Қазіргі кезде Жамбыл облысының дәрігерлері онкологиялық аурумен ауыратын үшінші сатыдағы науқастарға алғаш рет ота жасай бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық көпбейінді ауруханасының онкологиялық бөліміне өңештің қатерлі ісігі асқынған 52 жастағы Шу ауданының тұрғыны келіп түскен. Дәрігерлердің мәліметінше, бойы мен салмағы қалыпты нормаға сәйкес келмейтін науқастың жағдайы алғашында өте нашар болған. Алайда, тұрғынның өмірін сақтап қалу үшін шұғыл түрде шешім қабылданып, аталған науқасқа тәжірибелі дәрігер Жандос Сейдахметовтың басшылығымен ота жасалды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ота барысында өңешке тотальды резекциясымен қоректік түтікше орнатылып, өңеш бойындағы өскіндер алынып тасталыпты. Сондай-ақ, асқазанды жұмылдыру ем-шаралары жүргізілген. Алғашқы отадан кейін-ақ науқастың жағдайы жақсарып, арнайы түтікше арқылы тамақтана бастаған. «Науқасқа бірнеше мәрте операция жасау қажет. Келесі жолы біз тоқ ішектің кесіндісінен өңеш арқылы қоректік заттардың өткізгіштігін қалпына келтірмекпіз. Яғни, табиғи жолмен тамақтануын жолға қоямыз», дейді облыстық көпбейінді ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Жандос Сейдахметов.
Бүгінде науқастың жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды. Ота сәтті өткендіктен, оған енді химиялық терапия қабылдау қажет емес. Айта кетейік, Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы онкологиялық құрылымының дәрігерлерімен алғаш рет үшінші сатыдағы онконауқастарға жасалған екі ота да сәтті өткен.