Наурыз мейрамы қарсаңында Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) мәдениет пен өнерге қосқан елеулі үлесі үшін «Астана Опера» театрының әртістерін Абайдың 175 жылдығына арналған медальмен марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов салтанатты іс-шара барысында театрдың жетекші солистері Жұпар Ғабдуллина, Талғат Мұсабаев, концертмейстер Раушан Бескембирова, «Астана Опера» симфониялық оркестрі виолончельдер тобының концертмейстері, музыка әрлеуші Дәулет Шәкіров және тағы да басқа бір топ өнер шеберіне мерекелік медальді табыс етті.
Қазақтың бас ақынына арналған кітаптың таныстырылымы өтіп, жиналғандарға сыйға тартылды.
– Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының еңбегімізге керемет баға беруі біз үшін зор құрмет. Былтыр жыл бойы індетке байланысты қиындықтарға қарамастан, «Астана Опера» театрының ұжымы көрнекті ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арнап мәдени шаралар өткізді. Оның барлығы көпшілікке Үлкен және Камералық зал сахналарынан ұсынылды. Жыл бойы афишамыздың сәні болған қазақ ұлттық өнерінің қазынасы – «Абай» операсы сахналанды. Бұдан бөлек, театр фойесінде 175 жылдыққа арналған «Абай» операсындағы бейнелер» атты көрме өтті, деп атап өтті Талғат Мұсабаев.
«Астана Операның» Камералық зал сахнасындағы марапаттау рәсімінде жарқын бағдарламамен өнер көрсеткен әртістер ерекше көңіл-күй сыйлады. Атап айтқанда, Талғат Мұсабаев, Жұпар Ғабдуллина, Раушан Бескембирова мен басқа да өнерпаздар Абайдың сөзіне жазылған музыкалық нөмірлер ұсынды.
Сондай-ақ бұл күні қазақстандық өнердің өзге де қайраткерлері – баритон, ұстаз Шахимардан Әбілов, домбырашы, қазақ халық әрі дәстүрлі әндерді орындаушылар Ерлан Рысқали мен Клара Төленбаева, композитор, музыка әрлеуші Тасқын Жармұхамет мерейтойлық медальдарға ие болды.