Соңғы дерекке сүйенсек, әлемнің 100-ден астам елінде коронавирусқа қарсы 300 миллионнан астам доза вакцина салынған. Алайда әр елде вакцина салдырудың қарқыны әртүрлі. Кейбір елде халқының көпшілігіне салдырып жатса, енді біреулері сырттан келетін вакцинаның алғашқы легін күтіп отыр.
Бұл – адамзат тарихындағы тұңғыш ірі науқанға ұласқан вакциналау деуге болады. Дүние жүзі бойынша вакцина көшіндегі ең көп екпе жасатқан елдер тізімін АҚШ пен Қытай бастап тұр. Мәселен, АҚШ-та 90 млн доза вакцина егілсе, Қытайда 52 млн тұрғын екпе алған. 23 млн вакцина дозасын салып үлгерген Ұлыбритания үшінші орында тұр. Америка мен Еуропа елдерінің басым көпшілігі вакциналау науқанын бастап кеткені белгілі. Алайда Африка елдерінің бірнешеуі ғана бұл үрдіске қосыла алған. Әлемдегі табысы төмен елдердің көбі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Covax халықаралық бағдарламасына үміт артып отыр. Ол бойынша дамыған елдермен қатар, әлемнің барлық елі вакцинаға қол жеткізуі тиіс. Гана 24 ақпанда осы бағдарлама бойынша вакцина алған тұңғыш ел болды.
Covax жыл соңына дейін бүкіл әлем бойынша шамамен екі миллиард доза вакцина жеткізуді жоспарлап отыр. Алайда көптеген вакцина бір адамға екі дозаны қажет ететінін ескерген жөн. Pfizer және BioNTech шығарған вакцина алғашқы мақұлданғандардың бірі болғаны белгілі. Кейіннен ДДСҰ өзге де вакцинаның өндірісіне рұқсат берді.
Көп елдер вакцина салуды 60 жастан асқан егде жастағы тұрғындардан бастады. Одан бөлек, індетпен күресте алғы шепте жүретін медицина саласының қызметкерлері мен осал топтағы азаматтарға салынды. Израиль және Ұлыбритания секілді елдерде вакциналау басталғалы ауруханаға түскен науқастардың саны азайып, өлім-жітімнің төмендеуі байқалған. Қазір әлемде 200-ден астам вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі тексеріліп, қажетті сынақтар жүргізіліп жатыр.
Әйелдер күнінде көшеге шықты
Халықаралық әйелдер күнін атап өтудің жолы көп. Бұл күн әлемнің көптеген елдерде ұлттық мерекелер қатарына жатады. Әдетте мерекеге орай үш-төрт күн ішінде гүл сатылымы екі есе артады.
Қытайда көптеген әйел 8 наурызда жарты күндік еңбек демалысын алады. Дегенмен кейбір жұмыс берушілер бұл ережеге бағынбайтын көрінеді. Италияда бұл күні мимоза гүлін сыйлау дәстүрге айналған. Ал АҚШ-та наурыз – Әйелдер тарихының айы. Жыл сайын Президент өз мәлімдемесінде америкалық әйелдердің жетістіктерін атап өтеді. Биылғы іс-шаралар пандемия салдарынан сәл өзгерек болды. Дегенмен дәстүрлі өтетін әйелдер маршы да ұмытылмады.
БҰҰ 2021 жылды көшбасшы әйелдер тақырыбына арнаған еді. Әлемнің түкпір-түкпірінде өткен марштар қауіпсіздік туралы ескертулерге қарамастан өткен. Олардың ішінде қақтығысқа ұласқандары да болды. Мәселен, Мексикада өткен іс-шара кезінде кемінде 80 адам зардап шеккен. Наразы әйелдер тобы ел билігі мен әйелдерге жасалған зорлық-зомбылық әрекеттерді қатаң сынға алып, көшеге шыққан. Қатысушылар отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын да еске алып, елдегі жағдайды жақсартуды талап еткен.
Украина астанасында өткен науқанда елде күрт өскен тұрмыстық әлімжеттікке көңілі толмаған әйелдер көшеге шығып, өз талаптарын қойған. Киев көшелеріне гүл ұстаған мыңдаған адам ұлттық киім киіп шыққан. Осы секілді марштар әлемнің тағы бірқатар елінде өтіп, әйелдердің қоғамда тап болған мәселелерін ашық көрсетуге тырысқан.