• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Наурыз, 2021

Алаң да алаң, алаң жұрт

829 рет
көрсетілді

Ұлы сахараны мыңдаған жылдар бойы мекен еткен көшпелі түркі тайпаларының ішіндегі қазақ ұлысы ұлт ретінде болмыс-бітімі, таным-түйсігі, салт-дәстүрі, тілі, ділі ерекше жаратылған жұрт. Өмір ырғағын қоршаған орта, Табиғат-Анамен айрықша сабақтастыра білген дала халқы осы күнге дейін өз дүниетанымын бұзбай келгенінде айрықша мән бар. Бір ғана емес, бірнеше озық мәдениет пен бай өркениетті өне бойына өнегемен біріктіре білген Алаш баласы әлем халықтары алдында көп ерекшелігімен дара.

Биыл ел Тәуелсіздігің ең бір елеулі белесі – ордалы отыз жылдықта төл мейрамымыз, жыл басы – Наурыз мерекесін ерекше атап өтуіміз керектігі жөнінде көп айтылып жатыр. Шынымен де ерен егемендігіміздің бір нышаны – ұмыт бола бастаған ескі дәстүрлерімізді жаңғырту, сақтардан қалған салттарымызды, ғұн­дардан қалған ғұрыптарымызды қайта көктету емес пе? Самарқанның көк та­сы еріп, Сарыарқаның төсіндегі қасат қар қақырай сөгілген ұлы мизам – Наурыз тойы қарсаңында ұлттық салт-дәстүрлеріміз туралы көп айтылғаны дұрыс. Біз осынау өтпелі, жаһанданудың жалыны жалпы адамзатты жаппай жал­мап келе жатқан күрделі кезеңде кейбірі тіпті тек түркі халықтарында ғана кездесетін адамгершілік абзал қа­ғи­далармен қаланған әдепті әдет-ғұ­рыптарды әлем алдында асқақтата жыр­лауымыз керек. Біле білгенге дәстүрі озық ұлт қана дамуға икемді. Салт-санасы бүлінбеген халық қана санаткерлер сапында бола алады. Қарапайым тілмен айтқанда, алға озу үшін алдыңғы ұрпақ қалдырған асыл мұраларды көздің қара­шығындай сақтай білгеніміз жөн.

Байқап қарағанға біздің балталаса бұзылмас байырғы жосықтарымыз кейінгі бір ғасырдың ішінде күрт ыдырап, тұтас институттардың тұғырлары қатты шайқала бастады. Кеңестік ке­сір саясаттың салқыны бір жағынан, ж­аһанданудың жойқын күші екінші беттен тықсырып, аз ғана уақыттың ішінде айрандай ұйып отырған Алаш ортасы аласапыран күйге түсті де кетті. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білетін, малым жаным садағасы, жаным арымның садағасы деп келген қазақ халқы кейінгі ширек ғасырда тіпті адам танымастай кейіп көрсете бастады. Бұған әрине, сыртқы күштердің ықпалы орасан, десек те өзіміз де ықылым көне дәстүрлерімізді жаңа заманға лайық көрмей, ежелгі ғұрыптарымызды барынша көрсетуге ұялатын сияқты кертартпа қылықтарға көп бой алдырып жүрміз. Тіпті бара-бара қазақтықты елдің қоры, көштің соңы дей­­тіндей дәрежеге құлдыратып жібер­ген­дейміз.

Ең әуелі халықтың иммунитеті – ол ұлттың ана тілі. Тіл – қайталанбайтын құбылыс, ұлттың түп болмысы, ертеңі, тарихы. Кейде уақыттың өзі тілде өмір сүретіндей көрінеді. Барлығы тілмен жалғасады, тіл бар жерде ұлт бар, ел бар, жер бар. Тілдің қазынасынан артық байлық болмақ емес. Әлем тілдерінің қай-қайсы болсын өзіндік ерекшелігі бар, қасиеті бар, күші бар жанды құбылыс. Алайда барлық тілдің ішіндегі қазақ тілінің біз үшін орны алабөтен болуы керек. Біздің тұтас тарихымыз тіл жадында жасырылған. Біз өзіміздің бар­лық өткен жолымызды тілге сақтап, тіл жадында жаңғырып келген халықпыз. Зергер жазушымыз Ғабит Мүсірепов айтқандай, ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады. Тілін білмеген түбін білмейді, ондай адам күлдірем деп күй­діреді, сүйсіндірем деп сүріндіреді, біл­дірем деп бүлдіреді, қуантам деп қуар­тады, келтірем деп кетіреді, жұбатам деп жы­латады.

Бүгінде ана тілін ардақтамайтын, тарихын терең зерделегісі келмейтін керенау ұрпақ өсіп келе жатқаны көңілге кір­бің түсіреді. Тек жастарымыз ғана емес, кіндіктері кеңестік кезеңде кесілген аға буынның да төл тілімізге деген бағасы кейде төмен көрініп жатады. Бұл – ұлт­тың тамырына шабылған балтадан бір кем емес қылмыс. Ананың ақ сүтімен дарыған дүние тілін жатсынған ұрпақтан жалынды сөз, ілгері қимыл күту қиын. Ғалам шайыры Ғамзатовша айтсақ, «ол – менің балам емес. Менің балам болса, мен үйреткен ана тілін ұмытуға тиіс емес».

Ақылдың ақыны аталған Қадыр Мыр­за-Әлінің «Бесік пен домбыра» дейтін тамаша өлеңі бар. «Баба қазақ кебісті, Тас қапасқа өшікті. Іздеймін деп кеңістік, Кентін тастап көшіпті. Батыр қазақ қылышты, Белін қашан шешіпті?! Іздеймін деп тыныштық, Түзін тастап көшіпті. Ақын қазақ азаптың бәрін тастап көшіпті. Іздеймін деп азаттық, Тауын тастап көшіпті. Бәрін тастап Осы күн Жеткен ұлы мұратқа. Домбыра мен бе­сігін, Тастамаған бірақ та!».

Бүгінде осы бесіктің бәсі төмендеп, беделі біртүрлі арзандап бара жатыр. Әрине, бесіктің кейбір құрылымдары, тетік­тері жаңа заманға үйлеспеуі мүмкін. Алайда даму деген сол, өзіңнің ескі жәдігеріңді ертеңгі болашаққа жаңартып, жасартып ұсыну емес пе? Біз бұл ретте де тек бесіктен ғана бас тартып тұрған жоқ­пыз, сол киелі дүниемен бірге қан­шама ұлттық салт-дәстүріміз, бай әдеби тіліміз қоса күресінге сүйреліп тасталғандай. Баланы бесікке салу салтының өзінде қаншама тәрбие жолы, баба ілімі сабақ­тасар еді. Тек қана бесікке қатысты көне атаулар – тілдік қорымыздың алтын қазынасы. Осы байлығымыздың бәрін жаңа заманға жаппай еліктеп кеткен ертеңгі ұрпақ біржола ұмытады. Бесікке бөленудің бала ағзасына қажет пайдалы жағын айтпаған күннің өзінде сол құт, сол киемен бірге қазақтың ғасырлардан ғасырларға жалғасып келген далалық рухы бізді біржола тастап кетпесіне кім кепіл? Бір сөзбен айтқанда, бесік – көшпелі қазақ ұлысының бірегей бренді болуы керек. Бесік – отбасының ырыс-берекесі, ынтымақ-жарасымы, бірлігі, біртұтас дүниетанымы.

Ал енді осы бесікті белі талып тербетер ана тақырыбы да қазақтың бүгінгі бас ауруына айналады деп кім ойлаған? «Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген Әуезовтің әйгілі сөзі әйтеуір осы күні аз айтылады. Қай­­та, әйел құлақкесті құл емес, әйел теңдігі – әлем мәселесі деп әуре болысып жүрген жұрттың қарасы қалың. Бұл не, қазақ әйелдерінің қаншама ғасыр бойы сақталып келген парасатты үлгі жолы айналдырған ширек ғасыр шеңберінде шетке ысырылып қала салғаны ма? Тағы да Қадағаңның қаламына жүгінеміз: «Көлдей көріп махаббаттың тамшысын, Күтіп өттің жақсылықтың жаршысын. Егер бір ай көрінбесе сағындың, Күйеуіңнің өзі түгіл қамшысын! Жолын кеспес қайнағаның, ағаның, Сен бір гүлі, сен бір күні даланың. Кітапсыз-ақ оқыдың сен кітаптай, ата-ананың қасы менен қабағын!».

Бүгінде ене мен келін институты да енді қайта бойын тіктей алмастай біржола қирап, қаусап қалғандай өте бір күрделі кезеңге келіп тіреліп тұрмыз. Жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбектің «Құрмет» деген әңгімесі еріксіз ойға оралады. Үй жинап жүрген Ырыс келін қайнысын шақырып, атасының шапанын төрге іліп беруін өтінеді. «Өзің неге ілмейсің?!» деген қайнысына Ырыс өзгеше бір байсалды қалыпқа түсіп, айтуға болмайтын киелі құпияны амалсыз айтып тұрғандай, дауысы дірілдеп: «Онда... онда, атамның жағасына қолым тиіп кетеді ғой!.. Олай етуге болмайды ғой!», дейді.

 Иә, біз жаңа қоғамда өмір сүріп жатқанымыз рас. Бірақ жаңалыққа қадам басу – ұлттық ұғымдар мен қастерлі құндылықтардан бас тарту дегенді біл­дірмесе керек. Қазақ баласы тәрбие бас­тауынан қол үзген күні болмысынан айы­рылған ұлттардың біріне айналады. Ұлттық салт-дәстүр ешқашан ескілік болған емес. Күншығысымыздағы жапон халқын алған болсақ, олар өркениет өріне тек технологиялары арқылы жеткен жоқ, әдебиетін де, мәдениетін де, ғылымын да ұлттық салт-дәстүрмен ұштастырулары арқылы жетті. Қазақы сана ендігі өміріміздің ұстыны бола алмайды деу барып тұрған білімсіздік. Біз ата-бабалар ұстанған дара да дана жолды ұмытуымыз мүмкін, алайда алпыс екі тамырымызда тулаған ақпараттар бізді ешқашан ұмытпайды. Біз сол рухани ұлттық кодты жаңғырта білуіміз керек.

Келін туралы айтып кеттік қой, осы киелі атауды кейінгі кезде сыртқы күш­тер тым көп жұлмалайтын болды. Жоғарыда айтылған Ырыс келіннің ізеті оның сол үйге келін болып түскендегі алғашқы сәлем салуынан басталған жоқ па еді. Алайда осынау озық дәстүрімізді де жатырқайтын жат ағымдар елдің ішін алатайдай бүлдіргісі келеді. Турасын айтқанда келіннің иіліп ата-енеге сәлем салуы – Аллаға серік қосу дейді. Ақын ағаларының жолымен шайыр Серік Сейтман бұл тақырып туралы тамаша өлең жазыпты. «Жүрмесін көңіліңді жасқап қайғы, Қайғырсаң ата-енеңе ас батпайды. Келінжан! Иіле бер! Сен иілсең, Алаштың абыройы асқақтайды!» дейді. Шын ғой, адами сыйластықтың алғышарты – сәлем. Үлкенді үлгі тұтуда кішінің қылар ізеті сәлем болса керек. Сені ата-анаңа, ата-енеңе қарсы қойған ондай жат ағым араласқан шұбар діннің шатағы көп болар. Бұл сөзді әсіресе жаңа түскен жас келіндер жағы жақсы түсінгені дұрыс. Жазушы Мұхтар Мағауин жазғандай, әйел – ұлттың айнасы емес пе? Әйел қақшаңдай түскен сайын Алаш ақсаңдай түседі. Бұл ащы да болса шындық.

Ал енді жоғарыда осы біз айтып отыр­ған ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық ерекшеліктеріміздің барлығы кешегі көшпелі түркі халықтарының биік тұрағы, әлемнің кіші моделі – киіз үйдің ішінде дүниеге келген. Осынау кішкентай ғана киелі тұрақтан қазақ әлемге қарады. Кейде тіпті киіз үйде қазақтың көшпелі мінезі бардай көрінеді. Әлбетте бұл жерде ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Бұрышы жоқ үйін» айтпай кету мүмкін емес. «Осы бала бұрышты жек көреді, осы бала бұрышқа кектенеді. Анасына кей күні, «мен өскенде, бұрышсыз үй тұрғызам!» деп келеді. Сол тентекке жанымның хошы келген, еркелігін мен болсам кеші­рер ме ем? Шіркін, оның бабасы бақытты ғой, Бұрышы жоқ үйлерде өсіп өнген!..».

Расымен де біздің ұлттық танымымыз төрт бұрышты қорап түсініктерден гөрі шексіз шеңбер ойлармен дамып, кемелденіп отырған. Тарлан тарихқа көз жүгіртер болсақ та дөңгелек үстеліңіз, дөңгелек үйіңіз, тіпті дөңгелекті арбаңыз да – Ұлы далада дүниеге келген Ұлықбек ақынның бұрышта тұрған бала кейіпкері бүгінгі біздің жиынтық образымыз. Біз өзіміздің түп-тамырымызды іздеп бұ­рышта тұрған ұрпақпыз. Бұрышы жоқ үйлерге бұрылып кіре кеткіміз келіп тұратыны сондықтан шығар?..

Ал енді бұл киіз үйдің ішіндегі күміс балдаққа қонған көк қаршыға, есіктегі әлеке құмай, сырлы сырмағыңыз, түрлі тұскиізіңіз, түндіктен түскен нұрға мал­шынған сүйек төсек, үсті дәмге қайысқан жер үстел, түтіні түндікке жармасып күңк-күңк қайнап тұрған жез самаурын, қона­ғының қолтығындағы құс жастық, үйдің шаңырағы, керегесі, түндігі, бас­құры дейсіз бе, ондағы сиқыры сан тарау оюлар, мұның бәрі қазақпен нәзік байланысып жатқан біртұтас әлем емес пе? Жас ақын Жақсылық Қазымұраттың «Қараала сырмақ» деген тамаша өлеңі бар. Ең қызығы мұндай қарым-қатынас тілі ешбір халықта жоқ. Ана мен бала, қыз бен жігіт арасындағы түрлі сезімдерді қарапайым қараала сырмақ арқылы шендестірген өлеңді оқып қараңыз: «Көңілімнен айығар сырғақ-күдік, Бала күнді толғансам жырлап тұнық. Анам сонда жүретін тым асығып, Ою салып, өрнектеп, сырмақ тігіп» деп басталатын жырда бас кейіпкер жас ұл, болашақ ақын әрі қарай «Балалықтың аңсадым құлынды әнін, Қайда қалдың тым тентек жұлынған үн. «Келіншек алып берем» — дейтін анам, «Қайтесің?» — деп сұрасам «мұның бәрін». Армандаумен өткеріп таңды кілең, Бір қиял көкірегімде жанды білем. «Келіншек алу үшін» — деп ойладым, Өрнекті сырмақ керек ал­дыменен» деп қазақы ауыл танымын, жас баланың тап-таза далалық түйсігін дәл сомдайды. Айтып-айтып келіп: «Елі­тіп жастығымның күй ырғағы, Аң­садым арман жолын қиырдағы. Тігіліп қанша сырмақ бітсе-дағы, Қайтейін көрші қыз да бұйырмады. Малданып белең берген жырға қылаң, Кеудемде шертілгенмен сырғалым ән. «Олжасыз» барғанымда анашым-ау, Ұялам сол қараала сырмағыңнан», деп аяқтайды. Бізге ақынның осынау қараала сырмағы – қаймағы бұзылмаған қазақтың тап-таза көңілін елестетті. Ондағы оюлар да бізге сондай туыс, сондай дана, сондай көне бояулар болып көзге оттай басылады. Фариза ақын да осындай бір орайлы кезде айтқан-ау: «Болардай басқұр, өрнек маған медет, Белгісі балғын шақтың қарар жебеп, Сүйеніп тұскиізге тұрып қаппын, Көз жазып оюлардан қалам ба деп, Мөлдір шық жасырынды жанарға кеп».

Біз бұрын кімді қазақ дейтін едік? Жеті атаға дейін қыз алыспайтын, жетімі мен жесірін қаңғытпайтын, бақты қумайтын, тақты теппейтін текті жұртты айтар едік. Біз қазақ десек, бармын деп шіренбеген, жоқпын деп тіленбеген ақсүйек елді көз алдымызға елестететінбіз. Алаш дегенде адамзаттың көз алдына ен байтақ жер мен ең бай тіл иеленген түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы елестеуші еді. Бір-бірімен көкпар тартысса да бір-бірінің етегінен тартыспайтын, бір-бірін боз жусан үстінде қырқа шалып, жамбасқа алып белдессе де өмірде бір-бірін аяқтан шалмайтын азамат мінезді Алаш едік. Асықтан ұтылса да сөзден ұтыл­майтын, досқа адал, қонақжай, серт­ке тұрақты сері жұрт едік. Қазақ қана өлімді өлеңмен әлдилеген, бес күн жалғанды той-думанмен өткерген даныш­пан ұлт. Біз сондай-ақ әлемде мал-жан сұрап амандасатын жалғыз халықпыз. Бұл біздің этностық ерекше сипатымыз. Қаһарлансақ қайсар, мейірленсек жұмсақ едік. Қара нанды бөліп жеген қанағатшыл, қара қылды қақ жарған әділетшіл далалықтармыз.

Асқар Сүлейменов айтқандай «Қазақ болып туу қызық әрі қиын». Біз осы ерекшелігімізді ертеңге адал аманаттауымыз керек.

Бай тілімізді, еңселі алты қанат ақ ордамызды, береке ұялаған бесігімізді, кісі алдынан кесе көлденең өтпейтін келінімізді – адамзат үлгі етуі керек. ІІ Ек­а­теринаның «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады» дегеніндей, біздің сан ғасырлар бойы сараланып келген сахи салттарымыз біздің біртұтас болмыс-бітіміміз, дара белгіміз. Семенов-Тянь-Шанский де қазақтар туралы: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім!», депті. Мұндай пікірлерді тіпті көптеп келтіруге болады. Григорий Потанин өзі­нің «Соңғы қазақ сұлтанының ордасында» деген еңбегінде: «Қазақтар – еті тірі, дені салауатты, өмірге іңкәр халық. Олар сауық-сайранды жаны сүйеді, ашық түсті киім-кешекті, өмірінде мереке, той-думандарды ұнатады. Афиналықтар тәрізді қазақтар жаңалықты әдеттен тыс ұнатады. Мейлі дала құнарының аңқасы кеуіп қалса да, мейлі табиғат шөлейтке төнген қатерге қарсы күресте дәрменсіз болса да, қазақ өмірі үшін халықтың рухани қан-тамырында күш-жігердің көл-көсір қайнар көзі бар, тек қазақтардың өздері осы қайнардан теріс айналмаса болғаны», дейді.

Біз көне дәстүрлерімізді көрнекілік ете отырып, көштің басын кемел болашаққа кезек күттірмей бұрғанымыз абзал. Сөзімізді абыз Әбіш Кекілбайұылының аталы нақылымен сабақтасақ: «дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайық­тамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұс­тануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар».

Біз осынау жазбамызды жыраулардың маздақ ұзаны Қазтуғанның мадақ жырымен мәрелесек дейміз. Қазтуған қазық қаққан қазақ жұрты ешқашан еңсесін еңкейтпесе деген тілек бар. Құйылып түскен қуатты жырды түгел түркі ту етсе де артық емес. Әр Алаш ұланы осы жырды көкірегіне көшіріп алғаны жөн.

«Алаң да алаң, алаң жұрт, Ақала ордам қонған жұрт, Атамыз біздің бұ Сүйініш; Күйеу болып барған жұрт, Анамыз біздің Бозтуған Келіншек болып түскен жұрт; Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт; Кіндігімді кескен жұрт, Кір-қоңымды жуған жұрт, Қарағайдан садақ будырып, Қылшанымды сары жүн оққа толтырып, Жанға сақтау болған жұрт», дейді қайран, Қазтуған!..

Осы рух бізді оңға бастайды. Біз­дің тарихи санамыз осындай отты өлеңдермен өміршең. Алаң жұрт десек алты Алашқа көк түркілердің көне жосықтарын жоғалтпауға үндейміз. Ел шетін жау, ел ішін дау бұзбаса деп бұдынымызға бірлік жолын нұсқаймыз. Дәс­түрімізді даңқты бабаларымыздың жо­лынан жаңылдырмасақ жаһан алдында исі қазақтың мерейі асқақ.

Наурыз – осы жаңаруға төте жол, төл мейрам!