• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 19 Наурыз, 2021

Жамбылдық екі мұғалім «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды

947 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, елімізде педагогтарға арналған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы тағайындалды, деп хабарлайды Еgemen.kz

Бұл құрметті атақ педагогикалық үздік жетістіктері және еліміздің білім саласына сіңірген айрықша еңбегі үшін Жамбыл облысынан Айгүл Қалмаханова мен Мираш Бегілдаеваға берілді.  Айта кету керек, ел тарихында мұндай марапатпен педагогтар алғаш рет марапатталуда. Аталған мемлекеттік награданы ұстаздарға еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыс етті.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанып отырған Айгүл Қалмаханова Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол «Үздік педагог-2019» республикалық байқауының жеңімпазы болған және «Әлем педагогы» байқауына іріктелген 10 мұғалімнің қатарына енген. Ал, құрметті атаққа қол жеткізіп отырған Мираш Бегілдаева Жамбыл облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатында тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Бірқатар халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Шәкірттері ұлттық бірыңғай тестілеу сынынан жыл сайын жоғары нәтиже көрсетіп келеді.