Соңғы он күннің ішіндегі коронавирус инфекциясының таралуына жүргізілген мониторинг нәтижесі өңірде эпидемиялық жағдайдың біршама тұрақталғанын көрсетіп отыр. Осыған орай, ақпан айының 27-сінен бастап кейбір шектеу шаралары алынып тасталды.
Мәселен, 23 ақпанға дейінгі жағдай бойынша бір тәулікте коронавирус инфекциясының лабораториялық расталған 63 дерегі тіркелген. Ал соңғы аптада, яғни 17-23 ақпанда індет жұқтырған 517 жағдай анықталыпты. Оның алдындағы аптада бұл көрсеткіш 525-ті құраған еді. Жалпы, пандемия басталғалы облыста 13 305 адамға жаман тұмау жұққаны белгілі болған.
«Сары аймаққа» өтпей тұрып, облыста 90-нан астам білім ошағы қашықтан білім беріп келсе, қазіргі таңда оқушыларға онлайн режімінде білім беріп жатқан мектептер саны – 34 қана. Оқушыларды қашықтан оқыту режіміне көшірудің нәтижесінде жаман тұмаудың таралуы біршама азайыпты.
– Соңғы тәулікте 7 оқушыдан COVID-19 вирусы анықталды. Олар Көкшетау қаласы мен Бурабай, Жақсы, Целиноград аудандарында тұратын, біреуі штаттық режімде, 6-уы онлайн режімде оқыған оқушылар. Пандемия басталғалы 761 оқушыда вирус лабораториялық тұрғыдан расталды, – деген бас санитарлық дәрігер Айнагүл Мусина қазір коронавирусқа қарсы екпенің екінші компоненті егіліп жатқанын тілге тиек етті. Сөз арасында бүгінге дейін облыста 1 298 адам екпе алғанын айта кетелік. Оның алтауы мұғалім, жетеуі мемлекеттік қызметші және 1 285-і медицина қызметкері.
Елімізде бірінші кезекте медицина қызметкерлері екпе алғаны белгілі. Наурыз айында ақ халаттылармен бірге, ұстаздар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ал сәуірде студенттер, мамырда екпенің жеткілікті мөлшерде болуына байланысты қалған контингент екпе алады деп жоспарланып отыр. 23 ақпанға дейінгі жағдай бойынша 250 адамға екпенің екінші компоненті салынған. Екпе алғандар арнайы медициналық бақылауда. Айнагүл Мусинаның айтуынша, екпенің бірінші және екінші компонентін алғаннан кейін асқынулар тіркелмеген.
Бұған дейін той-томалақ өткізгені үшін мейрамхана және той иелеріне ғана әкімшілік айыппұл салынып келсе, енді ойын-той орындарына барғаны үшін жеке тұлғалар да жауапкершілікке тартылатын болады. Жуырда Атбасар ауданында осылай топтасып жиын өткізген желілік маркетинг мүшелері мен қатысушылары жазаланған. Жыл басынан бері мониторингтік топтар түрлі меншік иелеріне жататын 6 951 нысанда карантин талаптарының сақталуына тексеріс жүргізіп, оның 199-ында заң бұзушылықтарды анықтаған.
Облысымыздың бас санитарлық дәрігерінің 27 ақпаннан бастап күшіне енетін жаңа қаулысына сәйкес, бірқатар мекемелердің қызметі жанданады. Қоғамдық тамақтану нысандары енді апта бойы жұмыс істейді. Ал фудкорттарға тек тапсырыс қабылдау арқылы ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ғимарат ішіндегі және сыртындағы азық-түліктік және азық-түліктік емес базарлар сенбі күндері де жұмысын жалғастырады. Сауда нысандары, яғни супермаркеттер мен гипермаркеттер бұрынғы режім бойынша жұмыс істей береді. Сауда үйлері, сауда-ойын орталықтары да бұрынғы режім бойынша жұмыс істеп, жексенбі күндері демалады. Балалар ойын алаңдарына, аттракциондарға қызмет көрсетуге рұқсат жоқ. Сонымен қатар жаңа қаулыға сәйкес, сән салондары, шаштараздар, фитнес, спорт орталықтары клиенттерді алдын ала жазылу бойынша қабылдай алады. Мәдениет нысандарына да сыйымдылығын 20 пайыздан және дайындық кезінде адам санын 30-дан асырмай қызмет етуге рұқсат берілді.
Ақмола облысы