СҚО Шал ақын ауданында арсыз алаяқтық әшкереленді. 29 жастағы алаяқ өткен жылдың желтоқсан айында аудан орталығы Сергеевканың бір тұрғынынан әпкесінің жерлеуіне қатысуға барайын десе ақшасы болмай тұрғанын айтып, мүләйімсіп 50 мың теңге қарыз алып, тайып тұрады. Артынан белгілі болғанындай оның ешқандай әпкесі жоқ екен.
Қаңтар айында қара жұмысшы болып бір кәсіпкерге жұмысқа орналасады. Екі апта жұмыс істегеннен кейін басшысына анасын «жерлеуге» материалдық көмек сұрап жүгінеді. Әйелдің аман-есен екендігінен ешқандай хабары болмаған кәсіпкер оның өтінішін жерге тастамай, 62 мың теңге береді. Бұдан кейін күдікті жұмысқа шықпаған.
Аталған фактілер Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша енгізілді.