• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент 19 Наурыз, 2021

Сенатта әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша заң жобасы таныстырылды

161 рет
көрсетілді

Бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұсаукесері болды, деп хабарлайды Еgemen.kz

Өткен жылдың күзінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс басталған болатын. Бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен осы заң жобасының тұсаукесері болды. Оны Парламент депутаттары әзірлеген болатын.

Сенат Төрағасы қазір қоғамның әлеуметтік кәсіпкерлікке деген сұранысы артып келе жатқанын, ал осы саланың өзі жалпы әлемдік трендке айналғанын атап өтті. Сонымен қатар, дамыған елдерде әлеуметтік кәсіпкерлер өз елдерінің экономикасына айтарлықтай үлес қосып келеді.

«Бүгін таныстырылған заң жобасы әлеуметтік мәселелер бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындарды жүйелі түрде қолдауға арналған. Онда әлеуметтік кәсіпкерлік туралы негізгі түсініктер мен олардың міндеттері бекітіледі. Сондай-ақ, құжатта мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары белгіленеді. Мұндай кәсіпорындар үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы аса зор», деді Сенат Төрағасы.

Жұмыс тобы осы заң жобасын әзірлеу барысында 69 ұсыныс дайындаған болатын. Жұмыс тобының жетекшісі, сенатор Ерік Сұлтановтың айтуынша, негізгі заң жобасы 3 кодекс пен 2 заңға 21 өзгеріс пен толықтыру енгізуді көздейді. Оның ішінде: Кәсіпкерлік кодекстегі «әлеуметтік кәсіпкер» ұғымының ресми анықтамасы, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкер деп санауға болатын адамдар үшін өлшемшарттар енгізу туралы негізгі толықтырулар бар.

«Негізгі 4 өлшемшарт нақтыланды. Олардың үшеуі халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтамасыз ету, олар өндірген тауарларды өткізуге ықпал ету арқылы қолдауға бағытталған. Төртіншісі - қоғамдық-пайдалы мақсаттарды және заңда көзделген салалардағы әлеуметтік проблемаларды шешуді көздейді», деді сенатор Ерік Сұлтанов.

Сонымен қатар, заң жобасында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мен өңірлік комиссиялардың тізімін жасау ұсынылады. Дәл осы комиссиялар есеп, мониторинг жүргізеді, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары бойынша шешім қабылдайды. Алдағы уақытта заң жобасы Мәжілістің қарауына енгізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар