Соңғы онжылдықта болған алапат өзгерістер адамзат баласын да өзгерткен сыңайлы. Дәлірек айтқанда, адамдардың ойлау қабілетіне, көшбасшылық және де өзгелермен бәсекелес болу қабілетіне өз ықпалын тигізді. Осыған сай адам миының функциясы мен іс-әрекетіне қатысты тұжырымдар жаңаша дәйектермен толықты.
Негізінде, адам баласының қабылдаған кез келген шешімі тікелей оны әрекетке алып келетін нейрондағы паттерндерге байланысты, яғни солар арқылы толықтай жүзеге асатын құбылыс. Осындай тұжырымдардың көптігі нейроэкономиканың пайда болуына әсер етсе, бұл сала өз алдына инновацияны және өзгеше қимылдау мен ойлауды өзінің қарсыластарына қарағанда өзгерек болуды мақсат тұтады. Осы сынды түрлі ойлар тізбегінде иконокласт дейтін тағы бір термин туындаса керек. Негізгі мәні көпшіліктің мүмкін емес деп қабылдайтын дүниелерін керісінше қабылдау арқылы алға ұмтылатын, ойындағы әрекеттерді жасап бітпейтін қабілеті бар амбициялы адам. Бұл қасиеттерге ие жанның түрлі белесті бағындырары сөзсіз.
Бұл анықтаманың өзі иконокластардың айналасындағы жандардан мүлде басқа екенін аңғартады. Дәлірек айтқанда, олардың миының жұмысы үш түрлі жолмен қарастырылады: қабылдауы, қорқыныш реакциясы және ортасындағы адамдармен қарым-қатынасы.
Ең алдымен ақ-қарасын ажыратып алу керек дүние, бұл – мидың шектеулі ресурстардан қиналатындығы. Адам миында энергияның өлшенген санаулы бөлігі бар. Бұл көрсеткіш шамамен 40 Вт-тық электр шамының өлшемімен бірдей. Сондықтан да ол тиімді жұмыс атқару үшін ғасырлар бойы эволюциядан өтті. Дәл осы сәтте адамдарға иконокласт болуға кедергілер туындайды. Мәселен, белгілі бір деректер көзге түскенде ми бұл ақпараттарды қысқа уақытта түсініп алуға тырысады. Бұл процесті толыққанды түрде атқару үшін ми өткен күндердегі елестерге (сәттерге), басқа адамдардың көзқарасына бірдей дәрежеде жүгінеді. Сондай-ақ бұл үздіксіз әрі қайталанбалы процесс.
Бұл әлемге басқа адамдардан өзгеше қараудың бірден-бір жолы – миды өткен күндерде жасап көрмеген дүниелермен тікелей ұшырастыру. Адам көкжиегін кеңейте түсетін сәт те осы уақытта туындайды, яғни жаңашылдыққа ұмтылу – мидың басқа қырдан ойлай бастауына әсер етеді, өзге тұжырымдармен толығуға себеп болады. Иконокласт деп аталатын адамдар осындай жаңа дүниелерге ынтық келеді. Осы тұрпаттағы адамдарға зер салу арқылы байқайтынымыз, өзге жандар жаңа нәрселерден қашатын болса, ал олар жаңа әлемге, жаңа дүние мен таныстықтарға дайын болып келеді.
Алайда жаңашылдықтың тудыратын басты мәселесі мидағы қорқыныш жүйесін қалыптастырады. Қорқыныш – иконокласт адамның алдынан кездесетін және кез келген адамды тоқтататын үлкен кесел. Дегенмен осы қорқыныштың жиі кездесетін екі түрі бар, олар белгісіздік қорқынышы мен өзге жандардың келемежіне қалу қорқынышы.
Иконокластар кез келген жағдайда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл – әдеби тұрғыда сөйлеуден бастап технология мен бизнеске дейінгі мүмкіндіктер. Олар шығармашылық пен инновацияны қолдайды, сәтсіздік пен күйзеліске ұшырағанына қарамастан, әр ортада белсенді өмірін жалғастыра береді. Кез келген салада жетістікке жету үшін иконокластар миының қалай жұмыс істейтінін ұғынған жөн.
Аруна ҚАРАЖАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті