• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Наурыз, 2021

Бесжылдықтар берекесі

811 рет
көрсетілді

Қазақстан жаңа индустрияландыру, өндірісті дамыту, шикізатқа тәуелділіктен арылу бағытында таңдаған жолынан жаңылмай, жоба-жоспарларды табысты жүзеге асырып келе жатыр. Еліміз 2010 жылдан осы уақытқа дейін Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде өңдеу секторын оңтайлы дамытып отырған жалғыз мемлекет. Сондай-ақ өңдеу саласы ел өнеркәсібінің негізгі өсу драйверіне айналуда. Мұндай серпілістің негізі экономикаға елеулі өзгеріс әкелген индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларында жатыр.

Ел экономикасын өзгерткен жоба

2010 жылы республикада Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму мемлекеттік бағдар­ламасы іске қосылды. Бағдар­ламаның 2010-2014 жылдарға арналған бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша өңдеу саласы өнеркәсіптегі өсудің негізгі драйверіне айналды. Осы­лайша он жылдан аса уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан ин­дустриялық-инновациялық да­мудың дұрыс саясаты экономиканы әртараптандыру үдерісін бастауға негіз болды.

Бастау биігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрған мем­лекеттік бағдарлама тиімді­лігін дәлелдеп қана қоймай, бола­шақтағы батыл қадамдарға жол ашты. Соның нәтижесінде экономиканың бірқатар саласы мен секторының келбеті, құрылымы түбегейлі өзгерді. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары өнімнің жаңа түрлерін игере бастады. Мәселен, металлургия саласында болаттан жасалған дайын бұйымдар өндірісі пайда болды. Қазақстан радиатор, сым, рельс секілді дайын өнімдерді ұсына бастады. Ел ішінде бас­тап­қы алюминийді қайта өңдеу ұлғай­тылды. Сөйтіп алюминийден сымдар, профильдер, қорытпалар, дискілер шығарыла бастады.

Мемлекеттік бағдарламаның игілігі сол, бүгінде әлемдік титан өндірушілердің арасында Қазақ­станның маңдайы жарқырап тұр. Титан құймалары мен қорыт­па­ларын өндіретін зауыт іске қосыл­ған соң елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа өндіріс басталды.

Индустрияландыру Қазақ­стан­ның машина жасау саласында жаңа бағыттарды құруға мүмкіндік берді. Мәселен, ірі темір жол машиналарын (локомотивтер, жолау­шылар вагоны), қазіргі заманғы мұнай-газ машиналарын жасауға (тиек арматурасы, сорғылар), сондай-ақ электртехникалық жабдықтың (трансформаторлар, басқару қалқандары, автоматты ажыратқыштар) бәсекеге қабілетті өндірісін қалыптастыруға жол ашты.

Химия өнеркәсібінде натрий цианиді, аммоний сульфа­ты, экстракциялық фосфор қышқылы, аммофос, азот-фосфор тыңайтқыштары секілді жа­ңа күрделі өндірістер пайда бол­ды. Қазір қазақстандық аграр­шылардың 80 пайызы отандық өніммен қамтамасыз етілген.

Индустрия және инфра­қ­ұ­ры­лымдық даму министрлігінің ресми мәліметінше, бүгінде әлем­дегі 131 мемлекет Қазақ­стан­да өндірілген өнімді тұты­нып отыр. Қазақстандық өнім­нің негізгі тұтынушылары қатар­ында Қытай, Орталық Азия, Еура­зиялық экономикалық одақ және Еуропалық одақ елдері бар. Сыртқы нарықтарға шамамен 49 жаңа тауар түрі шығарылды.

 

Экспорт еселеп өскен кезең

Индустрияландыру елдің эконо­микалық байлығына қол жеткізудің негізгі құралына айналды. Өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруда мемлекеттің таңдап алған бағытының дұрыстығын индус­­трия­ландырудың нәти­желері растап отыр. Осылайша, эко­номиканың құры­лымы өзгерді. Ішкі жалпы өнім құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтар­лықтай өсті. Көрсеткіш 2009 жылы 10,9 пайызды құраса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 12,7 пайызға тең болды. 2009 жылдан бері Қазақстанның ішкі жал­пы өнімі 4,1 есе ұлғ­айды. Яғни көрсеткіш 17 трлн тең­ге­ден 70,1 трлн теңгеге дейін (2020 жыл) өсті. 2019 жылы өң­деу өнеркәсібінің жалпы қосыл­ған құны 2009 жылмен салыс­тыр­ғанда 4,8 есе артып, 8,9 трлн теңгені құрады.

QazІndustry қазақстандық индус­трия және экспорт орталы­ғының хабарлауынша, 2020 жылы өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 2009 жылмен (378 млрд теңге) салыстырғанда 2,8 есе өсіп, 1 трлн 62,7 млрд теңгеге жетті. Былтыр инвестициялардың негізгі ағыны металлургия өнеркәсібі (362,2 млрд теңге немесе секторға тартылған жалпы инвестиция көлемінің 35 пайызы), химия өнеркәсібі (298,1 млрд теңге немесе 28,8 пайызы), тамақ өнімдерін өндіру (103,9 млрд теңге немесе 10 пайыз), өзге де металл емес минералдық өнім­дер өндіру (67,5 млрд теңге не­месе 6,5 пайыз), мұнай өңдеу (59,2 млрд теңге немесе 5,7 пайыз) кәсіпорындарын дамытуға ба­ғыт­талды.

2015-2019 жылдары Индус­триялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде құрылыс индустриясында, азық-түлік өнімдерін өн­діруде, металлургияда, машина жасау саласында, химия өнер­кәсібінде және фармацевтикада ірі жобаларды іске асыру үшін GLOBAL-2000 трансұлттық корпо­рациялар тізіміне енген 28 ин­вестор тартылды. Олар біз­дің елге 6 млрд доллар көле­мінде инвестиция құйды. Қазір­гі уақытта Қазақстанда транс­ұлттық корпорациялардың қаты­суымен 625 млн долларға 7 жо­ба жүзеге асырылуда. Соның нәти­жесінде 985 жұмыс орнын құру жоспарланған.

2020 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің еңбек өнімділігі 2009 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге ұл­­ғай­ды. Яғни адам басына шаққан­дағы көрсеткіш 23,1 мың дол­лар­дан 36,7 мың долларға дейін өсті. Бүгінде көлемі 1 млн дол­лар­ды құрайтын өңдеу өнеркә­сібі­нің өнімі әлемнің 79 еліне жет­кізіледі. 13 мемлекеттің экспорты 100 мың доллардан (40 млн теңгеден) басталып, 1 млн долларға дейін жетеді. Ал 39 елдің экспорты 100 мың доллардан кем.

Былтыр Қазақстан алғаш рет машина жасау және металлур­гия өнімдерін (жалпы сомасы 5,3 млрд долларға тең) Ба­гам аралдарына, Гайана және Кай­ман аралдарына экспорттай бастады. Сондай-ақ 29,7 мың доллар көлеміндегі сомаға Ресей Федерациясына цифр­лы бағдарламалық басқаруы бар бұрғылау және фрезерлік станоктарды, Мексикаға басқа топтамаларға енгізілмеген арнайы мақсаттағы механикалық машиналар мен құрылғыларды экспортқа шығара бастады. Бұдан бөлек, металлургия, машина жасау, құрылыс материал­дары, химия, фармацевтика, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі өнімдерінің 507 түрі бойынша жаңа өткізу нарықтары ашылды.

Өңдеу өнеркәсібі өркен жайды

2009 жылмен (2,9 трлн теңге) салыстырғанда былтыр өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 4,4 есе өсіп, 13 трлн теңгені құрады. Индустрияландыру жыл­дарында өңдеу өнеркәсібі өндірі­сінің жиынтық көлемі 84,4 трлн теңгеден асты. Индустрия­лан­дырудың 10 жылында (2010-2019 жылдары) шамамен 8,4 трлн теңгеге 1 326 жоба іске асырылды. 201,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Оның ішінде индустрияландырудың екінші бесжылдығында (2015-2019 жылдары) шамамен 50 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіп­орын­дарынан түсетін салықтық түсімдердің көлемі 2019 жылы 2009 жылмен (450 млрд теңге) салыстырғанда 3 есе өсіп, 1 трлн 497 млрд теңгені құрады. 2009 жылдан 2019 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінен 9 трлн 651 млрд теңге көлемінде салық жиналды. Бүгінде өңдеуші өнеркәсіптен түсетін салықтар индустрияландыру саясатын іске асыруға жұмсалған шығындардан 6,5 есе артып отыр. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарынан түсетін салық түсімдері ауыл шаруашылығы, көлік және сауда салаларының көрсеткішінен әлдеқайда жоғары.

Өңдеу өнеркәсібіндегі бір қызметкердің орташа айлық жала­қысы 2019 жылы 209,4 мың теңгені құрады. Көрсеткіш 2009 жылмен (69 мың теңге) салыс­­тырғанда 3 есе артқан. 2015 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары, оның ішінде тамақ өнімдері, кокс және мұнай өңдеу өнімдері, химия және фармацевтика өнеркәсібі, металлургия өндірісінде, автомо­бильдер, электронды және оптикалық жаб­дықтар өндірісіндегі қызмет­кер­лердің табыс деңгейі орта есеппен 50 пайызға өсті.

 

Үшінші бесжылдық – ұтымды мүмкіндік

Қазақстан индустрия­лан­дыру­дың бірінші және екінші бес­жылдығын ойдағыдай аяқ­тап, үшінші бесжылдыққа үлкен үмітпен аяқ басқаны бел­­гілі. Үшінші бесжылдық өңдеу өнеркәсібінің экспортқа бағдар­­ланған бағытын одан әрі жалғас­тыруда.

Индустрияландырудың үшін­ші кезеңінің мақсаты – өң­деу өнеркәсібінің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсеке­ге қабілеттілігін арттыру. Аталған мақсатқа жету үшін бір­қатар міндет жүктелді. Атап айт­қанда, индустриялық кәсіпкер­ліктің әлеуетін арттыру арқылы индустрияландыруды тереңдету, ішкі және сыртқы нарық­тарда сұранысқа ие өңделген тауар­лардың өндіріс көлемін ұлғайту әрі номенклатурасын кеңейту, базалық өндірістерді дамытуды ынталандыру және стратегиялық жобаларды іске асыру арқылы өнеркәсіптік қуатты ұлғайту, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп салаларын технологиялық дамыту және цифрландыру міндеті алға қойылды.

Бұл ретте Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған кезеңінде негізгі мақсатқа қол жеткізу 5 нысаналы индикатормен өлше­нетін болады. Яғни осы аралық­та өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2018 жылғы деңгей­ден 1,6 есе, экспорт көлемі 1,9 есе, негізгі капиталға салынған инвес­тицияның нақты көлем индексі 1,6 есе өсуі керек. Сон­дай-ақ 2018 жылғы деңгейге қара­ғанда экономикалық белсен­ді халықтың 1 мың адамына шаққанда өңдеуші өнеркәсіп­тің жұмыс істеп тұрған кәсіпорын­дарының санын 1,5 есе ұлғайту қажет. Бесінші индикатор – Экономикалық күрделілік индек­сінде 78-орыннан 55-орын­ға көтерілу (-0,31 балдан 0,14 балға дейін). 

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған мақсат-мін­дет­терін табысты жүзеге асыру үшін мемлекеттік ынта­лан­ды­рудың жүйелі шаралары құрыл­ған. Ол индустриялық-иннова­циялық қызмет субъекті­лерінің бәсекелестік артық­шылықтары мен экспорттық мүмкіндіктерін тұрақты дамытуға бағытталған. Сондай-ақ ішкі нарықты және экспорттық әлеуетті қамтамасыз етуге бағдар­ланған орташа және жоғары бөліністегі 4 мыңнан астам тауар іріктеліп алынды. Мемлекеттік қолдау шаралары тауарлардың аталған түрлерін өндіретін кәсіпорындарға ұсы­нылатын болады. Бұл шек­теулі қаржы ресурстарын жоғары әлеуетті жобаларға шоғыр­ландыруға мүмкіндік береді.

Индустриялық саясатты та­быс­ты іске асыру үшін қарапайым заттар экономикасы шеңберінде басым жобаларға жеңілдетілген кредит беруді жетілдіру бо­йынша іс шаралардың жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Сондай-ақ карантин салдарынан зардап шеккен отандық кәсіпорындарды экономикалық қолдауды қамтамасыз ету мақсатында экономикалық өсу­ді қалпына келтіру бойынша ке­шенді жоспар іске асырылуда. Жеңілдетілген кредит беруді және қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін 2020 жылы Үкімет қаулысымен Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды. 2020 жылы «Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік саясаты туралы» заң жобасы әзірленді. Ол қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қарастырылуда.

 

ТҮЙІН: Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, индустриялық даму – елдің жаңа мүмкіндіктері. Ал Қазақстанның табысты индустриялық держава атануға мүмкіндігі зор. Өйткені индустрияландыру бүгінде жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналды. Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт төмендеген кезеңдерде негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болғанын жақсы білеміз. Сондықтан жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдар елді де, экономиканы да жүрісінен жаңылдырмасы анық.

 

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»