Жыр Құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтың әдеби музейі биыл отыз жетінші көктемін қарсы алып отыр. Жетісудың кіндік қаласы –Талдықорғандағы мұражай 1984 жылы ашылған болатын. Ғибратқа толы ғимарат осы мерзім аралығында қаламгер шығармашылығының шырақшысына айналып қана қоймай, өңірдегі руханияттың да қара шаңырағына айналды.
Бүгінде алты бөлмеден тұратын музейде Iлияс Жансүгіровтің құжаттары, баспа ісіне пайдаланған жазу машинкасы, өзі сатып алған кілемі, киген плащы, ұстаған таяғы, дәм татқан ыдыстары, қолжазбалар қоры, әр жылдары шыққан кiтаптары және ақын шығармашылығын зерттеушiлердiң еңбектерi жинақталған екен. Мұнда ұзын-саны алты мыңнан астам құнды жәдігерлер сақтаулы тұрған көрінеді. Музейдегі тағы бір киелі дүние – Молықбайдың қобызы. Жұрт аузында қобызшы Молықбай Ілияс дүниеге келген кезде болашақ ақынның құлағына азан шақырып, «Қызырілияс» деп есімін қойғаны жайында әңгіме бар.
- Қазір Ілияс Жансүгіров шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне қатысты сирек материалдарды, құнды жәдігерлерді көруге деген қызығушылық артуда. Жылына 10 мыңға жуық көрермен музейді аралауға келіп, біздің жұмысымызбен танысады. Олардың арасында оқу бағдарламасы бойынша саяхаттауға келген мектеп оқушылары мен дипломдық, курстық жұмыстарға дайындалушы студент жастар көп. Жалпы, бір рет өз қажетін іздеп келген жастар екінші жолы міндетті түрде Ілияс шығармашылығымен жете танысуға келетінін байқап отырамыз. Оның үстіне қаламгердің өнегелі өмірі мен шығармашылығын халыққа насихаттау мақсатында музей қызметкерлері қаламыздың тұрғындарын, мемлекеттік мекемелер қызметкерлерін музей экспозициясымен танысып, мәдени бағдарламаларға қатысуға және рухани байып қайтуға арнайы шақырып, экскурсиялар жүргізіп отырады.Жыл сайын ақынның туған күнін, репрессия құрбаны болған азалы күндеріне арналған ақынды еске алу жиындарын өткiзу дәстүрге айналған, - дейді Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева.
Соңғы жылдары музей қоры құнды жәдігерлермен толыға түсіпті. Мысалға, 2016 жылы Ақсу ауданы, Еңбек ауылының тұрғыны айтыскер ақын Бекболат Атамбаев музейге Ілияс Жансүгіровтің жейдесін тапсырған болатын. Одан кейін, 2017 жылы Алматы облыстық полиция департаментінің ақпараттық-талдау орталығы ақынның 1936 жылы Алматы қаласында берілген паспортын және тұтқындалған кездегі фотосуретінің түпнұсқасын әкеліп, өткізіпті. Ал 2018 жылы Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорынан табылған «Қуат» поэмасы мен «Бақытты Жамал» әңгімесінің түпнұсқасы Талдықорғанға жол тартып, оны музей қызметкерлері латын қарпінен кириллицаға қотарған екен. Ілиястың бұл туындысы біраз жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген-ді.
- Әрине, биыл ел басына түскен сын сағат музей қызметкерлерін қашықтан қызмет көрсетуге мәжбүрледі. Карантин режиміне байланысты І.Жансүгіровтің әдеби музейі бірнеше ай бойы онлайн форматта жұмыс жасады. Жоспарға сай жобалар мен жоспардан тыс жасалған жұмыстарымызды көрермендер онлайн тәртіпте тамашалау үшін музейдің инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілеріне жіберіліп отырды. Айта өтетін болсақ, осы уақытқа дейін жүргізілген жұмыс тәртібінде Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығын насихаттауда онлайн экскурсия жүргізіліп, музей залындағы экспонаттар жайында толықтай мәліметтер беріліп, кітап көрмелері ұйымдастырылды. Бұған дейін біздің музейге келушілер арасында шетелдік қонақтар ұшырасатын еді. Еліміздің әр өңірінен келген меймандар жәдігерлерді өз көзімен көріп, өткен өмірдің бір белесін сезінгендей болып, ризашылығын білдіріп те жататын. Біз бұл ілтипатты музей қызметкерлерінің еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдаймыз, - дейді тағы Нұргүл Қызырбекқызы.
Айтпақшы, Ілияс шығармашылығы қазақ шекарасын көктей өтіп, әлемнің әдеби кеңістігін қарай қанат қақты деуге толық қақылымыз. Бұған дәлел ретінде 2016 жылы неміс жазушысы Герт Хайденрайх аударған атақты «Құлагер» поэмасы мен 2019 жылы Ұлттық аударма бюросы мен Ілияс Жансүгіров қорының мұрындық болуымен Белинда Куктің тәржімасымен ақын өлеңдерінің ағылшын тілінде басылып, шыққанын айтсақ болар.
Жалпы, биыл отыз жетінші көктемін қарсы алып отырған Жетісудағы қара шаңырақ ұжымы ақынға қатысты құнды мұраларды қорға жинастырып қана қоймай, Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында көптеген шаралар өткізіп отырған ізденімпаз орта. Ілияс Жансүгіров шығармашлығын насихаттауда жүйелі жұмыстарымен елдің ықыласына бөленген мұражай бұған дейін Алматы облысындағы «Үздік музей» атанған. Сондай-ақ, бірер жыл бұрын ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған 20 томдық жинақтың он тоғызыншы томы осы қара шаңыраққа арналып, «Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі» анықтамалығы ретінде жарық көрген болатын.