• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Наурыз, 2021

Ашықтық алғышарты

379 рет
көрсетілді

Соңғы екі жылда сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы тұрған 400-ге жуық азамат жалпы сомасы 58,9 млн тең­гемен ын­та­ландырылған. Өткен жылы ақшалай ма­рапат­талған 122 адам ауыр қылмыс туралы хабарласа, 55-і ауырлығы орта­ша іс­тер бойынша мәлімет берген. Ал биыл жемқорлық деректері тура­­­лы мәлі­мет берген 213 адамға 33,9 млн теңге тө­лен­ген.

Бұл жөнінде агенттіктің әлеуметтік желі­ле­рінде тікелей эфирде өткен баспасөз мәсли­хаты барысында агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров мәлімдеді. Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған немесе бұл қоғамдық індетке қарсы тұруға өзге де жолмен көмек көрсеткен адамдарды көтермелеу жайында жан-жақты ақпарат берген агенттік өкілі: «Қазіргі жағдайда кез келген мемлекеттік орган қоғамның қолдауымен ғана табысқа жете алады», деп атап өтті.

Жемқорлықты ауыздықтау үшін халықтың белсенділігі қажет екенін жеткізген ол агент­тік­тің ашықтық қағидатын түрлі байланыс арналары арқылы, атап айтқанда, Antikor Live, Antikor News жобалары, Facebook, Instagram, Telegram желілерінің көмегімен жүзеге асырып келетінін де атап өтті. Еліміздің экономикалық да­муына тежеу болып, бәсекелестік қабілетті бәсең­дететін әлеуметтік дертпен күрес жүргізу – жал­пыхалықтық іс. Осыған орай агенттік қыз­мет­керлері бұл мәселеге бейжай қарамайтын азаматтарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығына қоғам дертінің кез келген көрінісі туралы хабар беруге шақырады.

«Call-орталық тегін ақпараттық-консуль­та­циялық қолдау көрсетуге қашанда дайын. Опе­раторлар агенттіктің қызметі туралы сұ­рақ­тарға жауап беріп қана қоймай, қызмет­кер­лерінің үстінен түскен арыз-шағым, ұсыныстар мен пікірлерді қабылдап, жұмысқа түсу тәртібін де түсіндіреді. Орталық жемқорлық фактілері, оның ішінде жа­сал­ған немесе дайындалып жатқан құқық бұзу­шы­лықтар жөнінде, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы телефон хабарламаларына тәулік бойы ден қояды», деді ор­та­лық­тың жұ­мысы туралы жан-жақты мәлімет берген тер­геуші.

Сыбайлас жемқорлық туралы қоңырау түскен кезде оператор абонентті дереу агенттіктің кезекші офицерімен қосады. Ал ол өз кезегінде бұл хабарламаны тіркеп, жедел ден қою шараларын қабылдайды. Осылайша, әрбір хабарлама уақтылы тексеріліп, жеткілікті негіздер болған жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталады. «Халық тікелей байланыс арқылы жемқорлық фактілері туралы жергілікті департаменттерге де хабарлай алады. Егер кінәлінің қылмысы расталып, оған қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енсе, осы жөнінде ақпарат берген, болмаса басқа да жолдармен жәрдемдескендерге біржолғы ақшалай сыйақы төленеді», деді бұл жөнінде агенттік қызметкері. Естеріңізде болса, өткен жылы ынталандыру ережелеріне біраз өзгерістер енгізілген болатын. Германия, Ұлыбритания, АҚШ секілді ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, сыйақы сомасы сараланған еді.

Енді пара немесе келтірілген залал сомасы 1 мың айлық есептік көрсеткіштен (яғни 2 млн 778 мың теңгеден) аспайтын сыбайлас жемқорлық туралы хабарлама үшін сыйақы қылмыстың ауырлығына қарай 30-дан 100 АЕК-ке дейін құрайды. Ал бұрын көтермелеудің ең жоғары мөлшері 100 есептік көрсеткіштен, яғни 277 мың 800 теңгеден аспайтын. Талдау жұмыстары халықтың көбінесе парақорлық, сосын ұрлық пен лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері бойынша хабарласатынын көрсетіп берген.

Ақшалай ынталандыру – сыбайлас жем­қор­лықпен күресті күшейтіп, оның алдын алу тиімді­лі­гін арттыруда тиімді тәсілдердің бірі. «Бұл қадам азаматтық ұстанымды қалыптастырып қана қой­май, жемқорлыққа жол бермеуде ел-жұрттың сана­сы­на оң әсер етеді», дейді агенттік өкілі.