• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 03 Наурыз, 2021

Бес жылда агросекторға 4 трлн теңге тартылады

448 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі бағыттары қаралды.

Ауыл шаруашылығында жұмысшылар табысы 2 есе ұлғаймақ

АӨК дамытудың жаңа тәсілдері туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өңірлерде ауыл шаруашылығын дамыту туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Алматы облы­сының әкімі Амандық Баталов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов баяндады.

Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров 2020 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешені саласында іс жүзінде барлық макрокөрсеткіштер бойынша оңға басу байқалғанын айтты. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім.

Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту мақсатында мынадай міндеттер қойылды: ішкі нарықты 80%-дан астам деңгейде азық-түлік тауарларымен молықтыру; 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру; еңбек өнім­ділігін 2,5 есеге арттыру; өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайту. Ішкі нарық­ты азық-түлік тауарларымен молық­тыру жөніндегі міндетті шешу үшін министрлік қысқартылатын импорт түрлерін айқындады. Бұл – құс еті, шұ­жық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық.

Бүгінде алдағы үш жылға арналған бағыттардың әрқайсысы бойынша ин­вес­тициялық жобалардың нақты пулы айқындалды. Ауыл шаруашылығы ми­нистрі мәлім еткендей, қазір өзімізде өндірілетін құс етінің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58%-ын ғана жабады. Оны толықтыру үшін құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажет. Былтыр қуаты 94 мың тонна болатын 8 құс фабрикасы іске қосылды. «Алдағы үш жылда жалпы қуаты 191 мың тонна болатын 11 құс фабрикасын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл жобаларды үш жыл ішінде іске қосу құс еті бойынша қажеттілікті толық көлемде өтеуге мүмкіндік береді», деді С.Омаров.

Ішкі нарық отанымызда өндірілетін шұжық өнімімен 62%-ға қамтамасыз етілген. Толықтай молықтыру қуаты 77,8 мың тонна болатын 6 ет комбинатын іске қосу, сондай-ақ айналым қар­жыларын арттыру және фермерлерді малды союға өткізуге ынталандыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. «Сүт өнімдері импортының жалпы көле­мі сүт шикізатына қайта есептегенде шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Мо­лықтыру мәселесі өнеркәсіптік тауарлы сүт фермаларының қуатын кеңейту және отандық сүт зауыттарын жете жүктеу есебінен шешілмек. Сондықтан жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл ретте өткен жылы жалпы қуаты 98 мың тонна болатын 48 тауарлы сүт фермасы іске қосылды, оның 17-сі – өнеркәсіптік тауарлы сүт фермалары», деді С.Омаров. 

Бүгінгі таңда алманы жалпы тұтыну көлемі 344,3 мың тоннаны, импорт 144 мың тоннаны құрайды. Ішкі нарықты 6,6 мың га алаңда жаңа қарқынды бақтар салу есебінен молықтыру болжанып отыр. Ведомство басшысы атап өткендей, жаңа бақтар отырғызуды негізгі бақ өсіретін өңірлер: Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында шоғырландыру ұсынылады. «Жыл сайынғы бақ отырғызу көлемі орта есеппен 2 мың га болады, бұл толық жеміс беруге біртіндеп шыға отырып, алмаға деген тапшылықты жойып, 2024 жылы өзімізді толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деп нақтылады С.Омаров.

Қазіргі уақытта елімізде өндірілетін қант тапшылығы 240 мың тоннаны немесе қажеттіліктің жартысынан көбін құрайды. Ішкі нарықты молықтыру Алматы облысындағы қант зауытын жаңғырту, сондай-ақ Жамбыл облысында қуаты 150 мың тонналық жаңа қант зауытын салу арқылы жүргізілмек. Министрдің айтуынша, қосымша 175 мың тонна қант өндіру есебінен қант тапшылығын шешіп, 80% қамтамасыз ету көлеміне шығу жос­парлануда.

Балық өнімдерімен қамтамасыз ету 60,8%-ды құрайды. Ішкі нарықты молықтыру үшін 13,5 мың тонна балық өндіретін 8 жоба іске қосылады. Бұл қамтамасыз ету көлемін 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. «Жалпы, рес­публика бойынша бес жыл ішінде 380 инвестициялық жобаны іске асыру жос­парланып отыр, оның 65%-дан астамын импортты алмастыру аясындағы жобалар құрайды», деді С.Омаров.

Жалпы, жыл сайын орта есеппен 75-80 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Министрлік жобаларының пулы облыс әкімдіктерінің пысықтауы нәтижесінде кеңейтіледі. 

Жобалар Мемлекет басшысының 7 ірі экожүйе құру тапсырмасының ажырамас бөлігі, оның шеңберінде дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру мен өңдеу экожүйелері жоспарлануда. Мәселен, өсімдік шаруашылығында зәкірлік BioOperations ЖШС кәсіпорнымен Солтүстік Қазақстан облысында астық өндіру және өңдеу жөніндегі экожүйе құрылуда. Министр атап өткендей, кооперация қағидаты бойынша экожүйе астықты тереңдетіп өңдейтін зауытты, құрамажем зауытын, құс кешенін, тауарлы сүт фермасын және осы кәсіпорындарды ауыл шаруашылығы шикізатымен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы өндірушілерін біріктіреді. Осындай экожүйелерді елдің барлық өңірінде өз ерекшеліктерін ескере отырып құру жоспарлануда.

Сонымен қатар ауылда шағын несие беру жалғасады. Былтыр бұл мақсат­тарға 43,2 млрд теңге бағытталды, бұл 11 мыңнан астам микрокредит беруге мүм­кіндік берді, оның 60%-ын стартап-жоба­лар құрайды. Бағдарламаны іске асыру ауылда 11 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. «Алдағы бес жылда 250 млрд теңге сомасына 50 мың шағын несие беру жоспарланып отыр», деді сала басшысы.

Еңбек өнімділігін арттыру мақ­сатында агроөнеркәсіп кешенін мемле­кеттік қол­даудың тиімділігін қамтамасыз ету бо­йынша жұмыс жүргізілуде. Бұл үшін өткен жылы министрлік субсидиялау тетіктерін қайта қарады. Сондай-ақ шағын және орта фермерлердің суб­сидиялауға қол жет­кізу шектері өзгертілді. Мемлекеттік қол­даудың тиім­ділігін арттыру үшін ағым­­дағы жылдан бастап бизнес үшін қарсы міндеттемелер кезең-кезеңімен енгізіледі.

Сонымен қатар базалық субсидия­лар бойынша субсидиялау көлемін ұл­ғай­ту есебінен 2025 жылға қарай ауыл ша­руашылығы техникасын жаңарту деңгейін 4%-дан 6%-ға дейін; минералды тыңайтқыштарды қолдану ғылыми негізделген норманың 21%-ынан 30%-ға дейін; IV репродукцияға дейінгі жоғары сапалы тұқымдарды енгізу деңгейін 93%-дан 97%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Жүргізіліп жатқан жұмыс 2023 жылдың соңына қарай импортқа тәуел­ділік мәселелерін шешіп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте басымдық инфляцияға әсер ететін азық-түлік тауарларына берілетін болады.

С.Омаров атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін қазіргі уақытта келесі бес жылға арналған жаңа Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаны агробизнес, ғылым өкілдері талқылауда. Жо­ғарыда аталған барлық шаралар Агро­өнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаға енгізілетін болады.

Өз кезегінде Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов азық-түлік қауіп­сіздігі аргоөнеркәсіп кешенін дамыту ісі әлеуметтік көңіл күйге әсер ететінін атап өтті. 23 ақпандағы жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуі 2,4% деңгейінде тіркелді. Бәрінен бұрын импортқа тәуелді өнімдердің, жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлардың, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністердің бағалары өсім көрсетті. Оның жалпы өсімге қосқан үлесі 2 пайыздық тармақты құрады.

Азық-түлік балансы мен бағаның өзгеруін талдау келесі жағдайды көрсетеді. Біріншіден, азық-түлік тауарларының бағасы өндіріс пен тұтынудың теңгеріміне ғана емес, сондай-ақ импортталатын және экспортқа жіберілетін өнімнің үлесіне де байланысты. Мұндай ағындар сыртқы нарықтардың бағаларын ішкі саудаға әкеп соқтырады. «Екіншіден, тұрақтандыру қорларының көлемі жеткілікті емес, яғни 3,7 млрд теңгеге 25,4 мың тонна қалыптастырылған. Оның интервенциясы жалпы тұтынудың 0,2%-нан 1,4%-ына дейін құрайды. Бұл іс жүзінде бағаға тиісті әсер етпейді. Тұрақтандыру қорларының өздері де тиімді қалыптаспайды. Мысалы, Ақтөбе облысында 2020 жылы қанттың, қарақұмық жармасының, күнбағыс майының және жұмыртқаның бағасы едәуір өсті. Бұл ретте, жыл ішінде қорға ба­ғаның шамалы өсуі байқалған көк­ө­ністер сатып алынды», деп түсіндірді Б.Сұлтанов.

Үшіншіден, нарықтық құралдар өзінің тиімділігін көрсетті. Бұл форвардтық сатып алу және «айналым схемасы». Сауда және интеграция министрінің айтуынша, бүгінгі таңда жергілікті бюджеттерден 21,9 млрд теңге бөлінді. «Механизм тиімді, дегенмен нарыққа айтарлықтай әсер ету үшін қаржыландыруды кеңейту қажет. Отандық өндірушілермен келісім­шарттарды «қолымен басқару» режімінде жүргізе отырып, желілерге арзандатылған кредиттерді 50 млрд теңгеге дейін ұлғайту керек», деді Б.Сұлтанов.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «АӨК дамыту, оның ішінде ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру – Үкіметтің стратегиялық міндеті. БҰҰ жанындағы Азық-түлік ұйымының болжамы бо­йынша, еліміздің әлемдік азық-түлік хаб­тарының біріне айналуға нақты мүмкіндігі бар», деді ол.

Премьер-Министр Nur Otan партия­сының сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, сүт, астық, майлы дақылдар, жемістер, көкөністер мен қант) өндіру және қайта өңдеу, субсидиялау жүйесін реформалау, ауылда кооперацияны ынталандыру, сондай-ақ ветеринарлық және фитосанитарлық қызметтер мен аграрлық ғылымды одан әрі дамыту бойынша 7 ірі экожүйені құру жөнінде міндеттер қойылғанын атап өтті. Аталған шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай АӨК-те еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру және өнім экспортын 2 есе ұлғайту жоспарланып отыр, оның 70%-ы қайта өңделуі тиіс.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1,3 есеге артады. Бұл ретте 2023 жылға қарай ішкі нарықты негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік та­уарлары бойынша отандық өніммен 100% толықтыру қамтамасыз етіледі. «Әкім­дер азық-түліктің негізгі түрлеріне бағаны тұрақтандыруға бақылауды күшей­тіп, өңірлерде тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауы, азық-түлікті форвардтық сатып алу тетіктерін неғұрлым кеңінен пайдалануға назар аударуы қажет. Мәселен, мұндай жұмыстар Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстарында жақсы жолға қойылған. Бұл өңірлерде баға­лардың ең төменгі өсуі байқалады. Біздің негізгі мақсатымыз – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жалпы, агроөнеркәсіптік кешеннің даму әлеуеті өте жоғары», деді А.Мамин.

Алға қойылған ауқымды міндеттерді іске асыру үшін кезең-кезеңімен жалпы сомасы 4 трлн теңгеден асатын 400-ге жуық инвестициялық жобаны (жыл сайын 70-80 жоба) іске асыру жоспарланып отыр. Бұл АӨК салаларындағы еңбек өнімділігін арттыруға және ауылда 500 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осы ретте Ауыл шаруашылығы министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп аг­рарлық ғылым мен білімді дамыту бағдарламасын әзірлеу, аграрлық ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру, сондай-ақ АӨК субъектілерін білім беру жүйесімен қамту бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.

 

Медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту

Үкімет отырысында медициналық-санитарлық алғашқы көмекті (МСАК) дамыту жөніндегі шаралар қарал­ды. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Ғали Есқалиев, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұ­хамбетов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жол­дауында Үкіметке медициналық алғашқы көмекті ұйымдастырудың тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды тапсырды. Халық­тың басым көпшілігіне, әсіресе ауылды жерлерде мобильділік пен қолже­тімділік аса қажет. Бұл міндеттер Nur Otan партиясының сайлауалды бағдар­ламасын орындау жөніндегі жол картасында белгіленген», деді А.Мамин бұл мәселе туралы.

Премьер-Министр Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыс­тарындағы амбулаторлық-емханалық нысандарды техникалық жабдықтау деңгейінің төмендігі мен ғимараттардың тозуын атап өтті. Үкімет басшысы жас ме­дицина қызметкерлерін ауылдарға жұ­мысқа белсенді тарту және әлеуметтік қол­дау қажеттігін атап өтті. Мысал ретінде Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Аты­рау облыстарындағы осындай жұ­мыс­тың оң тәжірибесін келтірді. «2025 жыл­дың соңына дейін 487 объектіні салу жос­­парланған. Сонымен қатар 600-ден ас­­там алғашқы медициналық көмек көр­се­ту объектілерін күрделі жөндеуден ө­т­кі­зу қажет. Қабылданып жатқан шара­лар, әсі­ре­се, ауылдық елді мекендерді ал­ғаш­қы ме­­ди­циналық көмекпен қамтуды едәу­ір ке­ңейтуге мүмкіндік береді», деді А.Ма­мин.

Үкімет басшысы өңірлердің әкім­деріне бір ай мерзімде Денсаулық сақтау министрлігіне жолдар мен елді мекендер бойынша бөлінген алғашқы денсаулық сақтау нысандарының инфра­құрылымын дамытудың жол карта­сын әзірлеп, жолдау­ды тапсырды. Әкім­діктерге Денсаулық сақтау министр­лігімен бірлесіп, өңірлерде жаңа учаскелер ашу, жеке секторды дамыту және тарту арқылы МСАК дәрігерлерінің жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету, сондай-ақ жас медицина қызметкерлерін, әсіресе ауылға жұмысқа келген жас мамандарды материалдық ынталандыру шараларын қабылдау тапсырылды.