• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Наурыз, 2021

Алғыс алғанға не жетсін?!

190 рет
көрсетілді

Ақпанның ат құлағы көрінбейтін дүлей борандарының бірінде Солтүстік Қазақстан облысының Ұялы ауылдық округінің 28 тұрғыны «Май-Ұялы» трассасында көлікпен келе жатып, айдалада қар құрсауында қалады. Өркениеттің жоғары сатысы өзінің озықтығын барлық жерде көрсетеді ғой. Егер осы кісілер осыдан бар болғаны жиырма жыл бұрын осындай құрсауда қалса, ажал құшар еді. Өйткені үстерінен жүріп кеткен боран оларды көрсетпей тастаған. Қазір жұрттың бәрінде телефон бар және онымен қай жерден хабарласып тұрғанын да анықтауға болады.

Құрсаудағы жандар төтенше жағ­дай қызметіне, ауыл әкіміне, полиция бөліміне қайта-қайта хабарласып, өз­дерін құтқаруды өтінген. Әрине, бұл қыз­меттер де түк көрінбейтін боранда құрсаудағыларға тез жетіп, құтқара қоймайды. Тек арада 12 сағат өткенде ғана Ақжар аудандық төтенше жағдай бөлі­мінің қызметкерлері С.Қалиев, М.Ғаб­дысәләм және В.Матвеев қарды жа­рып өтетін қуатты техника «ТРЭКОЛ-мен» құрсауда қалғандарға жетеді. Түк көрінбейтін боранда және түн жарымында қар астында қалғандарға барынша ақырын бармаса және қиын. Өйткені ауыр машина жеңіл көліктерді зақымдап кетуі де мүмкін. Бірақ құтқарушылардың шеберлігінің, кәсіби дайындықтарының жоғарылығының арқасында құрсаудағы азаматтар құтқарылды.

Құтқарушылар үсуге таяп, әбден тоңып, дірілдеген жандарды эвакуациялық тірекке жеткізіп, ауыздарын жылытып ыстық шай мен тамақ беріп, бойларына қан жүгіртеді. Тіпті осында қондырып, тек боран басылған соң, ертеңіне жолға салып жібереді. Шексіз алғыстарын жаудырған жүргіншілер сөйтіп ажал аузынан аман қалып, үйлеріне жетеді.

Ал Ұялы ауылдық округінің әкімі Ғ.Кәрі­баев өзінің үлкен алғысын Сол­түстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловқа хатпен жеткізіп, құт­қаруға қатысқан азаматтардың істерін атап өтуді өтінген. «Егер осы азаматтар өз істеріне адалдықты, жоғары шеберлік пен кәсіби дайындықтың биіктігін көрсетпесе бүгінгі таңда Ұялы ауылдық округінде қаншама отбасы қан жұтып, қайғы шегіп отырар еді. Сіздің қызметкерлеріңіз олар­ға екінші өмір сыйлағандай болды. Сон­дықтан біз олардың ерліктерінің алдында бас иеміз және олардың еңбегін лайықты атап өтуді өтінеміз» делінген екен хатта.

Осыған ұқсайтын алғыс хаттарды биылғы ақпанда Солтүстік Қазақстан об­лыстық ТЖ департаменті көп алды. Өз ісіне алғыс алғанға не жетсін?!

 

Солтүстік Қазақстан облысы