лекке туған жеріне деген қолдауы үшін ал­ғыс білдірді. Ұрпақтар сабақтастығы әрі қарай да сақталуы тиіс екенін баса айт­ты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Отанға деген сүйіспеншілік – бос ұрандар мен декла­рациялар емес, ол халық игілігі үшін күнделікті аянбай еңбек ету, шын жүрекпен жасалатын қайырымды істер. Әр адам өз Отанын сүюі тиіс. Бар­лығыңызға өңірімізді дамытуға өз үлес­теріңізді қосып жүргендеріңіз үшін ризамыз. Осылай жалғаса береді деп үміттенемін. Біз де ауқымды әрі қызық­ты жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Инвесторларға инфра­құрылым жүргізуге көмектесеміз. Сіздер­дің де әрқайсыларыңыз оларды жүзеге асыруға қолұшын соза аласыздар», деді Б.Сапарбаев.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Жамбыл облысындағы мектептерді 400 мыңнан астам түлек бітірген. Олар­дың көпшілігі туған жерінен қол үзбей, қолдау көрсетіп келеді. Кездесу со­ңын­да танымал түлектерге «Жомарт тү­лек-2021» сыйлығы табысталды.

Жамбыл облысы