• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Наурыз, 2021

Мемлекет қамқорлығы – ахуал тұрақтылығы

410 рет
көрсетілді

Осыдан тура бір жыл бұрын, 16 наурыз күні сағат 8.00-де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен коронавирус инфекциясының таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланған еді. Әу баста вирусты «оңай жеңілетін жаудай» көріп, бейқам отырған халық індеттің аяқ алысын көріп, етек-жеңін жинай бастады. Елімізде азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында пәрменді шаралар қолға алынды. Жуырда көлденең келген кеселмен бүкіл дүние жүзі күресіп жатқанына бір жыл толғанын атап өткен Президент дерттің қатері сейіле қоймағанын, адамнан адамға жылдам жұғатын індеттен сақтану шараларын босаңсытуға болмайтынын атап өтті.

 

Қалыпты жағдайдан – төтенше жағдайға дейін

Осыдан бір жыл бұрын дүние жүзінде шын мәнінде дүрбелең басталған еді. Бір ғана вирус бүкіл әлемді уысында ұстай­ды деп кім ойлаған? Тарихты ақтарсақ, дәл SARS-CoV-2 инфекциясындай күллі әлемді әбігерге түсірген эпидемия бұрын-соңды болмапты. Тіпті бұл індет­тің аз уақыттың ішінде өршіп кететінін, адамзат оның алдында дәрменсіз күй кешетінін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтулы эпидемиолог-мамандары да болжай алған жоқ. Вирустың қатерін дер кезінде бағамдай алмау, бейқамдық пен немқұрайдылық адамзатқа орасан зардап әкелді.

Алғашында Қытайдан таралған індет­тің қауіптілігін бірінші Ухан ауруха­на­­ларының дәрігерлері сезген. Бұл емдеу мекемесіне бір күнде жеті адам «а тип­ті пневмония» диагнозымен түскен екен. Науқастарды емдегендер «2002 жылғы SARS вирусы қайта оралды» деп қауіптенген. Іле-шала әлгі дәрігерлер «жалған ақпарат таратушы» ретінде полицияға ұсталып, «енді бұл жөнінде жақ ашпаймыз» деген қолхатпен әупірімдеп босатылған. Бірақ қысқа мерзім ішінде бірталай адамның өмірін қиып үлгерген вирустың оңай емес­ті­гін сезген Қытай үкіметі 2019 жыл­дың 31 желтоқсаны күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына белгісіз пневмония таралғаны жөнінде хабарлауға мәжбүр болады. Алайда қауіпті індеттер байқалса, әлем елдерін сақтандыруға тиіс ұйым «сабырлылық» танытты. Дерттің адамнан адамға жұғу дерегі анықталмағандықтан одан аса қауіптене қойған жоқ.

Жұртшылықтың есінде болса, осыған ұқсас SARS вирусы 2002-2003 жылдары тағы осы Қытайда таралған еді. Індет 800-дей адамның өмірін қиып кетсе де дәл қазіргідей жылдамдықпен тарала қойған жоқ-тын. ДДҰ осы жайтты ескерген болуы керек. Бірақ COVID-19 вирусы одан да қатерлі болып шықты. Індеттің өршігені сонша, 2020 жылдың 22 қаңтары күні Қытай үкіметі эпидемия ошағы – 11 миллионнан астам тұрғыны бар Ухань қаласын толықтай карантинге жабуға мәжбүр болды. Қалада қап­таған коронавирустан адамдар тәулі­гіне бірнеше жүздеп ауруханаларға түсіп жатты. Екпіні күшейген індет Қытай­дан асып, өзге мемлекеттерге тарады. Ақыры, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 30 қаңтарда COVID-19 вирусы бо­йынша төтенше жағдай жариялап, адам­затқа қауіп төндірген кеселді 11 нау­рыз күні пандемия деп мойындады.

Төрткүл дүниені дүрліктірген індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Бірақ вирус бізге іргеміздегі Қытайдан емес, айдаладағы Еуропадан келді.

Былтыр 10 наурызда сол кездегі еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин журналистермен өткен кездесуде COVID-19 індеті Қазақстанға 11-16 наурыз аралығында келуі мүмкін екенін жариялады. Айтқаны айдай келді. 13 наурыз күні коронавирус жұқ­тыр­ған алғашқы адам Алматы қала­сын­да анықталды. Германиядан ұшып келген екі қазақстандық Еуропадан вирус ала келгені мәлім болды. Дәл сол күні Мәскеу арқылы Миланнан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келген әйелден де ауру белгісі табылды. Сол-ақ екен, қазақстандықтардың қалыпты тір­ші­лігі кілт өзгерді. Қоғамдық мекемелер, ірі сауда орталықтары, кинотеатр­лар, көрмелер жұмысын тоқтатты. Той­шыл қазақ тойынан қағылды, қонақ ша­қы­руға тыйым салынды. Қысқасы, көп­шілік орындарда, көшелерде бұрын-соң­ды болмаған өлі тыныштық орнады. Президенттің Жарлығымен 2020 жылғы 16 наурыздағы сағат 08.00-ден бастап, 2020 жылғы 15 сәуірдегі сағат 07.00-ге дейін елімізде төтенше жағдай жарияланды. Кейін індеттің өршуіне байланысты елдегі төтенше жағдай тағы бір айға созылып, 11 мамыр күні аяқталды.

Ал 19 наурыз күні түнгі сағат 00.00-ден бастап, еліміздің екі үлкен шаһары – Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды. Індеттің таралуының алдын алу мақсатында қалаларды қоршай 400-ден астам блокпост орнатылды. «Бұрын еліміздің жекелеген аумақтарында және объектілерде инфекциялық аурулар ішінара пайда болған кезде шектеулер, соның ішінде карантин шаралары енгізілетін. Мысалы, әр жылдары кей­бір өңірлерде тұмау, А вирустық гепа­титі секілді инфекциялардың таралуын болдырмау мақсатында карантин жа­рия­­ланғаны бар. Бірақ бүкіл екі үлкен қаланы жабу тәуелсіз мемле­кет­тің тарихында болмаған», дейді Са­ни­тариялық-эпидемиологиялық ба­қылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

 

Пандемия кезіндегі мемлекеттік қолдау

Пандемия кезінде көптеген сала зардап шекті. Кәсіпорындар жабылды, қызмет көрсету орындары үш ай бойы тоқтап қалды. Бірақ Үкімет пан­демияның салқынын сездірмеу үшін барлық салаға мүмкіндігінше қолұшын берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде төте нше жағ­дай және карантиндік шектеулер кезеңін­де қосымша қолдау шаралары және экономикалық өсімді қайта қалпы­на келтіру жөнінде кешенді жоспар легі қабылданды. Осы кезеңде еңбекке жарам­сыз болып қалған жағдайда төле­нетін төлем 69 пайызға, асыраушысы­нан айырылғанда төленетін төлем 41 па­йызға, ал жұмысынан айрылғанда төле­не­тін төлем 44 пайызға артты. Қан­ша табыс табатынына қарамастан, көп балалы отбасылар үшін мемлекеттік жәр­дема­қы енгізілді. Бұл жәрдемақы бала­лары бар 400 мыңға жуық отбасыға қосым­ша қол­дау болды, деді Президент корона­вирус­қа қарсы шаралар жөнінде өткен жиында.

Елімізде төтенше жағдай жариялан­ған кезде табысынан айрылған азаматтар­ға Үкімет ең төменгі айлық шегінде 42 500 теңге төледі. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің бас­пасөз хатшысының мәліметінше, төтен­ше жағдай жарияланған 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында және карантиндік шектеу шаралары енгізілген уақытта (2020 жылдың 5 шілдесі мен 17 тамыз аралығында) бұл жәрдемақыны 4,6 млн адам алған, оған жұмсалған қаражаттың көлемі – 476,1 млрд теңге.

Бизнесті қолдау мақсатында да Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды әзір­­­леп, осы мемлекеттік шараларды іске асыру операторы ретінде «Даму» қоры бекітілді. Былтыр 16 наурыз бен 31 жел­­тоқсан аралығында қор «субси­дия­­лау» тетігі бойынша шағын және орта биз­нес­тің 4 179 жобасының креди­тін қайта қарап, жеңілдіктер берген, 3 291 жобаның несиесін қайта құру жө­нін­дегі ұсынысты мақұлдаған. Сондай-ақ кәсіпкерлердің 9 984 жобасы қор тара­пы­нан қолдау көрген. Бұл − 2019 жыл­мен салыстырғанда 19%-ға артық көрсеткіш.

Былтыр шағын және орта бизнеске субсидия беру бағдарламасы қабыл­данды. Оған экономиканың 29 секторы қамтылды. Атап айтқанда бөлшек сауда, қонақүй бизнесі, туристік агенттіктер, кинотеатрлар, фитнес орталықтары, көлік жөндеу, қызмет көрсету орындары, мектепке дейінгі және білім беру орындары секілді салалар осы қолдау тетіктеріне іліккен. Барлығы 8 454 жобаға қолдау көрсетіліп, кредит портфелінің жалпы көлемі 426,8 млрд теңгені құраған.

Мемлекеттік қолдау бағдарлама­ларына енген елеулі өзгерістердің бірі − субсидиялау құралын 6% деңгейінде қолдану. Сондай-ақ 1 трлн теңгеге дейін несие беру және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша басым тауарлар тізімі кеңей­тілді. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиенің жоғарғы шегі ұлғайтылды және салалық шектеулер алынып тасталды, бизнесті несиелендіру кезінде кепілдік беру тетігі де жеңілдетілді.

Бұған қоса, вирус кезінде өмірі мен денсаулығын қатерге тіге жүріп, жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне де қолдау жасалды. Жалпы, пандемия кезінде, яғни наурыз және қазан айларында дәрігерлерге 90 млрд теңгеден астам мөлшерде төлем жасалды. Былтыр жыл аяғына дейін осы мақсатқа тағы 140 млрд теңге қаржы бөлінді.

Міне, осының бәрі індеттің залалын азайтып, елдің амандығы мен халықтың саулығы үшін қолға алынған қадамдар.

 

Карантин елге не берді?

Емін-еркін жүріп-тұруға үйренген жұрт алғашында карантин шараларына көндіге алған жоқ. Бірақ кейін мұның да пайдалы тұстары көп екені­не көз жеткізді. Адамдар ең бастысы бейбіт өмірдің, алаңсыз шақтың, жақын адамдарының қадірін түсінді. Қиын-қыстау сәтте береке мен бірлік қана тығырықтан алып шығатынын ұғынды. Ел қандай істе де жұмыла білетінін көрсетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «өршіген індетті береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында еңсердік» деп атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, өткен кезеңде Қазақ елі осы дерттің не­гізгі белгілерін айқындап, онымен күресу жолдарын үйренді. Дәрігерлеріміз тиісті тәжірибе жинақтады. Еліміздің ден­сау­лық сақтау саласы біршама ныға­йып, жап­пай тестілеу жұмысы жолға қойыл­ды. Науқастармен байланыс­та болған­дарды анықтау ісі жетілдіріл­ді. Аймақ­тардағы қатаң шектеу шараларын тиісті деңгейде ұйымдастыру қолға алын­ды. Бизнес өкілдері де жаңа ахуалда жұмыс істеуге бейімделе бастады. «Ең бас­тысы, азаматтарымыздың пан­демияға де­ген көзқарасы өзгерді, яғни халық осы қауіпті дерттен саналы түрде сақтану керек екенін түсінді. Бұл – жаһандық індет­ті жеңу үшін аса қажетті шарт», деді Президент.

Сонымен қатар жұртшылық сақ болуды, өз денсаулығына жауапкершілік­пен қарауды үйренді, бір-бірінің қа­ді­рін түсінді, ас та төк тойларды азайтты, үнем­­шілдікке үйрене бастады.

Карантин кезінде табысынан айы­рыл­­ғандарға берілген 42 500 теңге көле­мін­дегі аздаған жәрдемақының өзі Қазақ­стан халқына көптеген пайда әкел­ді деуге болады. Соның ең бастысы, ха­лықтың цифрлы сауаттылығы арт­ты. Ел жаппай электронды цифрлы қол­таңбаны қолдануды үйренді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, үйде отырып, бірталай құжатты ресім­деуге болатынын түсінді. Бүгінге дейін ешқандай банк картасы мен жеке есеп­шоты болмаған тұрғындар осы жәр­демақыны алу үшін шот аштыртты, қолына банк картасын ұстады.

Сондай-ақ өз-өзін жұмыспен қамтып жүрген азаматтар бірыңғай жиынтық төлемінің не екенін және оны үйден шықпай-ақ, онлайн төлеуге болатынын ұғынды. Қазақстандықтар қолма-қол сауда жасағаннан гөрі интернет арқылы төлем жасау әлдеқайда тиімді екеніне көз жеткізді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Үкімет отырысында келтірген мәліметіне сүйенсек, пандемия кезінде электронды сауда нарығы та­уар айналымының драйверіне айналған. Мысалы, Amazon компаниясы пандемия кезінде 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашқан. Aliexpress-тің платформасында ресейлік тауарлардың сатылуы 3 есе өскен. Ал қазақстандық интернет-дү­кен Flip.kz пандемия кезінде жұмыс орын­дарының санын 20%-ға өсірген. «Бұл онлайн-сауда бизнеске жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, оны ұлғайтуға мүмкіндік беретінін көрсетті», дейді Б.Мусин. Осылайша, 2020 жылдың І жартыжылдығында электронды сауда нарығының жалпы көлемі 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге өсіп, 435 млрд теңгеге жеткен. Ал онлайн төлемдер қазақстандықтар үшін төлем жасайтын басты әдіске айналды. Былтырғы он айда қазақстандықтар ин­тернет желісі мен ұялы телефон ар­қылы 21,3 трлн теңгеге сауда-саттық, басқа да төлемдер жасаған. Бұл − бір жыл бұрынғыдан үш есе, ал бес жыл бұрын­ғыдан 331 есеге көп көрсеткіш.