Бұрынғы күйеуі 2,2 миллион теңге алимент берешек болған Петропавл қаласының тұрғыны полицияға жүгінген. Өйткен, жауапсыз әке 8 бен 10 жастағы балаларына сот шешімімен белгіленген алиментті төлеуден қашып жүрген.
Әйел Петропавлдағы Екінші полиция бөліміне жүгінгеннен кейін Қылмыстық кодекстің «Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару» атты 139-бабы бойынша қылмыстық өндіріс қозғалған. Полицейлер жауапсыз әкенің жұмыс орнынан табысы туралы анықтама алған. Ер адамды іздеп тауып, оған қылмыстық жауапкершілік жайлы түсіндірген. Тараптардың татуласуына байланысты медиация тәртібімен қылмыстық өндіріс тоқтатылды. Жалғыз басты ана алиментін алып, балаларға киім-кешек сатып алуына мүмкіндік туған. Әйел полиция қызметкерлеріне өзінің алғыс хатын жолдады.