• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 19 Наурыз, 2021

Тұңғыш Президент және ұлт мұраты

206 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еркімен президенттік өкілеттігінен бас тартуы – үлкен саяси маңызы бар оқиға. Елде болып жатқан тарихи үдерістерді терең түсінуден, мұратшылдықтан туындаған тарихи шешім.

Қоғам мен мемлекеттің жаңа саты­ға өте бастаған кезеңін­де жаңа буын саясаткерлерге жол ашу, билік қатарын жа­ңар­тып-жаңғырту – билікке жаңа леп пен жаңа дем беру үшін жасалған шара. Осының арқа­сында Қазақстан екі үлкен сая­си нау­қанды өткеріп, қоғам мен мем­лекетті, ел экономикасын ре­фор­малауға, жаңғырту­ға бағыт­талған шешімдер тізбе­гін қабыл­дап үлгерді. Елдің тұтас­тығын, бір­лігін қамта­масыз етуге бағыт­талған оң қадамдар жасалды.

Жалпы алғанда, кейбір саяси оқиғалардың маңызын түсі­ніп-түйсіну үшін белгілі бір қа­шықтық, яғни уақыт керек бо­лып жатады. Бүгінде, әрине, қо­ғам ішінде әртүрлі алыпқашпа әңгі­ме, даурықпа, даңғаза әлеу­меттік желілер арқылы кең тара­ған заман. Қоғам ең алдымен ни­гилистік, негативті ба­ғыт­тағы пікірлерге көбірек сене­тін сияқты болып көрінеді. Бұндай жағдайдағы басты міндет – алған бағыттан таймау, жос­пар­лаған, межелеген реформалар­ды асқан табандылықпен, прин­цип­шілдікпен атқара беру, жалғас­тыра беру қажет. Ахмет атамыз айтпақшы, «жұрт – бүгін­шіл, біздікі – ертең үшін». Кей­бір кезде үлкен өзгерістер өзін өзі дәлел­деп, растап жатады. Бүгінгі қоғам шын мәнінде өз­гер­ді және өзгеру үстінде. Кеше ғана мүмкін емес, көзге елес­те­те ал­майтын дүниелер өмір шын­ды­ғына, қарапайым фактіге ай­налып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен екі жыл ішінде өзін стратегиялық терең­ді­гі мен ойы, тарихи пайы­мы мен болашаққа арналған тұжы­рымдамасы бар, Қазақстанның, оның халқының жаны мен таби­ғатын терең түсінетін саясаткер ретінде көрсете білді. Нақты нәтижелерге келетін болсақ, үш ірі бағытты айтар едім.

Біріншісі – «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасы. Президент қоғам­да, елде болып жатқан мәсе­ле­лерді айқын сезініп, терең түсінетін мемлекет пен мемле­кет­тік аппарат жасақтау керек деді, соның жақсы үлгісін көр­сетіп келеді. Апта сайын, ай сайын әкімдер мен министр­лердің ойы мен өресі, кейде қара­пайым ғана түйсігі жетпейтін дү­ниелерді өзі түзеп, орнына қойып, бағытын беріп отыра­ды. Осындай ұстанымның арқа­сын­да елді дүрліктірген көпте­ген мәсе­лені дер кезінде шешіп, оларды стратегиялық шешімдерге айналдырып келеді. Мысалы, жер мәселесі, тағы басқалар.

Екіншісі – саяси реформалар. Елде бір емес, екі емес, үш саяси реформа тізбегі жасақталып, олар заңмен бекітілді. Бұл реформалар тек аты үшін, біреуге ұнау үшін жасалып жатқан реформалар емес. Елдің шынайы қажеттілігіне, даму қар­қынына, бағдарына орай, жік­теліп, тізбектеліп жүйелі түр­де жүзеге асырылып келеді. Ал­дағы уақытта да бұл үдерістер жалғаса береді. Алда бізді ауыл әкімдерін тікелей сайлау күтіп тұр, одан кейін аудан әкімдерін жергілікті тұрғын­дар сайлайды. Бұл – Орталық Азиядағы тұңғыш тәжірибе. Бұл тұрғыдан Қазақстан аймақты демократияландыру бойынша көшбасшылықты өзіне қайтарып алған сияқты.

Үшіншісі – әлеуметтік жә­не эко­номикалық реформалар тіз­бектері. Қазақстан өз да­муын­да жаңа сапаға, жаңа са­тыға көтеріліп келеді. Жаңа заманда тың экономикалық көрсеткіш­тер­ге қол жеткізу үшін кем дегенде екі мәселені қамтамасыз етуіміз керек. Ең алдымен, елдің әлеуметтік дамуын қамтамасыз етіп, көмекке зәру топтарының жағдайын жақсартуымыз керек. Ол үшін бүгінде жаңа Әлеумет­тік кодекс жазылып, алдағы уақыт­та Парламент қарауына енгізі­ле­тін болады. Екінші кезекте бизнес­­тің жолын ашатын, салық сая­сатын жақсартатын, кәсіпкерлерді қол­дауға бағытталған жүйелі ре­формалар керек екені анық. Бұл бағытта да көптеген заң жобасы жа­зылып, алдағы уақытта депу­таттық корпусқа табысталады деп күтеміз.

 

Айдос САРЫМ,

Мәжіліс депутаты