• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Наурыз, 2021

Бір мың түп тал егілді

205 рет
көрсетілді

Алғыс айту күні Әулиеата өңірінде де өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті. Айтулы мереке қарсаңында тараздықтар қала орталығындағы «Арбат-1» аллеясында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойды. Гүл қою рәсіміне өңірдің зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенділері, ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің өкілдері мен жергілікті жастар қатысты. Аталған шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, көпшілікті құттықтады.

«Осыдан бес жыл бұрын Қазақ­стан­дағы түрлі этностардың өкілдерін бір шаңыраққа топтастырған сонау қиын кезеңдерді еске түсіретін та­маша мереке пайда болған еді. Ашар­шы­лық, соғыс және қуғын-сүргін жылдары біз бір үзім нанды бөлісіп жеп, бір-біріміздің ұлтымызға қарамай достаса білдік. Тәуелсіздік жылдарында да біз басты байлығымыз – бейбітшілігіміз бен ынтымағымызды одан әрі нығайта түстік. Ал, бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуының негізі болып табылатын тұрақтылығымыздың кепілі. Әрбір азамат ұлттар достығын нығайтуға өз үлесін қосуы тиіс. Осы орайда мен Алғыс айту күні коронавирус пандемиясының қиын сәттерінде халыққа көрсеткен көмек-қолдауы үшін барлық этномәдени бірлестіктер мен облыс жастарына алғысымды білдіргім келеді», деді әкім.

Сонымен қатар мерекелік шарада Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов пен Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры, Дүнген этномәдени бірлестігінің мү­ше­сі Динара Нұралиева сөз алып, еге­мен еліміздегі бейбітшілік пен та­ту­лық үшін алғыс білдірді.

Алғыс айту күніне арналған шарада этномәдени бірлестіктер өз тарапынан 10 шатыр тігіп, қолөнер және «Достық дастарқаны» ұлттық тағамдар көрмесін ұйымдастырды. Көпшілік бір-бірін мерекемен құт­тық­тап, дастарқаннан дәм татты. Ал іс-шарада «Қазақ» этномәдени бір­лес­тігінің мүшелері «Қазақ осы» әнін шырқаса, «Өзбек» этномәдени бірлестігінің мүшелері көпшілікке ұлттық әндерін тарту етті. Сондай-ақ бұл күні Тараз қаласының бірқатар көшелерінде тал егу акциясы бастау алып, 1000 түп тал егілді. Аталған бас­тама өңір аудандарында да жалғасты.