Қазақ самбошыларының ішінде КСРО-ның ересектер чемпионатында олжаға ең көп кенелген жамбылдық балуан Алмас Мұсабеков екен. Кеңес Одағының екі дүркін чемпионы, алты мәрте жүлдегері. Оның бұл рекордын қазақ самбошыларынан ешкім өзгерте алған жоқ. Қадірлі оқырман, Алмастың ұстазы – Кеңес Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жақыттың тамыры тереңге бойлаған бапкерлік білігінің бір ұшын осы жерден іздеу керек.
– 1972-1973 жылдары Сағадат Ханбатыров ағаның қол астында жаттығу жасадым, – дейді Алмас балуан сонау көкөрім шағын еске түсіріп. – Самбоның біраз әдіс-тәсілін үйрене келе, Марат Жақытқа ауыссам деген ой туды. Марат аға Жамбылдағы ең бір беделді бапкер екеніне қарамай, қашан көрсең де кілемде жүреді. Қаптаған балаға әдіс үйретуден жалықпайды, шаршамайды. Бір күні Сағадат ағаның батасын алып, Марат Жақыттың қарамағына көштім.
– Алмастың дүркін-дүркін жеңістері бізді де күреске еліктірді, – дейді атақты балуанның досы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Досберген Тамбиев. – Өзі бір сүйкімді бозбала. Күресі сұмдық. Біздің Байзақ ауданындағы Кеңес ауылының бар баласының Алмас десе көздері жарқ ете қалатын. Үстіндегі киіміне қыл жұқпайды. Сондай әдемі киінеді. Астындағы велосипедін қазіргі «Мерседестен» кем ұстамайды.
Әлі есімде. Кстово қаласындағы жарыста Алмас досым КСРО-ның екі дүркін чемпионы, ресейлік Владимир Беловты 11:0 есебімен ұтып жатып, соңғы минутта қайыра тарту (болевой) әдісіне түсіп қалды. Алмастың қолын екі аяқтың ортасына салып, шынтақ түбінен қайыра тартқанда біздің жігіттің тамырлары адырайып, қолы шынтақ түбінен шарт сынуға шақ қалды. Досым әрең шыдап жатыр. Мына жақта біз шырылдап тұрмыз. Ананың аяйтын түрі жоқ. Ақыры, Алмас тістенген күйі төтеп берді. Кеңес Одағының әр түкпірінен жиналған балуандар мен мамандар, зал толы жанкүйер сол жолы Алмастың жанкештілігіне тік тұрып қол соқты. Маман ретіндегі пікірім: Мұсабековтің балуандық деңгейі Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтен кем емес.
Ендігі сөзді балуанның ұстазы Марат Нұрмұхамедұлы жалғасын:
– Балуандық Алмастың сүйегіне біткен қасиет десем, артық емес. Кеңес Одағы самбоны ғылыми жағынан жетілдіруге барын салды. Соның нәтижесінде самбо күресінің әдістері 11 топқа жіктелді. Мысалы, тобықтан қағу әдісі өз алдына жеке топ; бұл әдіс іштен қағу, сырттан қағу, қарсыласты қуалап жүріп қағу, т.б. тармақтармен тарқатылып, жіктеліп кете береді. Ал қайыра тарту (болевой) әдісі өз алдына жеке топ, осы әдістің 40-қа тарта түрі бар. КСРО құрамасының ғылыми тобының сараптауы бойынша жоғарыдағы 11 тараулы әдістерді сол кезде түгел жасаған құрамадағы жалғыз балуан Мұсабеков екен. Дәлел келтірейін. Менің Бек Қадишин деген шәкіртім Кеңес Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Евгений Чумаковтың қол астында, Мәскеуде біраз жыл еңбек етті. Бек – кеңестің самбо құрамасының ғылыми тобының мүшесі. Сол інім құрамадағы балуандардың жарыс үстіндегі әдіс-тәсілдерін талдай келе, Алмас Мұсабеков самбо әдістерінің 11 тобын меңгерген деген қорытынды жасайды. Мұны естіген Евгений Чумаков таң қалғанын жасыра алмады. Себебі КСРО құрамасындағы әлем чемпиондарының өздері үш-төрт әдісті қапысыз, шебер жасайды. Көп балуан белдесуге шыққанда қарсыласына бір қырындап қарсы тұрса, Мұсабеков екі иығын тең ұстап, тура ұмтылады. Бұл – қарсылас үшін өте ыңғайсыз позиция. Себебі Алмастың қай тұстан қармақ тастайтыны жұмбақ.
– Марат ағай жаттығуға атүсті қараған емес, – дейді Алмас Мұсабеков. – Ол кісі күресер алдында шәкірттерінің етін қыздыруға қатты мән беретін. Әдіс-айланы әр балаға өзі үйретеді. Сол әдістерді жетілдіру үшін жанын аямай тер төгеді. Әдісті пысықтау үшін бізбен белдесіп, қате, кемшілігімізді түзеп отырады. Әдісті жете меңгергеніңше сан мәрте қайталатып, ащы теріңді сығып алады. Жаттығуды мереке, демалыс күндері де үзбейді. Небір аптап ыстықта далада тер төгетінбіз. Жігітке қажет төзім, табандылық, балуандық шеберлік қасиеттерін біз ағайдан үйрендік. Ал Марат аға залға келмесе, жаттығудың сәні болмайтын. Ағайдың ортамызда жүргенінің өзі бізге қанат бітіруші еді. Жарысқа ұстазбен бірге барсаң, арқаңды Алатауға тірегендей сенімді жүресің. Ал қасыңда ағай болмаса, көңілің біртүрлі қоңылтақсып, жалғызсырағандай күй кешесің. Ағай балуандарды қатты ұстады. Мен жасым 62-ден асса да, әлі күнге дейін Марат ағамның бетіне келген емеспін. Ағайдың алдында өзімді әлі күнге дейін шәкірт сезінемін. ...1981 жылы Қарағандыда болған КСРО чемпионатының қорытындысы бойынша техникалық шеберлігі ең кемел балуан атандым. Нақтылай айтсам, қарсыластарыма 13 рет ұмтылып, соның 10-ында әдістерім сәтті шығыпты. Сөйтіп, техникалық шеберлік, пайдалы қимыл сараптамасы бойынша КСРО құрамасындағы барлық балуаннан озық тұрдым. Бұл Марат Жақыт ұстазымның мені сапалы әрі жүйелі баптауының нәтижесі болатын.
Иә, 1981 жылдың шілде айында Қарағанды қаласында самбодан КСРО-ның 35-ші чемпионаты дүркіреп өтті. Марат бапкер мен Алмас балуан одақтық чемпионатқа тыңғылықты әзірленді. Бұл бәсеке Қазақстанның самбо күресі үшін тарихи чемпионат болды. Бұған дейінгі 34 біріншілікте республиканың бірде-бір самбошысы Кеңес Одағы чемпионатының алтын тұғырына шыға алмаса, Қарағанды кілемінде Темірхан Досмұхамбетовтің шәкірті Айтжан Шаңғараев 48 кило салмақта, Марат Жақыттың шәкірті Алмас Мұсабеков 52 килода КСРО чемпиондары атанды.
Алмас Мұсабеков нағыз зар күйінде жүрсе де әлем чемпионатына жолы түспеді. КСРО чемпионаттары мен кубок бәсекелерінде әлем чемпиондары Юрий Круглов, Сергей Терновых, Бабамұрад Файзиев, Гурген Тутхалянды, әлем чемпионатының жүлдегерлері Владимир Белов, Геннадий Белоглазовты, басқа да мықтыларды жыққанына қарамай, 1984 жылы екінші мәрте Одақ чемпионы атанса да, Мәскеудегі самбо қожайындары Марат Жақыттың осы шәкіртін дүниежүзілік біріншілікке апармай қойды. Бұл – отарлаушы жүйенің спорттағы сорақылығының бір ғана көрінісі.
Алмас Мұсабеков 1977-1989 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны болды. Иә, Алмас сол кезеңде көш бастаған серке еді. Талай жарыста жігіттерді бастап кілемге шықты, соңынан ерген інілеріне жеңіс жолын көрсете білді. Боз кілемде ғана емес, турникке тартылса да, Алатаудың құз беткейлерінде құлдыраңдап жүгірсе де көштің алдын бермейтін. Қайраты қабындап, жұлқынып тұрған кезінде Мәскеу аяғын тұсап әлем чемпионатына жібермеген Алмас ағамыз азаттық жылдарында сол өкініштің есесін қайтарды. Алмас Мұсабеков – ардагерлер арасындағы әлем чемпионы!
Бірде Марат ұстазы: «Сен өсек айтпайсың, біреудің үстінен арыз жазбайсың, біреуді жамандамайсың», десе Алмас: «Оған уақытым жоқ. Себебі сіздің қасыңызда жүрмін», деп жауап қайтарыпты.
Енді қазақ спортының ардагері Ғазым Жарылғапов балуан інісінен «Қазір қайда жүрсің?» деп сұраса керек. Алмас: «Ағайдың қасындамын», депті. Сонда Ғазым ағасы: «Сен қандай азаматсың! «Ағайдың жанындамын», деген бір ауыз сөзіңнің өзі неге тұрады!», деп інісіне шынайы разылығын білдірген екен.
Алмас болса, сол қарапайым қалпы. Әлі күнге дейін күрес десе, жаны жай таппайды. «Ағайдың бетіне тура қараймын. Әділін айтамын», дейді самайын қырау шалған ардагер балуан. Ұстаз бен шәкірттің тағдыры тоғысқанына 48 жыл болыпты...
Қыдырбек РЫСБЕК,
журналист