• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Наурыз, 2021

Елордалық мұғалімдердің COVID-19-ға қарсы вакцина қабылдағаннан кейінгі жағдайы қандай?

467 рет
көрсетілді

Мұғалімдер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін 1 наурыздан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация басталды. КВИ-дан алғашқы екпені елордалық №27 және №50 мектептердің мұғалімдері алды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Екпені алғашқылардың бірі болып №27 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зибагүл Қаратаева қабылдады. Осыған дейін ол дәрігердің тиісті тексерісінен өткен болатын.

«Мен вакцинацияны өз еркіммен алғым келді. Бұл ең алдымен өзіңді және туыстарыңды қорғау үшін қажет деп білемін. Отбасымда коронавиурс инфекциясымен ауырған ешкім жоқ және жұқтырмас үшін осындай таңдау жасап отырмын. Бұл өз денсаулығыма деген жауапкершілік», - дейді мұғалім.

Сонымен қатар, Зибагүл Қаратаева вакцина қабылдауда ешқандай қорқыныш жоқ екенін айтып өтті.

«Дәрігерлердің вакцина қабылдағаны жайлы қаншама ақпарат тарады, бәрін оқып отырдық, жағдайды назарда ұстадық. Жағымсыз жағдайлар болған жоқ. Сол себепті сенімді болдым», - деп түсіндірді мұғалім.

Вакцинаның бірінші компонентін №27 орта мектеп-лицейінің директоры Қанат Байсалбаев та қабылдады. Ол өзін жақсы сезінетінін, кері әсерлері болмағанын жеткізді.

«Егер біз инфекцияның таралуын қаламасақ, екпе қабылдауымыз қажет. Оның үстіне оқушылар біртіндеп сыныптарына оралып жатыр. Ал олардың ата-аналарымен біз күн сайын кездесіп тұрамыз. Бірін бірі қатерге тігуге болмайды. Мен мектеп директоры ретінде екпе алып, әріптестеріме үлгі көрсетуге бел будым», - деп атап өтті Қанат Байсалбаев.

Райымбек батыр атындағы №50 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Сайлаубай Шайкенов мемлекет ұсынған тегін вакцинациядан өтуді азаматтық парызы санайды.

«Мемлекет бізге қамқорлық жасап, вакцинациялауды ұсынып отыр. Өткен жыл бүкіл адамзат үшін қиын кезең болды. Вирустың салдарынан қаншама адам қайтыс болды. Вакцинаның тиімділігіне сенбесем, бұл жерде отырмас едім. Өзімді, отбасымды және оқушыларымды қатерден қорғағым келеді», - дейді тарихшы.