Дзюдодан Өзбекстанның астанасы – Ташкентте өтіп жатқан Grand Slam турнирінің екінші күні Жансай Смағұлов өз жанкүйерлерін қуантып, күміс медальді иеленді.
73 кило салмақ дәрежесінде күрескен Жансай Смағұлов бастапқы бәсекелерде ол ұлыбританиялық Эрик Хэм, швейцариялық Нилс Стамп және Мұратжан Юлдашевті ұтып, жартылай финалда армениялық Фердинанд Карапетянды қапы қалдырды. Финалда қандасымыз Ценд-Очирин Цогтбаатармен күш сынасты. Бұл бәсекеде Моңғолияның балуаны басым түсті. Сөйтіп, Жансай күміс медальді олжалады.
Өкінішке қарай, Аңсарбек Ғайнуллин (73 кило), Дидар Хамза (81 кило), Руслан Мұсаев (81 кило) және Иоланта Бердібекова (63 кило) сынды дзюдошыларымыз екінші және үшінші айналымдардан аса алмады.