Сенатта Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында сот жүйесі туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды. Оған Жоғарғы соттың басшылығы мен судьялары қатысты, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы салада жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі басымдықтарын белгілеген болатын. Депутаттардың заң шығару бастамаларының негізі сол басымдықтардан бастау алады. «Сот жүйесін реформалауды тиімді жүргізу мақсатында Парламент сот құрылысын жаңғыртуға, сот төрелігінің ашықтығы мен айқындығын, сот істерін қараудың тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған бірқатар заң қабылдады. Бүгінгі шара сот жүйесін реформалауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету және Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді шешудегі Сенат жүргізіп жатқан жұмыстардың заңды жалғасы болып табылады», деді комитет төрағасы Владимир Волков.
Отырыста Жоғарғы сот Төрағасы Жақып Асанов жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы пікірімен бөлісті. Ол қазір еліміздің сот жүйесінде халық сенімін арттыруға және азаматтардың сот төрелігіне, сондай-ақ құқық үстемдігіне қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған басым жобаларды іске асыру жалғасып келе жатқанын атап өтті.