Цифрландыру мен пандемия еңбек нарығындағы өзгерістерді айтарлықтай жеделдетті. Сөйтіп бес жыл бұрын сұранысқа ие болған мамандықтардың маңызы барынша төмендеді. Ендігі жерде оларға төленетін жалақы да мардымсыз болмақ. FinReview.info сарапшылары жүргізген зерттеудің қорытындысы осындай байламға жетелеп отыр.
Коронавирус пандемиясының жаһандық экономиканы офлайн режімнен онлайн режімге ауысу үдерісін жеделдеткені рас. Мұның бәрі еңбек нарығындағы өзгерістерге жол ашты. Қалыптасқан жағдай мемлекеттерді қолда бар инфрақұрылымды қысқа мерзімде жаңғыртуға мәжбүр етті. Осылайша, кейбір мамандықтарға сұраныс артты да, кейбіріне деген сұраныс төмендеді. Енді бірі нарықтағы позициясынан мүлдем айырылып қалды.
Қазақстанның еңбек нарығы ішкі және сыртқы факторларға тәуелді екені бесенеден белгілі. Ал мұндай тәуелділік нарықтың дамуын тежейді. Сондай-ақ әлемдік үрдістермен арадағы теңгерімсіздік сақталады. Бұл Қазақстанда жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік қорғау саласында шешілмеген мәселенің көп екенін көрсетеді.
«Біріншіден, біздің елде әлеуметтік төлемдердің мөлшері төмен. Демек жұмыссыз халық жеткілікті деңгейде қорғалмайды. Төлем төмен болғандықтан, адамдар жұмыспен қамту қызметіне жүгінбейді де. Соның салдарынан жұмыссыздық деңгейіне объективті баға беру қиын. Пандемия кезінде байқалғандай, 2020 жылдың сәуір айында жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға 2,5 млн-нан астам өтініш берілген.
Екіншіден, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі жоғары. Көрсеткіш жұмыспен қамтылған халықтың төрттен біріне тең. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың шамамен 40 пайызының айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен.
Үшіншіден, еңбек ресурстарының ұтқырлығы төмен. Әңгіме жұмыс күші мол өңірлер пен жұмыс күші жетіспейтін аймақтар туралы. Біріншісіне оңтүстік өңірлер, екіншісіне солтүстік аймақтар жатады. Олардың арасындағы еңбек көші-қоны тым бәсең. Пандемия кезінде бұл жағдай азаматтардың қозғалысына қойылған шектеулерге байланысты тіпті нашарлай түсті», дейді FinReview.info сарапшылары.
Соған қарамастан, өндірістік күштер экономика дамуының негізгі факторы болып қала береді. Алайда әлемдік экономиканың даму үрдістеріне түзету енгізген сыртқы сын-қатерлер осы бір артықшылықтың өзін жойып тынуы мүмкін. Былтырғы тоқырау кезеңінде осыған анық көзіміз жетті. Өйткені Қазақстанның еңбек нарығы үшін 2020 жылдың күрделі кезең болғанын жақсы білеміз. Көптеген кәсіпорын өз қызметін тоқтатты. Кейбірі локдауннан кейін қалпына келе алмады. Мұны өнеркәсіп өндірісінің, құрылыс секторы мен қызмет көрсету саласының жай-күйін сипаттайтын іскерлік белсенділік индексі де дәлелдеп отыр. Аталған индекс 2020 жылдың екінші тоқсанының басында 37,2 пунктке дейін төмендеді. Мұндай жағдай соңғы рет 2017 жылдың сәуірінде орын алған еді.
«Жағдайдың күрделілігіне қарамастан, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар орташа атаулы жалақыны 26,8 пайызға өсіре алды. Ең жоғары өсу қарқыны өнеркәсіптік өңірлерде – Қызылорда, Атырау, Ақтөбе облыстарында тіркелді. Бұл мұнай бағасының қымбаттауымен және теңге/доллар айырбас бағамының өсуімен байланысты, әлбетте», делінген FinReview.info зерттеуінде.
FinReview.info мәліметінше, Қазақстанда жұмыспен қамтылған халықтың саны 3,5 млн адамды құрайды. Оның 31 пайызы білім беру саласында, 19 пайызы өнеркәсіпте, 13 пайызы денсаулық сақтау саласында, 12 пайызы мемлекеттік басқаруда, 7 пайызы көлік саласында, 6 пайызы саудада, 5 пайызы құрылыста, 3 пайызы қаржы саласында жұмыс істейді. Яғни жұмыс істейтін халықтың 75 пайызы білім беру, өнеркәсіп, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларында шоғырланған. Ал бұл экономика құрылымына сәйкес келмейді. Төрт саланың ішінен тек өнеркәсіп қана орташа атаулы жалақыны орташа республикалық мәннен жоғары деңгейде қамтамасыз ете алады. Ал қалғанының бұған қауқары жетпейді.
«Қаржы және сақтандыру қызметі саласындағы ең жоғары орташа атаулы жалақы – 387 304 теңге. Одан кейінгі орында кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (335 мың теңге), ақпарат және байланыс саласы (289 мың теңге), өнеркәсіп (284 мың теңге), көлік (252 мың теңге) және құрылыс салалары (252 мың теңге) тұр. Осы салалардың барлығында 1,2 млн қызметкер жұмыс істейді. Бұл барлық жұмыспен қамтылған халықтың 35 пайызына тең», дейді FinReview.info сарапшылары.