• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Наурыз, 2021

Аида Балаева: Қазақ тарихында ерлермен қатар ел басқарған әйелдер аз болған жоқ

1027 рет
көрсетілді

«Балаеваға 3 сұрақ» бағдарламасының кезекті шығарылымында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі еліміздегі әйелдер қауымына қатысты мәселерге тоқталып, мемлекеттік қызметтегі әйелдер рөлі жайлы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz

2020 жылы елімізде бала туу бойынша рекордтық көрсеткіштің тіркелгенін былтырғы карантиндік шаралармен байланыстырған дұрыс емес. Ол 2019 жылдың жемісті болғандығының белгісі. Ал карантиннің әсері Қазақстандағы демографиялық жағдайға қаншалықты әсер еткенін биылғы көрсеткішке қарап білуге болады. Жалпы, елімізде көпбалалы әйелдердің қоғамдағы белсенділігі қуантады. Көбі өздерінің жеке кәсіптерін ашып, шаруаларын дөңгелетіп жатыр. Жалпы, Қазақстанда жұмыс істеймін деген адамға барлық жағдай жасалған», дейді Аида Ғалымқызы.

Ақпарат министрі саясаттағы әйелдер немесе бизнестегі әйелдер деп бөлуге болмайтынын баса айтты.

«Меніңше, мұның бәрі әр адамның жеке қабілетіне байланысты. Жалпы, әйелдердің барлығы еңбекқор, адал, жауапкершілігі мол, бәсекеге қабілетті бола алады», дейді А.Балаева.

Осы орайда министр еліміздің Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап Тұңғыш Президентіміз гендерлік саясатқа көп көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.

«Сондықтан, соңғы кездері елімізде саясаттағы әйелдердің саны артып келе жатқандығы қуантады. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласында да нәзік жандыларымыз көбейіп жатыр. Егер әйел адам өз әлеуетін жүзеге асырғысы келсе және оған отбасының қолдауы қосылса, онда ол мақсатына жетеді. Дегенмен, әр әйел өзінің түпкі миссиясын дұрыс түсініп, дені сау ұлт тәрбиелеу, бала бағудағы міндетін дұрыс ұғынуы керек. Біздің әйелдерге Шығыс менталитеті тән. Саясаттағы болса да, бизнестегі болса да, кез келген әйел үйге кіргенде барлық мәселесін ұмытып, ардақты ана, аяулы жар, ошақ қасына айналады», дейді ведомство басшысы.

Ведомство басшысының айтуынша, қазақ тарихында ел басқарған, ерлермен қатар аттан түспеген әйелдер аз емес.

«Қазақ ешқашан әйелді кемсітпеген. Кейбір басқа ұлттарда әйелдер ерлермен бір дастарханда отырмайды, ерлерге бет-жүздерін көрсетпейді. Бізде мұндай ешқашан болмаған. Әйел әрқашан отағасының қасында отырған, бетін тұмшаламаған. Отбасын басқаруды да, елді басқаруды да әрдайым ер азаматпен қатар жүргізген. Әйел адам отбасында байланып отыруы тиіс деген нәрсе бізде болған емес», дейді министр.

Статистика бойынша Қазақстанда 22 000 үкіметтік емес ұйымдар бар дейтін болсақ, оның 80 пайызын әйелдер басқарады. Саясаттағы әйелдердің де саны артып келеді. 2019 жылдың көрсеткіші бойынша мемлекеттегі әйелдердің үлесі – 55,4%. Соның ішінде орта басшылықтағы әйелдердің үлесі 40 пайызға жуықтайды. Бұл дегеніміз, ертең үлкен саясатта да әйелдердің үлесі көбейеді деген сөз. Өйткені, мұның барлығы үлкен қызметтерге дайын тұрған кадрлар.

«Әйел заты кез келген нәрсеге мұқият қарайды. Мәселен, мемлекет тарапынан болып жатқан қолдауларды да дұрыс пайдаланып, әрдайым игілігіне жаратып жатады. Сондықтан Қазақстанда әйелдер арасындағы кәсіпкерлік жақсы дамыған. Еліміздің ауылдарындағы шаруашылық қожалықтарының 50 пайызын әйелдер басқарады. Олардың табандылығы, мақсатына жету жолындағы еңбекқорлығы әрдайым нәтижесін беріп келеді. Олар ешқашан мүмкіндікті мүлт жібермейді. Ауыл шаруашылығы қожалығы кәсіпкерлігінің маңызы өте зор. Өйткені, бұл өскелең ұрпақты еңбекке баулу тұрғысында үлкен рөл атқарады», дейді Ақпарат министрі Аида Балаева.

Аида Балаеваның айтуынша, бала тәрбиесі, ең бастысы, анаға байланысты.

«Ұлт тәриесі, адамның ішкі руханиятын қалыптастыруда, тілімізді сақтап қалуда, дәстүрімізді жалғастыруда әйел затының маңызы зор. Әйел адамының қай жерде қызмет еткені маңызды емес. Ең бастысы, әйел өзінің осы бір маңызды миссиясын ұмытпауы керек. Әже тәрбиесін, апа мейірімін көрген бала әрқашан ерекше болады. Менің балаларымның өнегелі болып өсуінде анамның үлесі зор. Мемлекеттік қызмет – әскер сияқты. Мұнда қатал тәртіп, зор жауапкершілік және еңбекқорлық керек», деп түйіндеді ведомство басшысы.