Өскеменнің әйгілі «Торпедо» клубы жуырда Қазақстанның Pro Ligasy тұрақты чемпионатында мерзімінен бұрын ел чемпионы деген атаққа қол жеткізді. 2005/2006 жылғы маусымда бас жүлдені олжалаған өскемендіктер, міне, араға 15 жыл салып Қазақстан біріншілігінде дара шықты.
Тұрақты чемпионаттың кезекті тур ойынын өткізу үшін Нұр-Сұлтанға сапар шеккен Олег Болякин шәкірттері жергілікті «Снежные барсы» клубымен мұзайдында екі мәрте жолығып, екеуінде де қарсыластарын ірі есеппен жеңді. Алғашқы ойында 6:1 есебі тіркелсе, кейінгі матчта торпедолықтар «қар барыстарының» қақпасына сегіз бірдей шайба соқты. Қорытынды есеп – 8:1. Осындай жарқын жеңісінен соң «Торпедо» шайбалы хоккейден ел чемпионатындағы 42 кездесуден кейін 108 ұпай жинап, турнир кестесінде өзінен кейін тұрған «Теміртау» клубынан бақандай 27 ұпайға озып кетті. Теміртаулықтар біріншілік соңына дейін барлық ойында жеңіске жетіп, ал «Торпедо» керісінше бүкіл матчта жеңілген күннің өзінде де өскемендіктерге жете алмайтыны белгілі болды. Мерзімінен бұрын ел чемпионы атанған «Торпедо» енді плей-офф кезеңіне дайындығын пысықтайды.
Жалпы шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының әлемде алар орны қандай болса, құрылғанына 60 жылдан асатын Өскеменнің «Торпедосы» да Қазақстанның шайбалы хоккейінде ерекше құрметке ие. Әлемдік деңгейдегі ірі жетістігімізге де дәл осы «Торпедоның» қосқан үлесі орасан зор десек артық айтқандық емес. Тарихы сонау 1955 жылдан бастау алатын Өскеменнің командасы бүгінге дейін қазақстандық хоккейшілердің бір шоғырын тәрбиелеп шығарғанын көзі қарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Мәселен, 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен қысқы Олимпия ойындарында және сол жылы Швейцарияда жалауы желбіреген әлем чемпионатында ел намысын дәл осы «Торпедоның» түлектері қорғады. Қақпашылар Александр Шимин, Виталий Еремеев, қорғаушылар Алексей Трощинский, Виталий Трегубов, Владимир Антипин, Андрей Соколов, шабуылшылар Константин Шафранов, Михаил Бородулин және тағы басқа хоккейшілер Жапония төрінде атой салды.
Қазақстандық хоккейшілер төртжылдықтың басты додасына тұңғыш рет қатысып тұрса да, намысты қолдан бермей ширек финалға жетіп жығылды. Жартылай финал жолдамасы үшін өткен матчта бір қаладан жасақталған құрамамыз, «жығылсаң нардан жығыл» дегендей, шайбалы хоккейді ұлттық спорты санайтын Үйеңкі жапырақтар елінің спортшыларымен шеберлік байқасып, 4:1 есебімен есе жіберді.
Араға санаулы айлар салып біздің жігіттер 62 мәрте жалауы желбіреген Швейцариядағы әлем чемпионатында бақ сынады. Іріктеу кезеңінде Ресей, Финляндия және Латвия құрамаларымен бір топта ойнап, өкінішке қарай, барлық матчта қарсыластарына жол берді.
Сол жылы ұлттық құраманың тізгінін «Торпедоның» түлегі, КСРО мен Қазақстанның атақты хоккейшісі, білікті бапкер Борис Александров ұстаған болатын. 1955 жылы Өскеменде дүниеге келген ол 1970 жылдардан бастап жергілікті «Торпедо» клубында тер төкті. Кейіннен ЦСКА клубына ауысты. Жерлесіміз 1976 жылы Инсбрукте өткен қысқы Олимпия ойындарында КСРО құрамасының алтын медаль иеленуіне зор үлес қосқанын зор мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан тәуелсіздік алған соң Б.Александров ел біріншілігінде өнер көрсетті. Өкінішке қарай, Б.Александров 2002 жылы 46 жасында көлік апатынан қаза тапты. 2016 жылы Борис Александровтың есімі Өскемендегі спорт кешеніне берілсе, 2019 жылы атақты хоккейшінің аты Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) Даңқ залына енгізілді. Бүгінде IIHF «Даңқ залында» 220-дан аса мүше бар. Бір айта кетерлігі, Борис Александров – «Даңқ залына» енген тұңғыш қазақстандық хоккейші.
Наганодағы дүбірлі додаға қатысқан даңқты хоккейшілер – ағайынды Евгений мен Александр Корешковтар араға 8 жыл салып, 2006 жылы Туриндегі (Италия) Қысқы Олимпия ойындарында шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасын бастап барды. Ал Александр Корешков Туриндегі доданың ашылу салтанатында еліміздің Көк байрағын ұстап шықты. Сол жылы жерлестерміз 1988 жылғы жетістікті қайталай алмаса да, тәуір ойын көрсетіп, қарсыластарына оңайлықпен ұпай бермейтіндерін аңғартты. Ағайынды хоккейшілер ойыншы ретінде карьерасын аяқтаған соң, бапкерлік өнерге бет бұрды. Екі рет Олимпия ойындарына, үш мәрте әлем чемпионатына қатысқан Александр Корешков 2010 жылы Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының Балалар мен жасөспірімдер хоккейін дамыту жөніндегі бөлімін басқарып, 2015 жылы ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы атанды.
Ал оның бауыры Евгений Корешков 2007 жылы Швейцарияның «Мартиньи» командасында ойнап жүріп, карьерасын аяқтаған соң 2008-2015 жылдар аралығында Ресейдің «Металлург-2» (2008-2009), «Стальные Лисы» (2009-2013) клубтарын жаттықтырды. Тіпті 2010 жылы Ресей жастар құрамасының да тізгінін ұстады. Тың тәжірибе, өзгеше көзқараспен Қазақстанға оралған ол екі жыл көлемінде елорданың «Барысын» баптады. Әйгілі «Торпедоның» түлегі «Барысты» тұрақты біріншіліктің плей-офф кезеңіндегі жарыс жолында ¼ финалға дейін жеткізе алды.
Сонымен қатар «Торпедоның» даңқты хоккейшілерінің қатарында Қазақстан жастар құрамасы сапында КСРО-ның екі дүркін жеңімпазы, 1995/1996 жылғы маусымда Ресейдің «Авангард» клубымен Халықаралық хоккей лигасының қола жүлдегері, Қазақстанның ересектер құрамасымен екі мәрте Азия чемпионатының (1996 және 1999 жылдары) бас жүлдесін иеленген, Нагано Олимпиадасына Қазақстан құрамасын капитан ретінде бастап барған Ерлан Сағымбаев, тұңғыш рет қазақстандық хоккейшілер арасында мұхиттың арғы бетіндегі Ұлттық хоккей лигасында ойнап, АҚШ-тың әйгілі «Нью-Йорк Рейнджерс», «Атланта Трэшерз» және Канаданың «Виннипег Джетс» клубтарында жасындай жарқылдаған Николай Антропов, сондай-ақ ҰХЛ-дың «Калгари Хитмен», «Лос-Анджелес Кингз», «Манчестер Монаркс» және «Айова Старз» клубтарында ойнаған Константин Пушкарёв, 2007 жылы Қазақстаның ең үздік хоккейшісі деп танылып, 2014 жылы ҚХЛ-дың «Жұлдыздар матчында» өнер көрсеткен, Қазақстан құрамасы сапында қысқы Азия ойындарының жеңімпазы (2011 жылы) және күміс жүлдегері (2007 жылы) және жоғарыда аталған екі жарыстың ашылу салтанатында Қазақ елінің Көк байрағын ұстап шығу құрметіне бөленген Талғат Жайлауов және тағы басқа бірқатар хоккейшілердің есімін атай аламыз.
Сонымен қатар қазіргі таңда ұлттық құрама мен еліміздің бас командасы – «Барыс» сапында жүрген хоккейшілердің бірқатары да Өскемен хоккей мектебінің түлегі саналады. Атап айтар болсақ, қақпашылар Сергей Кудрявцев, Денис Каратаев, шабуылшылар Роман Старченко, Әлихан Әсетов және тағы басқа да спортшылар хоккейдің қыр-сырына «Торпедода» жүріп қаныққан.
Міне, қазақстандық хоккейшілердің бір шоғырын тәрбиелеп шығарған өскемендік «Торпедоның» Қазақстанның шайбалы хоккейден алатын орны қай дәрежеде екенін өзіңіз бағамдай беріңіз. Таланттарды тәрбиелеп шығарған Өскемен клубы әлі де талай жастың бағын ашары анық.