Атырау қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріккен басқарманың әскери қызметшілері Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері тұратын үйлердің ауласын қардан тазартып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз бүгінгі бейбіт өмір үшін майдан даласынан оралған ардагерлерді ешқашан назардан тыс қалдырмаймыз. Ардагерлерге тек мереке күндері ғана емес, әрдайым көмек көрсетуге тырысамыз. Көктем маусымы басталысымен олар тұратын үйдің ауласын ретке келтіру туралы шешім қабылдадық» дейді қорғаныс істері жөніндегі біріккен басқарманың бастығы, подполковник Батырхан Қазақов.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің қатарында әскери ұшқыш, запастағы капитан Айдын Айбаров та бар. Биыл 100 жасқа толатын ардагер әскери қызметкерлермен кездескеніне қуанып қалды. Соғыс жылдарынан естелік айтып, әскери қызметшілерді туған күніне шақырды. Ғасыр жасаған майдангердің көңілі сергек, қимылы ширақ. Бойын тік ұстайды.
Ал, ардагер сержант Закария Сұлтанов соғысқа өз өтінішімен аттаныпты. Алдымен Орынбор мен Башқұртстанда әскери дайындықтан өткен. Содан кейін шаңғы батальонының құрамында Уфада құрылған мотоатқыштар бригадасының қатарына қосылған. Беларуссия мен Шығыс Пруссиядағы дүрбелең шайқастарда аяғынан екі рет жарақаттанған. Алайда өжет мінезді жігіт сонда да майдан даласын, қаруластарын тастамаған.
«Екі рет жарақаттанғаннан кейін мені Калининград облысындағы гарнизондық қызметке тағайындады. Сол қалада Жеңісті қарсы алдым. Кейін туған жерге оралдым. Қазір менің жадымда майдан даласынан естеліктер мен жарақаттарым қалды» дейді соғыс ардагері Закария Сұлтанов.