Сәби дүниеге келгеннен кейін анасын ембей тұрып, ортодонттың кеңесімен жедел операция жасау ұсынылған, деп хабарлайды Еgemen.kz
Бұл нәресте 3 наурыз күні дүние есігін ашқан болатын. Ол анасының құрсағында жатқан кезде-ақ, бет-жақ бөлігінде кінәрат бар екені белгілі болған. Арнайы мамандар қарап, қатты таңдайдың бір жақты саңылауы диагнозын қойған екен.
Сәби дүниеге келгеннен кейін анасын ембей тұрып, ортодонттың кеңесімен жедел операция жасау ұсынылған. Жаңа туған шақалақ бірден Алматы қаласы Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына неонатальды хирургияның жансақтау бөлімшесіне ауыстырылды. Тексерістен өткеннен кейін, бірден отаға дайындық жүргізілді.
Операцияны медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Балташұлы Нұғманов жасады. Мұндай күрделі ота – баланың емуіне кедергі жасап, ауыз қуысын жауып тұрған ісікті алып тастау үшін қажет еді.
Операция кезінде ісік жоғарғы жақтың альвеолярлы өсіндісінен шыққаны белгілі болды. Ота сәтті өтті. Бүгінгі күні баланың жағдайы қанағаттанарлық. Айта кетерлік жағдай, 2019 жылдан бері Орталықта «бет-жақ хирургиясы» профилі жұмыс жасайды. Жыл сайын орталықтың бет-жақ хирургия мамандары көмектесетін жоғарғы мамандандырылған көмек түрлері артып келеді. Орталық хирургтарының жас пациенттердің денсаулығын сақтауға қосқан үлесі өте зор. Хирургтар бірегей операцияларды сәтті жасайды. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін Орталық әкімшілігі осы бағытта мамандандырылған әлемнің жетекші клиникаларымен ынтымақтастық орнатқан. Мамандар жыл сайын шетелдік оқуға барып тәжірибе алмасады,сонымен қатар елімізде бет-жақ хирургиясының негізгі мектебін құруда үлкен жұмыстар атқарып отыр.