• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Өнер 16 Наурыз, 2021

Үш елдің сахнасынан самғаған ән

553 рет
көрсетілді

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина «Достардан махаббатпен» онлайн-концертін ұсынды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Құрманғалиевті еске алу құрметіне арналған музыкалық кеш «Астана Опера» (Нұр-Сұлтан), Үлкен театр (Мәскеу) мен «Израиль Операсы» (Тель Авив) солистерінің қатысуымен ерекшеленді. Сондай-ақ бұл жобаны ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі аясында өткен айтулы мәдени шараның бірі деуге толық негіз бар.

«Осынау айтулы концертке қатысу  мен үшін үлкен құрмет, деп атап өтті Жұпар Ғабдуллина мерекелік ән жобасы туралы. – Биыл мәдени қауымдастық әлемге әйгілі опера әншісі, таңғажайып дауыс иесі, альт, Ерік Құрманғалиевтің туғанына 62 жыл толуын атап өтуде. Ол бірегей орындау­шы болды, оның лирикалық нәзік даусын тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар барша әлем ұйып тыңдады, жақсы көрді. Ол классикалық музыканың түрлі жанрларын, соның ішінде барокко, батыс еуропалық, орыс және қазақ музыкасын, мысалға, Абайдың «Көзімнің қарасы» мен басқа да көптеген қазақ халық әндерін орындады.

Халықаралық концерт-телекөпірдің онлайн форматтағы көрсетілімін өткізуге Ерік Құрманғалиевпен әр кездері бірге жұмыс істеген музыканттар мен оның жа­қын достары атсалысты. «Астана Опера» театрының Камералық залында Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Операның» жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина «Астана Опера» театрының концертмейстері Жанар Ах­метовамен бірлесіп өнер көрсетті, сонымен қатар музыкалық кешке танымал әншілер: Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Үлкен театрдың солисі Лариса Рудакова (сопрано), Үлкен театрдың солисі, ха­лық­аралық байқаулардың лауреаты Рус­там Яваев (контр-тенор), пианист әрі музы­катанушы Александр Котовщиков, «Израиль Операсының» солистері Алексей Канунников (бас-баритон), Лилия Грецова (сопрано), Борис Костинецкий (контр-тенор), София Лещинская (меццо-сопрано), Илона Тойвис (сопрано) және Израиль операсының концертмейстері Александр Иванов қатысты.

Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі, концертке қатысушылар Ерік Құрман­ғалиевтің репертуарындағы туындыларды орындады.

Еске салар болсақ, өнер иесінің 55 жылдығы құрметіне белгілі ақын Мар­жан Ершудің «Еркін Құрманғалиев» атты кітабы жарық көрген болатын. Ғұмыр­намалық еңбекте КСРО аумағында бірінші контр-тенор атанған әншінің өмірі мен өнері жайында егжей-тегжейлі баяндалады.

«Бүкіл адамзатқа үлкен ән мұрасын қалдырған Ерік Құрманғалиев кім еді? Ол 1959 жылы 31 желтоқсанда Атырау облысының Жылыой ауданында, Құлсары кентінде дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Әкесі Сәлім – хирург, анасы Ме­руерт балалар дәрігері болды. Еріктің кіш­кентай кезінде олар жұмыс бабымен Аты­рау қаласына көшті. Анасы мінезі жұмсақ, жаны нәзік адам болыпты. Ана­сының осы қасиеті Еріктің бойына қонды. Ол бала кезінде көкте қалықтай ұшқан құстардың даусына құмартты. Құстар табиғаттың әншілері еді. Сосын оған мультфильмнен гөрі, теледидар, радиодан берілетін концерттер өте қатты ұнайтын. Жас балаға Ольга Воронец, Людмила Зыкина репертуарындағы әндер ерекше әсер етеді. Сол кездің өзінде мек­тептегі ән­ші бала жіңішке альт даусымен атақты ән­ші апалардың әнін орындаған» деп жазды автор.

Ерік Құрманғалиевтің ерекше даусын кәсіби мамандар алғаш рет 1975 жылы тыңдады. Ол кең ауқымды, алапат тынысты, таза, әдемі дауысқа ие болатын. Құрманғалиев Бах, Гендель, Глюк, Мо­царт пен Бортнянскийдің кантаталары мен ораторияларын, Россини, Беллини мен Мейербердің операларынан ариялар орындаған. Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс саналатын Ерік Құрманғалиев айрықша тағдыр кешкен әнші. Оның әншілік тұлғасы күллі әлемнің алдында теңдесі жоқ даралыққа ие. Тілі басқа, дәстүрі бөлек алты құрлықтың адамдары оған, оның әншілік өнеріне табына әрі таңдана көз тікті. Ерік бір ғана халықтың перзенті болса да, оның әншілік миссиясы отанынан әрі асып, таулардан, мұхиттардан өтіп, бүкіл әлемнің алабын аралап кетті, атағы шартарапқа жайылды. Ол Гиннестің рекордтар кітабына әйел дауысты тұңғыш ер адам ретінде енді. Әнші 2007 жылы қарашаның 13 күні 47 жасында дүниеден озды.