• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Наурыз, 2021

Сан қырлы тұлға

534 рет
көрсетілді

2005 жылдан бері «Тамаша адамдар ғұмыры: өмір жалғасуда...» сериясымен әлемнің атақты тұлғалары жайлы еңбектер жариялап келе жатқан, бұған дейін оқырмандарын қазақстандықтар арасынан Тұңғыш Президентіміз –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев (2015) пен қазақтың айтулы ақыны Олжас Сүлейменовтің (2020) саяси өмірбаянымен таныстырған Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының бұл жолғы таңдауы тағы да біздің отандасымызға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясат ғылымдарының докторы, дипломат Тайыр Мансұровқа түсіпті. Жыл басталмай жатып қолымызға тиген жаңа кітаптың авторы – бұған дейін оқырмандарға осы сериямен «Столыпин», «Сталин», «Си Цзиньпин. Тағдыр және әлем», «Громыко» деп аталатын еңбектерін ұсынған белгілі жазушы-тарихшы, Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары, Әскери ғылымдар академиясының құрметті академигі Святослав Рыбас.

Автор кітаптың алғысөзінде баспа тарапынан ұсыныс түскеннен кейін, жазу үстеліне  отырмас бұрын, көп ой­лан­ғанын, тек болашақ кейіпкерімен кез­десіп, танысқан соң ғана оның осындай бірегей еңбекке лайық тұлға, өмір жолы­ның  жарқын да тағылымды екеніне көз жеткізіп, іске құлшына кіріскенін жазады.

Тайыр Аймұхаметұлы шынында да еңбегімен ел құрметіне бөленген  айтулы азаматтардың бірі. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Алматының құрылыс ұйымдарында еңбек жолын бастаған ол қызмет сатыларымен тез өсті: комсомол мектебінен өткеннен кейін аудандық партия комитетінің бірін­ші хатшысы, Қарағанды облыстық пар­тия комитетінің екінші хатшысы, КОКП орталық комитетінің құрылыс бөлімінің нұсқаушысы, әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болды. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сай­ланды, сегіз жыл Қазақстанның Ре­сей­дегі елшісі, төрт жыл Солтүстік Қа­зақстан облысының әкімі, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы қызметтерін атқарды. Бір сөзбен түйіндесек, оның жасампаз істермен өрілген өмір жолы ғибратты. Демек, әйгілі серия авторы таңдауының Тайыр Аймұхаметұлына түсуі әбден орынды. Десек те автор өз еңбегін кейіпкерінің от­басынан, нақтырақ айтсақ, Ұлы Отан соғысынан аман оралып, туған елінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан әкесі Аймұхамет Көпежанұлынан бастапты. Біз сөз етіп отырған еңбекте перзентінің  әке тағдырымен сабақтас ғұмыр жолы айшықты бейнеленген. Жиырма үш тараудың әр жолының астарында айтулы тұлғаның ел игілігіне бағытталған ерен еңбегіне қатысты толымды ой, оралымды сөз жатқанын айту бір ғанибет. Айталық, «Елдің ерекше аймағында» деп аталатын он жетінші тарауға Тайыр Аймұхаметұлының Солтүстік Қазақстан облысын басқарған (2003-2007) жылдары атқарған істері арқау болған.

Тайыр Мансұровтың естелігінен: «Тағайындау алдында Президент Нұр­сұлтан Назарбаев қабылдады. «Бұл – біздің аса маңызды өңірлеріміздің бірі. Алайда онда біраз проблема қордаланып жатыр. Соңғы екі әкім облыстың уақыт талабына сай дамуын қамтамасыз ете алмады. Халықтың рухын көтеру керек. Олар елдегі жағдайдың жақсылыққа қарай өзгере бастағанын сезінуге тиіс. Солтүстік Қазақстан облысы Ресейдің үш өңірімен шекаралас. Былайша айтқанда, еліміздің «Солтүстік қақпасы». Оны да ескер». «Жақсы. Бірақ мен ауыл шаруашылығы мәселелерімен бұрын-соңды айналысып көрген жоқпын ғой». «Сені жақсы білемін, ек-үш айдың ішінде  жағдайға қанығып, бұл саланы да үйіріп әкететініңе сенемін».

Тарихы 1936 жылдан басталатын, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі,  ажарын ақ қайыңдары мен айдын көлдері ашып тұрған, асты да, үсті де тұнған байлық  Солтүстік Қазақстан облысының тізгінін осы уақытқа дейін 23 басшы ұстапты. Өңір шежіресін зерттеумен айналысып жүрген өлкетанушылар мен тарихшыларға болмаса, олардың көбінің есімдері былайғы жұртқа беймәлім. Бұл арада теріскейдегі облысты басқарғандардың бәрінің сайда саны, құмда ізі қалмады  дегелі отырған жоқпын. Десек те,  аймақты 2003-2007 жылдар  аралығында басқарған Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров сияқты артына халық айта жүрерліктей айшықты  із қалдырғандары көп емес. Ол алғашқы күннен өзіне  көрсетілген сенімді ақтауға жанын сала кірісіп, төрт жылдың ішінде қордаланып қалған талай мәселенің түйі­нін тарқатты. Қазір олардың бәрін тізбелеу мақсат емес. 2004 жылдың 7 қаңтарында өткен облыс активінің жиналысында көтерілген  бір мәселе есте қалыпты. Облыстың жаңа басшысы  күтпеген жерден: «Мемлекеттік мәртебеге ие болған казақ тілін дамытудың жайы мәз емес, жағдай неге бұлай қалыптасып отыр?» деп залдағыларға сауал тастады. Алдыңғы қатарда отырған орынбасарларында да, басқаларда да үн жоқ. «Оның басты себебі – мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдердің сапалық құрамы нашар», – деп сөзін жалғастырған әкім бұл іске облыстық білім департаменті де, басқа да тиісті ұйымдар оң ықпал ете алмай отырғанын ашық айтты.

Күнде кездесу, күнде жаңа бір ой, тың ұсыныс... Кешікпей нәтижелердің де төбесі көріне бастады. Сөйтіп, облыс орталығының көшелері, қоғамдық-көп­шілік орындар кеш түсіп, таң атқанша сама­ладай жарқырап тұратын болды. Әсі­ре­се, шет аймақ, сырт көшелерде тұра­тын­дар көшелерге жарық тартқызып, түйін­ді іс­ті тез шешіп берген облыс әкімі­не дән ри­за.

Біраздан бері тыныштық құшағында мүлгіп тұрған Петропавл әуежайына да жан бітті. «Петропавл – Алматы», «Петропавл – Астана» әуе қатынасы қалпына кел­тірілді. Облыстық онкологиялық дис­пан­сердің жаңа ғимараты ашылды. Нәти­жесінде химия-терапевтік бөлімше 20 орынға кеңейтіліп,  емхана бір ауысымда 200 адамға дейін қабылдайтын болды. Бұл проблема облыс әкімдігінің сұрауы бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен бірге қаралды. Қазақстан Республикасының онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының, Астана қаласындағы Қазақ медициналық академиясының және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкерлерін тарта отырып, сыртқы ортаның канцерогендік факторлары бар жоғары онкологиялық себеп-салдарлы байланыстарын зерттеп білу үшін үш жылға мақсатты қаржы бөлінді. Сонымен бірге облыстық онкодиспансерді осы заманғы құрал-жабдықтармен және диагностикалық техникамен, қажетті хи­мия­лық және басқа дәрі-дәрмектермен қам­­тамасыз ету шаралары жүзеге асырылды.

Өмір өзегінің шырмауын шешу қандай қиын дерсің. Соның нақты бір мысалын айтар болсақ, ауызға ең алдымен Петропавл қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы түспек. 1996-1997 жылдары сол кездегі өңір басшылығының пәрменімен аумағы екі мың шаршы метр мұражайдың тең жартысы алыпсатарларға жалға бе­ріл­ген. Соның салдарынан қала мен облыс тұрғындары өлке мен еліміздің тарихына  байланысты өздерінің рухани қажеттерін қанағаттандыру мүмкіндігінен айырылған еді. Осындай сорақылықтар, оғаш оқиғалар Тайыр Аймұхаметұлының назарына ілікті де, ол кесімді шешім қабылдады,  екі айдың ішінде әлгі қырыққа жуық сауда фирмаларын өзге жерлерге көшіртті. Бұл жерде Тайыр Мансұровтың: «Мұражай дегеніміз – осы өлкенің өткен тарихы, салт-дәстүрі, онымен, әсіресе, жас ұрпақ танысуы керек», деген сөздері көпшіліктің көкейіне қона кетті.

Үкімет әкімнің өтінішін қанағат­тан­­дырып, мұражайды жаңғыртуға 104 млн теңге бөлді. Осыдан кейін мұра­жай ғи­ма­ратына күрделі жөндеу жасалып, көркемдеу-мәнерлеу арқылы қайта жаң­ғырту жұмыстары жүргізілді. Жаңа экспозициялар қатары көбейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға кел­ген сапарында осы мұражай үйінің қабыр­ғасына орнатылған Шоқан Уәли­ханов пен Федор Достоевскийдің ба­рельефін ашып, гүл шоқтарын қойды.

Президент Петропавлға келесі келгенде мүлде жаңарған, жасарған мұражайды аралап, тындырылған істерге ризашылығын білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлы осы сапарында облыстық мұражаймен бір күнде іске қосылған Қызылжар орталық мешіті мен православие шіркеуіне де соқты.

Облыс басшысы ретіндегі беташар жа­ңалығы – қазақ тілі мен әдебиеті пә­ні мұғалімдерінің еңбекақысын үсте­мелеуден басталуы оралымды да орынды. Сол тұста белгілі болғанындай, об­лыс­тағы қазақ тілі мен әдебиетінің 1397 мұғалімінің тек 891-нің ғана тиісті маман­дығы бар болып шықты. Басқалары – бері қойғанда, басқа пәндердің, онда да тіл-әдебиетке маңайлап та жатпайтын пәндердің мұғалімдері. Ал көпшілігі – кездейсоқ адамдар, маман емес, керек десең – кешегі оныншы сынып окушылары. Араларында ана тілінде жаза да, сөйлей де білмейтін қазақтар көп. Мәселенің анық-қанығына әбден көзі жеткен әкім осы мамандық иелерінің беделін әрі тұрмыс деңгейін көтеру мақсатында арнайы грант белгілеу турасында шешім шығарды. Егер қазақ тілінің мұғалімі біліктілікпен жұмыс істеп, көзге түссе, қадір-құрметке бөленіп жүрсе, оларға айлық еңбекақысының 50 пайыздық мөлшерінде қосымша ақы төленетін болды. Ынталандыру ретіндегі тиімді шараға айналған осындай гранттар қазақ тілінің 750 маманына төрт жыл бойы беріліп келді. Республика Білім және ғылым министрлігі және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті  рек­то­рының қолдауымен жергілікті универ­ситеттің жа­нынан тарих-филология фа­куль­тетінің негізінде Тіл және әдебиет институты ашылды.

Тайыр Аймұхаметұлы сияқты жұмыс дегенде уақытпен санасуды білмейтін, басқаның бәрін ұмытатын адамдар бар шығар-ау, бірақ оның жансебілдігі таңғал­дырмай қоймайды. Жетім балаларға қамқорлық жасалып жатыр десек те, ол кісі облысқа басшы болып келгенге дейін, олар жайында көп айтыла бермейтін. Тайыр Аймұхаметұлы облыспен танысу барысында осындай балалар тәрбиеленетін мекемелерге де соғып, хал-жағдайларына қанықты. Іле жетім балаларға арналған мектеп-интернатты жөндеуге 10 млн, есту қабілеті төмен балалардың облыстық мектеп-интернатына аударма техникасын сатып алуға 3,2 млн теңге бөліп, Петропавл қаласындағы екі түзеу мектебін облыстық бюджетке көшірді. Осылай жетім балалардың қам­қор­шылары бір қуанышқа бөленсе, оқу жы­лының аяғында әкім орта мектептерді тәмамдағалы отырған 117 жетім баламен кездесіп, әрқайсысының тағдырына қатысты мәселелерді талқылады. Кейін балалардың  41-і жоғары оқу орындарына, 35-і колледждерге, 24-і кәсіптік мектептерге оқуға түсті, қалғандары жұмысқа орна­ластырылды. Осы бастама жақсы дәс­түрге айналды, Тайыр Аймұхаметұлы жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін жетім балаларға арнайы грант бөлді.

2006 жылды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин «Ресейдегі –  Абай, Қазақстандағы – Пушкин жылы» деп жариялағаны белгілі. Іле Мәскеудің төріне Абай тас-мүсін болып орнықты.Өмірде сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмайтын адамдар аз емес. Тайыр Аймұхаметұлы да екі сөйлемейтін басшы, ол көтерген мәселелердің «аяқ-қолының жеңіл» бо­луының бір сыры да, міне, осында. Аз ғана уақыттың ішінде осыншама іс­тің басын қайырған адамның тағы бір мә­селеге назар аудармауы мүмкін емес еді. Күтіп жүрдік. Сол күн де туды: Тайыр Ай­мұхаметұлы әкімдіктің кезекті бір отырысында Қызылжардағы «Абылай ханның ордасы» қалпына келтірілетінін хабарлады. Бұл өзі сонау Кеңес заманынан бері көтеріліп келе жатқан мәселе-тін. Қолында билігі барлар кезінде халықты емексітіп-емексітіп, жылы жауып қойған. Елбасы әкімнің игі бастамасын қолдап, «Абылай ханның Ақ үйін» қайта жаңғыртуға  508 миллион теңге қаржы бөлді. «Бұл жұмыс 2007 жылы аяқталуға тиіс. Орданың алдына Абылай ханның ат үстіндегі ескерткіші қойылады», деді облыс басшысы. Осылай, Тайыр Аймұхаметұлы талай жылдардан бері жыры таусылмай келе жатқан бұл мәселенің де нүктесін қойып, Қызылжардың төріне  ұлы ханға ескерткіш орнатып кетті.

Тайыр Мансұровтың бүкіл елге мәлім үлкен бір еңбегі аласапыран, қиын-қыстау заманда өмір сүріп, еңбек еткен, қуғын-сүргін құрбаны болған  қазақтың біртуар ұлдарының бірі Нәзір Төреқұловты халқына қайтарып қана қоймай, әлемге танытқаны дер едім.  Ол мемлекеттік іске жегіле жүріп, Отанға қызмет етуге жұмсалған ғұмырының арқауы жемісті идеялар, жасампаз еңбек, шығармашылық ізденістерге толы болған, өте жігерлі, білмекке құштар, ерен еңбекқор, аса дарынды сегіз қырлы, бір сырлы тұлға – Нәзір Төреқұлов туралы барлығы тоғыз кітап жазып, қалың оқырманға ұсынды.

Талғамы күшті танымал тарихшы Свя­тослав Рыбастың жаңа еңбегінде Тайыр Аймұхаметұлының зерттеушілік, жазу­шылық қырлары жайлы да сал­мақ­ты сөз сабақталған. Өткен жылы елі­мізде қазақтың бағына туып, өлшеулі ғұ­мыр­ларын  келер ұрпақ ғибрат алатындай сәу­лелі істермен нұрландырған  бірқатар айтулы тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілді.  Солардың ішінде Абайдың шоқ­тығы биік. Данышпан бабамыздың туға­нына 175 жыл толды. Осыған орай Тайыр Аймұхаметұлы «Абай» деп аталатын жинақ құрастырып, оқырмандарға ұсынды.

Бұл туралы автордың  өзі  былай дейді: «Абай тақырыбы, оның шығармашылығы маған ғана емес, менің отбасыма да үлкен жауапкершілік жүктейді. 1992 жылы мен Абайдың «Книгу слов» және Шәкәрім Құдайбердіұлының «Записки Забытого» атты екі кітабын  жүз мың дана таралыммен жарыққа шығардым.  Бір жылдан кейін «Книгу слов»   кітабы тағы сонша данамен баспа бетін көрді.  2010 жылы жарық көрген   «Пушкин и Абай» туындысынан қос  ақынның өміріне қатысты көптеген ортақ дүниелермен танысуға болады.  Ұлы ақынның мол мұрасына ерекше сүйіспеншілікпен қарап, оны  халыққа танытуды басты мақсатымыз санаймыз».

Автор деректі өмірбаяндық романы­ның алғысөзінде оқырманына  тағдыры ел тарихымен тұтасып жатқан кейіпкері – Тайыр Мансұров  туралы тың деректерге құрылған шынайы шығарма ұсынатынына сендіреді.      

      

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

қоғам қайраткері,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы