• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 18 Наурыз, 2021

«Bugin-экология» жобасы көшет отырғызуға шақырады

448 рет
көрсетілді

Күн жылына салысымен қолға алынатын «Bugin-экология» жобасы туралы сөз қозғамас бұрын, қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында Алматыда алғашқы Әйелдер аллеясы ашылып, мегаполистің бетке ұстар әйелдері 200 каштан және бөртегүл көшеттерін отырғызғанын айта кету керек.

Қаладағы көшбасшы әйелдер қосылған шараға Алматы қаласы жасыл экономика басқармасы мен Жетісу ауданы әкімінің аппараты мұрындық болды. Жасыл экономика басқармасы көшеттермен, қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етті.

«Қазіргі әлемде әйелдердің рөлі ерлер сияқты маңызды. Бүгінде әйелдер қоғам өмірінде, қалаларда, саясатта, экономикада, медицинада және басқа да салаларда бар. Бүгін әйелдерді символдық түрде ағаш отырғызуға шақырдық және бұл жерге «Әйелдер аллеясы» деген атау қойдық. Бұл еркіндіктің, даналықтың, сұлулық пен батылдықтың символы», деді жасыл экономика басқармасының бастығы Наталья Ливинская.

Әйелдер аллеясы Жетісу ауданының Көкжиек шағын ауданында орналасқан. Бұл аумаққа барлығы 4 500 көшет отыр­ғызылады. Көгалдандырудың нәти­же­сінде бұл аумақ дамиды. Жасыл эко­номика басқармасының өкілдері ағаш отырғызып қана қоймай, екі жыл бойы күтіп-баптаудың маңызды екенін жеткізді. Отырғызылған жасыл желектерді үнемі суару, бұталау, ми­нералдандыру және топырақты қопсыту қажет. Биыл Алматыда 350 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Ал үш жылдың ішінде 1 млн жасыл желек отырғызылады.

«Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген халқымыз ағаш отырғызуды ба­ла тәрбиесімен тең көрген. Бүгінде эко­логияның тазалығына көңіл бөлу – өзекті мәселе. Алматы экологиялық ластану жағынан алдына қала салмайды. Мәселен, 2020 жылдың ақпанында Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Мағзұм Мирзағалиев ме­гаполисте атмосфераны ластайтын қалдық заттың көлемі 2,4 млн тоннаны құрағанын айтты. Министр егер еш­қандай шара қолданылмаса, бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 3,6 млн тоннаны құрайтынын мәлімдеді. Осы орайда Bugin Association қоғамдық бірлестігі «Bugin-экология»  көгалдандыру жобасы аясында Алматы қаласын көгалдандыру ісін қолға алды. Бұл шара 20 наурызда Желтоқсан саябағынан бастау алады. Жоба жетекшісі Әлібек Қайратұлы: «Келіп өз ағашыңызды отырғызыңыз! Біз сізді күтеміз!», дейді. Бұл жоба тал егіп, ағаш отырғызу арқылы қоғамға игі іс жа­сауды көздейді. Бастама 1,5 млн теңге қаражатты қажет ететін болса, оның жар­тысын Bugin Holding компания­сы бер­ген. Ал қалған қаражатты қоғам ерік­тілері жинап жатыр.

Сондай-ақ соңғы күндері қаладағы Гагарин мен Березовский көшелерінің қиылысында жайқалып тұрған үш те­ректің заңсыз кесілуі тұрғындар нара­залығын тудырды. Ағаштарды кесуге байланысты жасыл экономика бас­қар­масына өтініш түспеген. Табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, ағашты заңсыз кесушілерге ҚР ӘҚБтК-нің 386-бабы «Жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау ережелерін бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Ендігі жерде кесілген ағаштардың орнына өтемақы ретінде 60 көшет отыр­ғызылады.

 

АЛМАТЫ