Жер көлемі жағынан жаһанда тоғызыншы орынға табан тірейтін Қазақ еліндегі демографиялық ахуал – мемлекеттік маңызды мәселе. «Құс қанаты талып, тұлпар тұяғы тозатын» тоғызыншы территорияның төрі халыққа толмаса, қауіп-қатер де азая қоймайды. Өсім өрге басса, ел еңсесі көтеріліп, ұлттың қауіпсіздігі де нығая түседі.
Статистика агенттігінің деректерін сөйлетсек, Қазақстан халқының қазіргі саны 18 млн 877 мың адамды құрайды. Дегенмен нақты сан ағымдағы жылдың қазан айына жоспарланып отырған халық санағында анықталмақ. Сарапшылардың пікірінше, 2009 жылы өткен санақтың шикі тұстары жетерлік, ал ол кезде сараланған санға сүйенгеннің өзінде он екі жылда шамамен екі жарым миллионға ұлғаю демографияның оң динамикасын көрсетеді деп айту қиын.
– 2009 жылы өткен санақтың дүдәмал тұстары көп. Нақты көрсеткіштен гөрі, мөлшерлеп айту басым. Қазан айында өтуге тиіс санақта жан-жақты нақты мәліметке қол жеткіземіз деген үміт мол. Жалпы өсімнің екі түрі бар. Бірі – сандық өсім, екіншісі – сапалық өсім. Бізде бұл екеуі де орташа қарқынмен жылжып келеді. Халықтың жаппай қалаға көшуін сапалық өсімге жатқызуға болады. Халық саны шамамен бір жылда 265 мыңға өсіп отыр. Бұл дегеніңіз – төрт жылда 1 млн. Әсіресе қазақ халқының саны артқаны байқалады. Табиғи өсімді өрге сүйреу үшін ана мен балаға жасалатын қамқорлықты көбейту керек. Нарық заманында көп дүние материалдық жағдайға келіп тіреледі. Демографияға аса мән беріп отырған мемлекеттер мұны жіті түсінді. Аналарды ынталандыру мақсатында жәрдемақыны молайта бергеніміз абзал. Халық санын өсірудің өзегінде мемлекет қауіпсіздігі жатқанын ескеріп, бұған бүтін бір идеологияны жұмылдыру керек. Өйткені ел болашағы үшін, тәуелсіздікті тұғырлы ету үшін бұдан берік тұтқа жоқ, – дейді демограф Әзімбай Ғали.
Ел тұрғындарының санын өңір-өңірге жіктейтін болсақ, көш басында Алматы мен Түркістан облыстары тұр. Келесі сатыға Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстары жайғасқан. Еліміздегі үш мегаполис те бұл тұрғыдан бірталай облысты артта қалдырады.
Ендеше соңғы деректерге сүйене отырып, жоғарыдан төмен қарай санамалап көрелік. Алматы облысында – 2075,1 мың, Түркістан облысында – 2041,9 мың, Алматы қаласында – 1 972,1 мың, Шығыс Қазақстан облысында – 1 364,2 мың, Қарағанды облысында – 1 375,5 мың, Нұр-Сұлтан қаласында – 1 179,9 мың, Жамбыл облысында – 1138,1 мың, Шымкент қаласында – 1069,9 мың, Ақтөбе облысында – 892,5 мың, Қостанай облысында – 864 529 мың, Қызылорда облысында – 813,5 мың, Павлодар облысында – 751 034 мың, Ақмола облысында – 735 489 мың, Маңғыстау облысында – 717,5 мың, Батыс Қазақстан облысында – 660,8 мың, Атырау облысында – 655 957, Солтүстік Қазақстан облысында – 544,1 мың адам тұрады. Республика халқының 69-70%-ы қазақтар, 17%-ы орыстар, 3,4%-ы өзбектер, қалғанын ұйғыр, түрік, дүнген, неміс секілді т.б этнос өкілдері кең құралып отыр.
Оңтүстік өңірлердегі халық саны басым әрі орналасу тығыздығы жағынан да осы аймақтар алда тұр. Әлбетте, бұл бүгін ашылған жаңалық емес. Оңтүстік өңірлердегі халықты елдің солтүстігіне көшіру саясаты қолға алынғалы да талай жылдың жүзі болды. Солтүстіктегі кейбір аймақтарда қаңырап қалған ауылдар бар. Әсіресе шекаралық өңірлердегі халық саны қатты азайғаны байқалады. Бұл ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін фактор екенін айта кеткеніміз жөн. Жұмыс күші тапшы мұндай аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті отбасыларды көшіру мақсатында 2013 жылы қабылданған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы сәл де болса серпін берді. Азаматтарға тұрақты жұмыс беру, баспанамен қамту халық өсіміне оңтайлы әсер етері анық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы аймақтық квота бойынша 6 766 қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған болса, 2019 жылы солтүстікке 700 отбасы көшірілген. Ал 2022 жылға дейін барлығы 59 мың отбасын солтүстікке көшіру жоспарланып отыр. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан қоныс аударуға ниетті азаматтарды Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандыруға басымдық беріліп отыр. Өйткені жоғарыда аталған өңірлерде соңғы 10 жылда халық санының жыл сайынғы өсімі – 2 пайызды ғана құраған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында демография мәселесіне жеке тоқтала келіп: «Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе шекара маңындағы елді мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», деген болатын. Президент, тапсырмасы жүйелі түрде жүзеге асатын болса, ұлт өсімін қандастар есебінен қарқындатудың орайлы мүмкіндігі тумақ.
Демограф Әзімбай Ғалидың пікірінше, шетелдегі қазақтардың бүгінгі саны 3,5 миллионнан асып жығылады. Бір ғана Қытайдың өзінде әлі де 1 миллион 300 мың қандасымыз бар. Қытай Үкіметінің кейбір ережелеріне сәйкес қазір олардың елге көшіп келуі қиындай түскен. Ал Ресейде 740 мыңнан астам қандасымыз тіршілік кешіп жатыр. Алайда профессор ресейлік қазақтардың елге көшіп келу динамикасы тым төмен екенін алға тартты. Мұның нақты себебін айту қиын. Десе де мәселенің бір ұшы әлеуметтік жағдайға кеп тірелуі мүмкін. Ресейдегі секілді, басқа да Еуропаны мекендеген бауырларымыздың материалдық жағдайы жақсы. Бірер жыл бұрын Еуропа қазақтарына жүргізілген арнайы сауалнама нәтижесі олардың басым бөлігі тәуір тұрмысын тастап, жылы орнынан жылыстағысы келмейтіндігін көрсеткен. Әсірелеп айтқанда, бақ пен тақтан бас тартып, туған жердің бір уыс топырағын аңсап алып-ұшқан Бейбарыстың танымы оларды аса ойландыра қоймайды...
«Қазіргі уақытта атажұртына табан тіреп, бізге жаппай көшіп келіп жатқан Өзбекстан қазақтары. Түрікменстан мен Тәжікстанда қазақтардың аз ғана шоғыры қалды. Шамалап айтсақ 10-15 мың. Ширек ғасыр бұрын ондағы қандастарымыздың саны 60 мыңнан асатын. Яғни басым бөлігі Отанына оралды деп айта аламыз. Мәселен, бір ғана Моңғолиядан 100 мыңдай қазақ көшіп келді. Сол секілді бізден өзінің тарихи атамекеніне көшіп кетіп жатқан ұлт өкілдері де бар. Айталық Қазақстандағы орыстар соңғы 4-5 жылда 40 мыңға азайды. 1997 жылдары 370 мың орыс Ресейге қоныс аударды. Ал Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тіптен үдере көшті. Қазір біздің елдегі орыстар депопуляцияға ұшырап жатыр, Ресейде де дәл солай. Туу аз, өлім-жітім көп. Демография түйінін сырттағы қандастарды қайтару арқылы шешуге күш салуымыз керек», дейді Әзімбай Ғали.
Баспасөз беттерінде «елімізге келгендерден кеткендер көп» деген сарындағы пікірлер ауық-ауық айтылып жүр. Академик Ораз Баймұратов мұнымен келіспейді. Оның сөзінше, шетелге кетіп жатқандардың басым бөлігі – білім іздеген жастар. Олар өзге мемлекеттерге түбегейлі қоныс аударған жоқ. Білім алып, кәсіп игергеннен кейін елге оралуды көздейді. Көпшілігі – түрлі салада жұмыс істеп, аз-кем қаржылай қор жинап келуді мақсат тұтқандар. Десе де өзге елдерде ұзақ уақыт жұмыс істеуге кеткендердің ішінде амалын тауып сонда тұрақтап қалуға шешім қабылдағандар да аз емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша өткен жылдың өзінде 26 мыңнан астам адам Қазақстаннан шетелге кеткен. Олардың басым бөлігі – білімді жастар мен білікті мамандар. Қолымызға түскен тағы бір деректе 2015-2019 жылдар аралығында елімізден шамамен 200 мыңнан астам адам шетелдерге тұрақты тұру мақсатында қоныс аударғаны айтылған. Керісінше дәл осы 2015-2019 жылдар аралығында елімізге 112 мыңнан астам адам қоныс аударыпты.
Сауда және интеграция министрлігінің таяуда өткен алқа отырысында еліміздің сыртқы шекарасындағы инфрақұрылымды дамыту жайы айтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, экспорттық және транзиттік әлеуетті күшейтуге баса назар аудара отырып, жоғарыда біз айтып өткен Ресеймен шектесетін Батыс Қазақстан облысы және Солтүстік Қазақстан облысы аумағында сауда хабтарын құру бойынша жаңа бастамалар қолға алынатыны хабарланған болатын. Жаңа жұмыс орындары пайда болып, қолайлы жағдай жасалса, шекаралас аймақтағы тұрғындар онсыз да халқы тығыз орналасқан оңтүстікке ағылуын, шекара асып шетелге кетуін азайтар еді.
Тағдырдың қилы соқпағында есеңгіреп барып еңсе тіктеген егемен еліміздің ертеңі жарқын болу үшін ел саны еселеп өсуі керек. Босағамыз берік, шекарамыз шегендеулі десек те бұл мәселеге бейжай қарай алмасымыз анық. Бір сөзбен айтқанда, демография – ұлт қауіпсіздігінің қалқаны. Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын болса, халқының саны жағынан әлемде 64-орында. Ал тұрғындардың тығыз қоныстануы бойынша әр шаршы шақырымға орташа есеппен 6,7 адамнан келеді екен. Бұл сатыда бізден кейін 11 ел ғана барын ескерсек, халықтың орналасу тығыздығы тұрғысынан дүние жүзінде 184-орында тұрмыз. Әлбетте, бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Өйткені, бос жатқан жер көз арбайды. Оның үстіне ол жер қазба байлыққа толы жер болса ше? Қара аспанды төндіру емес бұл, біздікі ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға үн қосу ғана. Сондықтан шекара шебіндегі ауылдарды халыққа толтырып, олардың әлеуметтік, экономикалық әлеуетін жақсартуға баса назар аударғанда ғана күмән-күдік сейіліп, ел ертеңіне деген сенім нығая түседі.
2020 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында елімізде 421 мың сәби дүниеге келіпті. Бұл соңғы 33 жылда болмаған көрсеткіш екенін сүйіншілеп айта кеткен жөн. Бұған дейін 1987 жылы 417 мың сәбидің өмір есігін ашқаны тіркелген. Президентіміз бір сөзінде: «Көп балалы аналардың жағдайы – әлеуметтік саланың барометрі» деген еді. Адам капиталын дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты. Бұл бағыттағы бастамалар басты бағдарымыздан түспеуі тиіс. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады, ұлыс өрбиді, ұлт өседі, ұлттық қауіпсіздігіміз нығаяды. Сондықтан ұлтты өсіру – ұлы мұрат. Сол ұлы мұрат алаш жұртын ғасырларға жалғайды.
АЛМАТЫ
P.S. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп айтқаны бар кезінде. Бүгінгі күннің талап-тілегіне орай жазушының айтқанын «Ел боламын десең, демографияңды түзе» деу мәселенің өзектілігін көрсетіп, елдіктің бағыт-бағдарын айқындауға септігін тигізер ма еді деген ойымыз бар.