• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Хоккей 16 Наурыз, 2021

«Барыс» маусымды аяқтады

156 рет
көрсетілді

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынаған Қазақстанның «Барыс» клубы үшін биылғы маусым Гагарин кубогы жолындағы жарыстың бірінші плей-офф кезеңімен аяқталды. Аталған додада елордалық ұжым Магнитогорскінің «Металлургімен» мұзайдында жолығып, алты матчқа созылған бәсекеде 4:2 нәтижесімен жеңіліп қалды.

«Барыс» хоккейшілерінің өз жан­күйерлерін бұдан да жоғары нәтижемен қуантуға толық мүмкіндіктері бар еді. Алайда соңғы бәсекелерде жерлестерімізге шыдамдылық пен спортшыға тән жігерлі мінездің жетіспей қалғанын байқадық. Себебі кей ойындарда есепте алда тұр­ғанымен, матч соңында қолда тұрған жеңісті уыстарында ұстай алмады. Әйт­песе, осыдан дәл бір жыл бұрын біздің жігіттер плей-офф кезеңінде «Металлург» командасымен жолығып, бес кездесуде 4:1 нәтижесімен айласын асырып кеткен болатын. Дей тұрғанмен елордалық команда биыл өз алдына қойған мақсатты 100 пайы­з орындады деуге болады. Өйткені маусым алдында «Барыстың» бас менеджері Вячеслав Белан AllHockey.ru басылымына берген сұхбатында «Клубтың басты мақсаты – Гагарин кубогының плей-офф кезеңіне дейін жету», деген болатын.

Әрине, былтырғы нәтижені жақсарта алмаса да, алға қойған межеге жетіп жы­ғылғанының өзі жетістік. Оның үстіне «Барыс» әлемдік пандемияға байланыс­ты жаңа маусымға жарытып дайындала алған да жоқ. Тіпті, жаз мезгілінде биылғы додаға қатысу-қатыспауының өзі үлкен мәселе болды. Елдегі эпидемиялық ахуал хоккейшілерге тұрақты біріншілік алдында оқу-жаттығу жиынын өткізуге мүмкіндік берген жоқ. Тек маусымға бір ай қалған кезде ғана, яғни тамыз айында толыққанды жаттығуға кірісті. Сонымен қатар «Барыс» жылда тұрақты біріншілік алдында шайбалы хоккейден дәстүрлі Президент кубогы жарысына қатысып, дайындығын бір пысықтап алатын. Тағы сол коронавирусқа байланысты бұл жарыс былтыр мүлде ұйымдастырылмады.

Пандемияға байланысты клубтың биылғы қаржылық жағдайы да өткен жылмен салыстырғанда аса мәз болған жоқ. Нәтижесінде өткен маусымда «Ба­рысты» өрге сүйреген ойыншылардың бір шоғыры, атап айтқанда бас бапкер Андрей Скабелка, қақпашы Эдди Пас­куале, тасқамал қорғаушы Атте Ох­тамаа, «Барыстың» ең үздік шабуылшысы атанған Корбэн Найт пен тағы бір тәжірибелі шабуылшы Ииро Пакаринен командадан кетті. Бәлкім, аталған хоккей­шілер биыл да елорда клубында өнер көрсеткенде «Барыс» біраз жерге жетер ме еді, кім білсін?! Оның үстіне команданы жаттықтыру ҚХЛ-да тәжірибесі жоқ Юрий Михайлиске сеніп тапсырылғанын да ұтымды шешім дей алмасақ керек. Әрине, бұл жерде команда басшылығының көрпесіне қарай көсілгені анық.

Сөйтіп маусымаралық үзілісте «Барыс» тізгінін ұстаған 51 жастағы отан­да­сымыз Юрий Михайлис жазғы трансфер­де жоғарыдағы ойыншылардың орнын басады деген үмітпен шеттен бір­неше хоккейші алдыртты. Мәселен, жаз­да командаға финляндиялық қақпашы Йони Ортио, швециялық шабуылшы Якоб Лилья, канадалық шабуылшы Мэтт Фрэттин мен қорғаушы Диллон Хе­терингтон қосылса, маусым ортасын­да «Барыс» құрамын финляндиялық қор­ғаушы Алекс Линтуниеми және ка­надалық шабуылшы Филип Вароне то­лықтырды. Бұл ойыншылардың коман­даға қаншалықты көмегі тигеніне бағаны жанкүйерлер бере жатар.

Маусым алдындағы бір сұхбатында Юрий Михайлис биыл жастарға сенім артатынын айтқан болатын. Бірақ бас бапкер «Барыстың» қосалқы құрамы саналатын «Номад» және жастар ойнайтын «Снежные Барсы» құрамында өнер көрсеткен қорғаушы Самат Данияр мен Тамирлан Гайтамиров, шабуылшылардан Захар Пархоменко мен Максим Мусоровқа «Барыстың» сапында шеберліктерін шыңдауға толыққанды мүмкіндік берген жоқ. Бұл хоккейшілер болашақ Қазақстан құрамасының ойыншылары екенін естен шығармаған жөн еді.

«Барыстың» осы маусымдағы статис­тикасына аз-кем көз жүгіртсек. Тұрақты біріншілікте 60 ойын өткізген «Барыс» оның 31-інде жеңіс тойын тойласа, 29 кездесуде жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. 69 ұпаймен «Шығыс» конференциясындағы турнир кестесінде 6-орын алған жерлестеріміз Гагарин кубогы жолындағы плей-офф кезеңіне шықты. Қазақстан командасы осы аралықта қар­сыластарының қақпасына 147 шайба соғып, өз қақпасына 157 шайба өткізіп алған. Әрине, салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, бұл жақсы нәтиже емес. Шайба соғу көрсеткіші бойынша орташа есеппен әр ойынға 2,5 шайбадан ғана келеді.

«Барыста» жыл сайын өзгеріс болып жатса да тек 27 жастағы қорғаушы Даррен Дицтің нәтижесі ғана өзгермейді. Бір сөзбен айтқанда, Диц – «Барыстың» көрінбейтін көшбасшысы. Қазақстан азаматтығын алған канадалық хоккейшінің көрсеткіші шабуылдағы әріптестерінен де жоғары тұр. Тіпті көптеген шабуылшы Диц секілді көрсеткішімен мақтана алмайды. Ол 53 ойында қарсыластар қақпасына 17 шайба соғып, 20 рет әріп­тестерінің көзге түсуіне жағдай жасаған. Пайдалылық коэффициенті жағынан Диц – тек «Барыстағы» ғана емес, лигадағы үздіктердің бірі.

Сонымен қатар «Барыста» әр жылдары үздік үштік жасақталатын. Мәселен, 2008-2010 жылдары Константин Глазачев, Йозеф Штумпел, Максим Спридоновтың ойынына жанкүйерлер қол соғатын. Осы үшеуінің арқасында «Барыс» алғаш рет Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңіне шықты. 2011 жылдан 2017 жылға дейін Брэндон Боченски, Дастин Бойд, Найджел Доус «Барысты» алға сүйреді. Бұлар да көпшіліктің сүйіспеншілігіне бө­ленді. Боченскидің бір өзі тарих. Мысалы, 2011/2012 жылғы маусымда ұпай жинау жағынан жеке рекордын жаңартты. Кейін­нен өз рекордынан 2015/2016 жылғы маусымда (61 ұпай) асып түсті.

Былтыр Корбэн Найт (20+21), Роман Старченко (18+17) және Никита Михайлис (17+15) үштігі ойнады. Ал осы маусымда алғы шептегі Линус Виделль (9+27), Якоб Лилья (20+15) және Никита Михайлис (19+15) үштігі жанкүйерлер көңілінен шық­ты.