• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Наурыз, 2021

Қызылордада өрттен зардап шеккен отбасыға көмек көрсетілді

292 рет
көрсетілді

Өткен тәулікте қала іргесіндегі Сабалақ саяжайындағы уақытша  тұрғын үйлердің  бірінен өрт шығып, бүтіндей бір отбасы баспанасыз қалды, деп хабарлайды Еgemen.kz

Әйтеуір адам аман. Оқыс оқиғаға жедел назар аударған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен шаһар басшысының орынбасары Бектас Нұридинов өрттен зардап шеккендерге барды.

Құтқару қызметіне Сабалақ саяжайы Победа көшесі нөмірсіз мекен-жайда өрт орын алғаны туралы хабарлама 9 наурыз күні сағат 22:20 шамасында келіп түскен екен. Аталған оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндіру бөлімінен 3 техника, 8 қызметкер жұмылдырылып, 23:35 шамасында жалын толық сөндірілген. Болжам бойынша өрт пештегі ақаудан пайда болуы мүмкін. Қазір сараптама тағайындалып, өрттің шығу себебі анықталуда.

Үйді Сағыныш Дәулетова екі қызымен және мүмкіндігі шектеулі өгей әкесімен бірге  паналап келіпті. Жергілікті билік өкілдері мән-жайды көзбен көріп, қажетті шаралар тізбегін жасақтады.

Отбасы жалдамалы пәтерге орналастырылады. Пәтердің жалдау құны Тасбөгет кенті әкімдігі арқылы өтелетін болады. Алдағы уақытта оларды  уақытша баспанаға орналастырып, үй кезегіне тіркеу жұмыстары жасалады. Оқыста қиын жағдайға тап болғандарды азық-түлік, қажетті киім-кешекпен қамтамасыз ету де демеушілік есебінен шешімін тапқан.

 «Сағыныш Дәулетованың анасының атына тіркелген үйге қатысты құқық меншігін анықтап, құжаттарын қайта рәсімдеуге жібереміз» деген қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова отбасыға бір реттік мемлекеттік жәрдемақы тағайындалатындығын да атап өтті.