«Армысың, әз Наурыз!» атты облыстық деңгейдегі дәстүрлі ақындар айтысы өтті. Жыр додасында Қарағанды, Теміртау, Сәтбаев қалалары мен Бұқар жырау, Қарқаралы және Нұра аудандарынан келген алты жұп ақын бақ сынады.
Жас айтыс ақындары жыл басы Наурыздан бастап, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдық, тұңғыш заңгер Жақып Ақбаевтың 145 жылдық және тұңғыш математик Әлімхан Ермековтің 130 жылдық мерейтойларына қатысты тақырыпты жырға қосып, айтыстың көрігін қыздырды.
Айтыстың ақтаңгері Аманжол Әлтаев бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Қарағанды қаласының атынан түскен Төрехан Советке бұйырды. Бірінші орынды қарқаралылық Бекарыс Оспанов иеленсе, екінші жүлде Доскей Ботпай мен Нұрлыбек Төкенге берілді. Бұл екі ақынның екеуі де Бұқар жырау ауданының намысын қорғады. Ал үшінші жүлдені Сәтбаев қаласының ақыны Абзал Мақаш пен Теміртауда тұратын шайыр Жанарыс Тілеубек қанағат етті.
Сонымен бірге жекелеген ақындарға арнайы жүлделер берілді. Атап айтқанда, теміртаулық Еркеғали Бекболат Әлихан Бөкейхан атындағы, қарағандылық Нұрсұлтан Рымбай, Әлімхан Ермеков атындағы, Нұра ауданының үміті Жандос Бақытұлы Жақып Ақбаев атындағы арнайы жүлделерге лайықты деп танылды.
Жас ақындар жыр айтысын Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы, сондай-ақ «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебі ұйымдастырды.
ҚАРАҒАНДЫ