Күні кеше Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) мен Халықаралық әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) спортшылардың әлемдік рейтингін жаңартты. Ерлер арасындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик өзінің жеке рекордын орнатты.
Атап айтар болсақ, Сингапурде өткен халықаралық турнирдің финалында қарсыласына есе жіберсе де, рейтингте қажетті ұпайына қол жеткізген Бублик әлемдік рейтингте екі саты жоғарылап, 43-орынға жайғасты. Осылайша 23 жастағы отандасымыз ATP рейтингіндегі жеке рекордын жаңартты. Бұған дейінгі оның ең үздік нәтижесі 45-орын болатын. Өкінішке қарай, Михаил Кукушкин 94-орыннан 96-сатыға, Дмитрий Попко үш саты төмендеп, 183-орынға сырғыды. Жуырда ғана Аустралия ашық чемпионатында топ жарған сербиялық Новак Джокович рейтингте бірінші орында келеді.
Әйелдер арасындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бұрынғы 23-орнын сақтап қалған. Сонымен қатар Юлия Путинцева да 28-орнын ешкімге берген жоқ. Ал Зарина Диас бір орынға төмен сырғып, 85-орынға тұрақтады. Әлемдік рейтингте аустралиялық Эшли Барти көш бастап тұр.