Бұл 1977 жылы болған оқиға. «Созақ ауданына атақты партизан, жазушы Қасым Қайсенов келе жатыр» деген сүйінші хабар лезде-ақ тарады. Танымал тұлғаны қарсы алу үшін Теріскейдің тайлы-тұяғына дейін қамданды. Даңқы жер жаратын аңыз адамды көру кімге де болсын арман ғой.
Қасым атынан ат үркетін адам болғанымен, өте қарапайым жан екен. Кездесуге келгендермен емен-жарқын сөйлесіп, ашық пікірлесіп жүрді. Жұрт оны жақын тани бастады.
– Түркі әлеміне белгілі Баба Түкті Шашты Әзиз бабаның басына барып тәу етемін, – деді кездесулерден кейін.
Әншейінде «батыр аңғал келеді» деп жатамыз. Жоқ, батырлар аңғарымпаз, пайымдағыш, сезімтал да болады. Басына талай тұлғалар барып тәу еткен Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің құдіретін сезіп тұр ғой.
Зияраттан соң атақты партизан жазушы «Құмкент» кеңшарының клубында жергілікті тұрғындармен емен-жарқын кездесу өткізді. Әрине, қадірлі қонақты құрметтеп, бидің немесе би түскен үйдің бірінде қазақы меймандостықпен күту де керек. Міне, осы кезде таңдау ауылдық кеңестің төрағасы Досбол Сәметовке түсті. Өйткені осы үйдегі Рәбиша Аманбекқызы – талай зиялы қауым өкілдеріне дәм-тұзын ұсынған ұсынықты жан. Оның КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегеновамен түйдей құрдастығы бар. «Шіркін, Рәбишаның тамағына дәм жетпейді ғой» деп кететіні ұмытылар ма?
Ағыл-тегіл ақжарылқап әңгімеден соң әдеттегідей жиналғандар естелік суретке түсті. Суретті түсірген жергілікті фототілші Мұхтар Айтбаев еді.
Сонымен, бірінші қатарда отырғандар (оңнан солға қарай) Қанар Күзембаев – соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз, Байыш Исаев – аудандық партия комитетінің хатшысы, Қасым Қайсенов – Халық қаһарманы, С.Түзелов – аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Досбол Сәметов – ауылдық кеңестің төрағасы. Ал партизан-жазушының алдында отырған – Досбол Сәметовтің кіші ұлы Мұханбетқали. Бүгінде ол Алматыдағы «Дәуір» баспасында қызмет етеді.
Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте табан аудармай ұстаздық еткен Есен Досболов ағамыз бүгінде жетпіс жасқа құрық салды. Қазір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
– Қасым аға шешіліп сөйледі. Көп әңгіме айтты. Үлкендердің қолына су құйып жүріп бір әңгімесін құлағым шалып қалғаны бар. Сонда аға: «Бұл менің «Жау тылында» атты кітабыма енбеген оқиға. Ормандамыз. Немістер шегініп бара жатқан уақыт. Жаралы жыртқыштай азулы жау жолындағының барлығын аяусыз қырып-жойып барады. Бір хуторға келсек, тек шал-шауқан, кемпір-сампыр ғана қалыпты. Мен су ішетін болып, бір құдықтың қақпағын ашып едім, есімнен танып қала жаздадым. Фашистер құдық ішіне хутордың барлық баласын дерлік тастапты. Алғашында атқан. Сосын қой сияқты сирақтарынан сүйреп әкеліп құдық ішіне тастай берген ғой. Бейкүнә балалар құдықтың бетімен бірдей толып қалыпты. Ыңырсыған дауыс тұла бойымды тітіркендіргені сондай, өз-өзімді ұстай алмадым. Аза бойымыз қаза болып орманға қайттық. Орманда екі фашист кезікті. Танауынан ұстап тұрып, өткір кездікпен тамағынан орып жібердім. Партизандарға арнайы қару-жарақ, азық-түлік жеткізілмейді. Бәрін өзіміз табамыз. Оқ шығындамау үшін адам өлтірудің жүз айласын үйрендім. Бұл мақтаныш емес. Жауызға өз тілімен ғана үн қату керек. Бүгінде соғыстағы сойқандарды ойласам, төбе шашым тік тұрады», деп еді партизан аға. Ол кісінің біраз әңгімесі есімде. Әйткенмен, осы әңгіме ойыма жиі оралады», дейді Есен Досболов.
Сөз жоқ, соғыс болған жерде сұмдық көп. Бұл әңгімені оқырмандарды шошындыру үшін емес, сұм соғыстың айтылмай келе жатқан ақиқаттарының бірі ретінде жеткізгіміз келді. Сұрапыл соғыс жылдары осындай да сұмдықтар болған.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ