Осыдан тура бір жыл бұрын, 16 наурыз күні сағат 8.00-де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен коронавирус инфекциясының таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланған еді. Әу баста вирусты «оңай жеңілетін жаудай» көріп, бейқам отырған халық індеттің аяқ алысын көріп, етек-жеңін жинай бастады. Елімізде азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында пәрменді шаралар қолға алынды. Жуырда көлденең келген кеселмен бүкіл дүние жүзі күресіп жатқанына бір жыл толғанын атап өткен Президент дерттің қатері сейіле қоймағанын, адамнан адамға жылдам жұғатын індеттен сақтану шараларын босаңсытуға болмайтынын атап өтті.
Қалыпты жағдайдан – төтенше жағдайға дейін
Осыдан бір жыл бұрын дүние жүзінде шын мәнінде дүрбелең басталған еді. Бір ғана вирус бүкіл әлемді уысында ұстайды деп кім ойлаған? Тарихты ақтарсақ, дәл SARS-CoV-2 инфекциясындай күллі әлемді әбігерге түсірген эпидемия бұрын-соңды болмапты. Тіпті бұл індеттің аз уақыттың ішінде өршіп кететінін, адамзат оның алдында дәрменсіз күй кешетінін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтулы эпидемиолог-мамандары да болжай алған жоқ. Вирустың қатерін дер кезінде бағамдай алмау, бейқамдық пен немқұрайдылық адамзатқа орасан зардап әкелді.
Алғашында Қытайдан таралған індеттің қауіптілігін бірінші Ухан ауруханаларының дәрігерлері сезген. Бұл емдеу мекемесіне бір күнде жеті адам «а типті пневмония» диагнозымен түскен екен. Науқастарды емдегендер «2002 жылғы SARS вирусы қайта оралды» деп қауіптенген. Іле-шала әлгі дәрігерлер «жалған ақпарат таратушы» ретінде полицияға ұсталып, «енді бұл жөнінде жақ ашпаймыз» деген қолхатпен әупірімдеп босатылған. Бірақ қысқа мерзім ішінде бірталай адамның өмірін қиып үлгерген вирустың оңай еместігін сезген Қытай үкіметі 2019 жылдың 31 желтоқсаны күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына белгісіз пневмония таралғаны жөнінде хабарлауға мәжбүр болады. Алайда қауіпті індеттер байқалса, әлем елдерін сақтандыруға тиіс ұйым «сабырлылық» танытты. Дерттің адамнан адамға жұғу дерегі анықталмағандықтан одан аса қауіптене қойған жоқ.
Жұртшылықтың есінде болса, осыған ұқсас SARS вирусы 2002-2003 жылдары тағы осы Қытайда таралған еді. Індет 800-дей адамның өмірін қиып кетсе де дәл қазіргідей жылдамдықпен тарала қойған жоқ-тын. ДДҰ осы жайтты ескерген болуы керек. Бірақ COVID-19 вирусы одан да қатерлі болып шықты. Індеттің өршігені сонша, 2020 жылдың 22 қаңтары күні Қытай үкіметі эпидемия ошағы – 11 миллионнан астам тұрғыны бар Ухань қаласын толықтай карантинге жабуға мәжбүр болды. Қалада қаптаған коронавирустан адамдар тәулігіне бірнеше жүздеп ауруханаларға түсіп жатты. Екпіні күшейген індет Қытайдан асып, өзге мемлекеттерге тарады. Ақыры, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 30 қаңтарда COVID-19 вирусы бойынша төтенше жағдай жариялап, адамзатқа қауіп төндірген кеселді 11 наурыз күні пандемия деп мойындады.
Төрткүл дүниені дүрліктірген індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Бірақ вирус бізге іргеміздегі Қытайдан емес, айдаладағы Еуропадан келді.
Былтыр 10 наурызда сол кездегі еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин журналистермен өткен кездесуде COVID-19 індеті Қазақстанға 11-16 наурыз аралығында келуі мүмкін екенін жариялады. Айтқаны айдай келді. 13 наурыз күні коронавирус жұқтырған алғашқы адам Алматы қаласында анықталды. Германиядан ұшып келген екі қазақстандық Еуропадан вирус ала келгені мәлім болды. Дәл сол күні Мәскеу арқылы Миланнан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келген әйелден де ауру белгісі табылды. Сол-ақ екен, қазақстандықтардың қалыпты тіршілігі кілт өзгерді. Қоғамдық мекемелер, ірі сауда орталықтары, кинотеатрлар, көрмелер жұмысын тоқтатты. Тойшыл қазақ тойынан қағылды, қонақ шақыруға тыйым салынды. Қысқасы, көпшілік орындарда, көшелерде бұрын-соңды болмаған өлі тыныштық орнады. Президенттің Жарлығымен 2020 жылғы 16 наурыздағы сағат 08.00-ден бастап, 2020 жылғы 15 сәуірдегі сағат 07.00-ге дейін елімізде төтенше жағдай жарияланды. Кейін індеттің өршуіне байланысты елдегі төтенше жағдай тағы бір айға созылып, 11 мамыр күні аяқталды.
Ал 19 наурыз күні түнгі сағат 00.00-ден бастап, еліміздің екі үлкен шаһары – Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды. Індеттің таралуының алдын алу мақсатында қалаларды қоршай 400-ден астам блокпост орнатылды. «Бұрын еліміздің жекелеген аумақтарында және объектілерде инфекциялық аурулар ішінара пайда болған кезде шектеулер, соның ішінде карантин шаралары енгізілетін. Мысалы, әр жылдары кейбір өңірлерде тұмау, А вирустық гепатиті секілді инфекциялардың таралуын болдырмау мақсатында карантин жарияланғаны бар. Бірақ бүкіл екі үлкен қаланы жабу тәуелсіз мемлекеттің тарихында болмаған», дейді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Пандемия кезіндегі мемлекеттік қолдау
Пандемия кезінде көптеген сала зардап шекті. Кәсіпорындар жабылды, қызмет көрсету орындары үш ай бойы тоқтап қалды. Бірақ Үкімет пандемияның салқынын сездірмеу үшін барлық салаға мүмкіндігінше қолұшын берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде төте нше жағдай және карантиндік шектеулер кезеңінде қосымша қолдау шаралары және экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөнінде кешенді жоспар легі қабылданды. Осы кезеңде еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайда төленетін төлем 69 пайызға, асыраушысынан айырылғанда төленетін төлем 41 пайызға, ал жұмысынан айрылғанда төленетін төлем 44 пайызға артты. Қанша табыс табатынына қарамастан, көп балалы отбасылар үшін мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы балалары бар 400 мыңға жуық отбасыға қосымша қолдау болды, деді Президент коронавирусқа қарсы шаралар жөнінде өткен жиында.
Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде табысынан айрылған азаматтарға Үкімет ең төменгі айлық шегінде 42 500 теңге төледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысының мәліметінше, төтенше жағдай жарияланған 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында және карантиндік шектеу шаралары енгізілген уақытта (2020 жылдың 5 шілдесі мен 17 тамыз аралығында) бұл жәрдемақыны 4,6 млн адам алған, оған жұмсалған қаражаттың көлемі – 476,1 млрд теңге.
Бизнесті қолдау мақсатында да Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеп, осы мемлекеттік шараларды іске асыру операторы ретінде «Даму» қоры бекітілді. Былтыр 16 наурыз бен 31 желтоқсан аралығында қор «субсидиялау» тетігі бойынша шағын және орта бизнестің 4 179 жобасының кредитін қайта қарап, жеңілдіктер берген, 3 291 жобаның несиесін қайта құру жөніндегі ұсынысты мақұлдаған. Сондай-ақ кәсіпкерлердің 9 984 жобасы қор тарапынан қолдау көрген. Бұл − 2019 жылмен салыстырғанда 19%-ға артық көрсеткіш.
Былтыр шағын және орта бизнеске субсидия беру бағдарламасы қабылданды. Оған экономиканың 29 секторы қамтылды. Атап айтқанда бөлшек сауда, қонақүй бизнесі, туристік агенттіктер, кинотеатрлар, фитнес орталықтары, көлік жөндеу, қызмет көрсету орындары, мектепке дейінгі және білім беру орындары секілді салалар осы қолдау тетіктеріне іліккен. Барлығы 8 454 жобаға қолдау көрсетіліп, кредит портфелінің жалпы көлемі 426,8 млрд теңгені құраған.
Мемлекеттік қолдау бағдарламаларына енген елеулі өзгерістердің бірі − субсидиялау құралын 6% деңгейінде қолдану. Сондай-ақ 1 трлн теңгеге дейін несие беру және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша басым тауарлар тізімі кеңейтілді. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиенің жоғарғы шегі ұлғайтылды және салалық шектеулер алынып тасталды, бизнесті несиелендіру кезінде кепілдік беру тетігі де жеңілдетілді.
Бұған қоса, вирус кезінде өмірі мен денсаулығын қатерге тіге жүріп, жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне де қолдау жасалды. Жалпы, пандемия кезінде, яғни наурыз және қазан айларында дәрігерлерге 90 млрд теңгеден астам мөлшерде төлем жасалды. Былтыр жыл аяғына дейін осы мақсатқа тағы 140 млрд теңге қаржы бөлінді.
Міне, осының бәрі індеттің залалын азайтып, елдің амандығы мен халықтың саулығы үшін қолға алынған қадамдар.
Карантин елге не берді?
Емін-еркін жүріп-тұруға үйренген жұрт алғашында карантин шараларына көндіге алған жоқ. Бірақ кейін мұның да пайдалы тұстары көп екеніне көз жеткізді. Адамдар ең бастысы бейбіт өмірдің, алаңсыз шақтың, жақын адамдарының қадірін түсінді. Қиын-қыстау сәтте береке мен бірлік қана тығырықтан алып шығатынын ұғынды. Ел қандай істе де жұмыла білетінін көрсетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «өршіген індетті береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында еңсердік» деп атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, өткен кезеңде Қазақ елі осы дерттің негізгі белгілерін айқындап, онымен күресу жолдарын үйренді. Дәрігерлеріміз тиісті тәжірибе жинақтады. Еліміздің денсаулық сақтау саласы біршама нығайып, жаппай тестілеу жұмысы жолға қойылды. Науқастармен байланыста болғандарды анықтау ісі жетілдірілді. Аймақтардағы қатаң шектеу шараларын тиісті деңгейде ұйымдастыру қолға алынды. Бизнес өкілдері де жаңа ахуалда жұмыс істеуге бейімделе бастады. «Ең бастысы, азаматтарымыздың пандемияға деген көзқарасы өзгерді, яғни халық осы қауіпті дерттен саналы түрде сақтану керек екенін түсінді. Бұл – жаһандық індетті жеңу үшін аса қажетті шарт», деді Президент.
Сонымен қатар жұртшылық сақ болуды, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйренді, бір-бірінің қадірін түсінді, ас та төк тойларды азайтты, үнемшілдікке үйрене бастады.
Карантин кезінде табысынан айырылғандарға берілген 42 500 теңге көлеміндегі аздаған жәрдемақының өзі Қазақстан халқына көптеген пайда әкелді деуге болады. Соның ең бастысы, халықтың цифрлы сауаттылығы артты. Ел жаппай электронды цифрлы қолтаңбаны қолдануды үйренді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, үйде отырып, бірталай құжатты ресімдеуге болатынын түсінді. Бүгінге дейін ешқандай банк картасы мен жеке есепшоты болмаған тұрғындар осы жәрдемақыны алу үшін шот аштыртты, қолына банк картасын ұстады.
Сондай-ақ өз-өзін жұмыспен қамтып жүрген азаматтар бірыңғай жиынтық төлемінің не екенін және оны үйден шықпай-ақ, онлайн төлеуге болатынын ұғынды. Қазақстандықтар қолма-қол сауда жасағаннан гөрі интернет арқылы төлем жасау әлдеқайда тиімді екеніне көз жеткізді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Үкімет отырысында келтірген мәліметіне сүйенсек, пандемия кезінде электронды сауда нарығы тауар айналымының драйверіне айналған. Мысалы, Amazon компаниясы пандемия кезінде 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашқан. Aliexpress-тің платформасында ресейлік тауарлардың сатылуы 3 есе өскен. Ал қазақстандық интернет-дүкен Flip.kz пандемия кезінде жұмыс орындарының санын 20%-ға өсірген. «Бұл онлайн-сауда бизнеске жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, оны ұлғайтуға мүмкіндік беретінін көрсетті», дейді Б.Мусин. Осылайша, 2020 жылдың І жартыжылдығында электронды сауда нарығының жалпы көлемі 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге өсіп, 435 млрд теңгеге жеткен. Ал онлайн төлемдер қазақстандықтар үшін төлем жасайтын басты әдіске айналды. Былтырғы он айда қазақстандықтар интернет желісі мен ұялы телефон арқылы 21,3 трлн теңгеге сауда-саттық, басқа да төлемдер жасаған. Бұл − бір жыл бұрынғыдан үш есе, ал бес жыл бұрынғыдан 331 есеге көп көрсеткіш.