Мемлекет Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі белесінің қарсаңында тұрмыз. Асқан асу, аттаған белес, халқымыздың жүріп өткен жолы тарих дейтін ұлы кітапқа қатталып жатыр. Елең-алаң кезеңде ел тізгінін ұстап, бұралаң жолдардан халқымызды аман алып өткен, жас мемлекетімізді жасампаздық жолға салып берген Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан екі жыл бұрын қабылдаған шешімі Қазақстан тарихының алтын тарауына жазылып, кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі болып қалатын айрықша қадам деп білемін.
Бұл билік тізгіні ұстаған барлық басшының қолынан келе бермейтін шешім. Ал елдің болашағын арыдан ойлаған Елбасы саясат шарығында шыңдалған білікті азамат Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел басқару тізгінін тапсырып, көреген шешім қабылдады. Меніңше, бұл – дер кезінде жасалған оңтайлы қадам әрі кейінгіге ғибратты үлгі. Кез келген дамыған мемлекет саяси сабақтастықтың салтын сақтауы тиіс. Ұрпақ өседі, буын алмасады, заман өзгереді, әр дәуірдің өзіне сай үні болады. Сол үнге құлақ түре алатын, елмен етене араласып, жұртпен үндесе жұмыс істейтін басшы ғана болашақты бағамдап, елді игілікке бастайды. Бізде бұл сабақтастық өз уақытында салтанат құрды.
Әрине, ел басқару оңай шаруа емес. Оның жауапкершілік жүгі тым ауыр. Ішкі және сыртқы саясатты үйлестіре білу, сан саланың тізг інін тең ұстау – үлкен еңбек пен асқан білімді қажет ететін дүние. Тарихи таңдауларға барып, қиындықтармен қапталдаса жүріп, сарабдал шешім қабылдау – нағыз қайраткердің ісі. Бұл тұрғыда Қазақстанның үлгісі басқа мемлекеттер үшін де жақсы өнеге бола алады.
Жаһандану дәуірінде адамзат баласы түрлі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп жатыр. Әлемнің бір бөлшегі болғасын бұл қиындықтар бізді де айналып өтпейтіні – заңды құбылыс. Осындай тағдыршешті кезеңде барға масаттанбай, етек-жеңімізді жинап алға ұмтылуымыз керек. Мұны билік өкілдері де жақсы түсініп отыр. Экономиканы есеңгіретіп алмау үшін ауқымды жоспарлар құрылып жатыр, соның бәрі жүйелі жүзеге асқай!
Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
академик