Биыл 2 сәуірде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» №2923 Жарлығының шыққанына 25 жыл толады. Сол жылдары өмірге келіп, биыл 25-ке толатын көп азаматтың тегі құжаттарында «ов», «ев»-сіз қазақша жазылған. Алайда ел егемендігін алғаннан бастап стихиялы түрде жүрген ататекті өзгерту науқаны соңғы 10-15 жыл аясында саябырсып қалды. Себебі? Себебі сан алуан. Тегіне қосарланған жат жұрнақтан құтылсам дегендерді тоқтатып тастайтын кедергінің ең бастысы – бітпейтін бюрократия мәселесі.
100 жыл бұрын қабылданған қаулы
Ататекті қазақшалау еліміз егемендігін алғанда ғана көтерілген мәселе емес. Алаштың Әлиханы қазақ азаматтарының аты-жөнін қазақша рәсімдеу туралы 1917 жылы Орынбор қаласында өткен тұңғыш жалпықазақ съезінде де айтқан. Осы жиында ол: «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» деген ұсыныс жасайды. Бұл сөз жерде қалмай, съезд соңында «бүгіннен бастап қазақтар аты-жөнін «ұлы, қызы» үлгісімен жазатын болсын» деген қаулы да қабылданады.
Міржақып Дулатұлы да съезден екі жыл бұрын «Қазақ» газетінде «орыстарға орынсыз еліктеуді» өткір сынады. «Гaзет, журналдарымызда көбінесе «ұлы», «баласы», «қызы» дегеннің орнына «ов», «ова» жазылады. Бұл қазақ тілінде болмаған себепті, құлаққа тіпті ерсі естіледі, «ов», «ев», «ин», «ова»-лар жалғыз-ақ орыс халқында бар деп айтуға болады, басқа Еуропа халықтарында да жоқ, бізден өзге патшалы мұсылмандарда да жоқ. Басқа жұрттың сөздерінің құйрығын әкеліп өз сөзімізге тағудың қажеті қанша?! «Ов»-тарды орысша жазғанда қолдансақ та, қазақша «ұлы», «баласы», «қызы» деп жазуымыз келіспей ме?!» деп жазды Алаш қайраткері.
Бұл өткен ғасырдың 17-жылы болатын. Араға 80 жыл салып ататекті қазақыландыру мәселесі қайта қозғала бастады. Рахманқұл Бердібай, Әбдуәли Қайдар, Нұрдәулет Ақыш бастаған ел ағалары азат сана алдымен адамның аты-жөнін дұрыс жазудан басталатынын айтып, бұл мәселені беделді БАҚ арқылы жиі көтерді. Елдің сөзін Үкіметке, тиісті органдарға жеткізіп, ұлттық болмысымызға жат жұрнақтардан арылудың жолын іздей бастайды. Осындай ауқымды істердің нәтижесінде 1996 жылы Президент Жарлығы шыққан еді.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» 1996 жылғы 2 сәуірдегі Жарлығы – тәуелсіз елдің тұрпатында ататекті ұлттық дәстүрге сай түрлендіру мәселесін заң жүзінде орындатқан маңызды құжат. Бұл Жарлықтың маңыздылығы қазаққа кеңестік кезеңде еркінен тыс кигізілген қамытты шешіп беруінде еді. Бұл Жарлықтың мәні ұлттық болмысымызға тән есті есімдерді қайтаруға заңды түрде жол ашқандығында болатын. Бүкіл елге міндетті күші бар бұл Жарлықтың шыққанына да ширек ғасыр өтті. Егемендігіміз орда бұзар жасқа жетті. Ал біз аты-жөн жазуда әлі күнге ала-құлалықтан арыла алмай жүрміз...
«Ұлы» атанған тұлғалар
Кеңес империясының темір жұдырығы төніп тұрған кезде де есім-сойын қазақша жазған тұлғаларымыз болды. Алаш арыстарының аманатына адалдық танытып, тегін «ұлы» деп жаздырған тұңғыш қазақтардың биігінде батыр Бауыржан Момышұлы, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы және жетім өссе де әкесінің атын өшірмеген сықақшы Шона Смаханұлы тұр. Кезінде ел газеті «Егеменнің» бас редакторы болған Балғабек Қыдырбекұлы да саусақпен санарлық «ұлы»-лардың қатарынан орын алды.
Кеңес өкіметінің күйіп тұрған шағында тегін «ұлы» деп жаздырудан тайсалмаған боксшы Шоқыр туралы Бауыржан Момышұлының «Екі-ақ нағыз қазақ бар. Бірі – мен, бірі – Шоқыр», деген түсіне білгенге намысты тіліп түсер сөзі де қалды. Қазақтың хас батыры жайында да әдемі аңыз бар. Бірде Бауыржан Момышұлы орденмен марапатталғанда маршал Микоян мысқылдай күліп: «Құттықтаймын сiздi, жолдас Момышев!», депті. Сол сәтте жұлып алғандай батыр да: «Рахмет, жолдас Микоев!», деп жауап қатқан екен. Тегін бұрмалағанына қарадай күйіп кеткен маршал ыза болып: «Мен сiзге Микоев емеспін, Микоянмын!», дейді. Сол кезде Бауыржан батыр да қарап тұрмай: «Мен де сізге Момышев емеспін, Момышұлымын!», деп жауап қатқан екен...
Рас, ел егемендігін жариялаған жылдардан бастап аты-жөнін тезірек түзетіп алғандар болмады емес, болды. Бұл тұрғыда аузымызды құр шөппен сүрте беру жараспас. Қаны қазақ, жаны азат азаматтардың біразы тәуелсіздігіміз жариялаған тұста-ақ фамилиясын түзеп, дүниеге келген ұл-қыздарының тегінен «ов», «ев»-терді алып тастап, «ұлы», «қызы» деп жаздырып жатты. Егемен елде еркін өмір сүргісі келген жастардың дені таза қазақ болғысы келді. Биыл 25-ке толған сол буынның төлқұжатынан «ов», «ев»-ті сирек кездестіресіз. Алайда Міржақыпша айтсақ, әлі күнге «орыстың құйрығынан» арылғысы келмей жүргендер де баршылық.
«Басыңызға бәле тілеп қайтесіз»
Жақында тегімді өзгерттім. «Адилжановадан» «Әділжан» болдым. Елорданың Абай көшесінде орналасқан ХҚКО-ға барып, тегімді қазақшаға өзгерткім келетінін айтқанда 6-терезеде отырған менеджердің бірінші қойған сұрағы «Неге?!» болды. Қапелімде не дерімді білмей: «Неге болғанда сол, қазақша жазғым келеді» дедім. Сол-ақ екен орталық қызметкері бұғаудан босаған асаудай жұлқынып: «Басыңызға бәле іздеп қайтесіз. Жеке куәлігіңізді өзгерткеннен кейін ертең бүкіл құжаттарыңызды ауыстыруыңыз керек. Зейнетке шыққанда туу туралы куәлігіңіз жарамсыз болып, тағы жүресіз сандалып. Жүргізуші, неке туралы, балаларыңыздың туу туралы куәліктерінің бәрін жаңартуыңыз қажет. Жүгіруіңіз керек. Неменеге жоқ жерден проблема іздеп жүрсіз....», деп бастырмалатып алып барады. Шыны керек, алғашында өзім де тосырқап қалдым. «Расымен, артық шабыстың қажеті қанша. Қалай бар, солай қалдыра берейін бе?», деп екіұдай күйде тұрдым. Бірақ бәрібір арыз жазып, тегімді түзетем деп табандап тұрып алдым. Менен «оңай құтылмасын» түсінгеннен кейін ғана ХҚКО маманы өтінішімді қабылдап алды. Бетімді қайтара алмағанына ашуланды ма, әлде сөзін өткізе алмағанына шамданды ма білмеймін, әйтеуір өтінішімді тіркегенше түтігіп отырды...
«Аты-жөнімді ауыстырсам, бүкіл құжаттарымды өзгертуім керек пе?». Менің ғана емес, тегін түзеуге ниеттенген көптің көкейінде жүрген осы сұрақты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті Халықты құжаттандыру және ішкі көші-қонға есеп жүргізу басқармасының бастығы, полиция майоры Жанар Қожахметоваға қойған едік. Жоғарыдағы Жарлықты қайта алға тартқан Жанар Қабиқызы: «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлықтың 3-бөлімінде «Азаматтың тегi мен әкесiнiң атының жазылуын өзгертуi оның құқықтық субъектiлiгiн қозғамайды, яғни тегi мен әкесiнiң атының бұрынғы жазылуында алған құқықтары мен мiндеттерiн доғаруға немесе өзгертуге негiз бола алмайды» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Яғни егер сіз тегіңіз бен әкеңіздің атын қазақ тіліне сай жаздырып, қазақ тіліне тән емес аффиксті алдырып тастасаңыз, бірақ әкеңіздің аты мен тегіңіздің түбірі сақталса, құжаттарды ауыстыру міндетті емес. Мәселен, «Әділжан» – «Адилжанованың» негізгі түбірі. Демек, сізге бүкіл құжатты өзгерту міндеттелмейді. Ал егер сіз тегіңізді әкеңіздің атымен жазғыңыз келсе, болмаса күйеуіңіздің фамилиясына өтсеңіз немесе арғы атаңыздың есімін тегіңіз ретінде жаздырған жағдайда өз атыңыздағы құжаттарды түгел өзгертуге тура келеді. Фамилияңызды толық өзгерткен кезде банк не өзге де органдарға egov.kz порталы арқылы алуға болатын «Аты, тегі, әкесінің атының ауысқаны туралы анықтаманы» да көрсете аласыз», деп түсіндіріп өтті.
Ендігі сұрақ – «Ендеше ХҚКО маманы неліктен бүкіл құжатымды өзгертесіз деп «кеңес» берді? Орталық менеджері тіпті «туу туралы куәлігіңізді өзгертпесеңіз, ертең зейнетақысыз қаласыз» деп «қорқытты» емес ме? Полиция майоры бұл сұраққа жауап бергенде: «Рас, халықты құжаттандыруға қатысты кей мәселелерде ХҚКО мамандары заңдық тұрғыдан сауатсыздықтарын байқатып қояды. Бұл әсіресе, аймақтарда жиі кездеседі. Бір сұраққа екі маман үш түрлі жауап беріп, қарапайым халықты босқа сабылтып жүргендер де бар. Ал маман білікті болса, осының барлығы заңда, тиісті ереже-талаптарда бар екенін білер еді», деп қысқа қайырды.
Жүйедегі жүйесіздіктің кесірі
«Тегімді түзетсем, түгел құжатты жаңалауға міндеттімін бе?». Дәл осы сұрақты «Азаматтарға арналған Үкімет» МК елордалық филиалының pr-менеджері Айнұр Жақановаға да қайталап қойдық.
«Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, ең бірінші аты-жөнді ауыстыру мен өзгертудің аражігін ажыратып алған дұрыс, – дейді маман. – Себебі аты-жөнді ауыстыру дегеніміз нақты бір себепке байланысты, мысалы, күйеуінің тегіне өтсе, шешесінің фамилиясын алса, ажырасып, өз тегіне қайта көшсе, адамның тегі толығымен өзгереді деген сөз. Ал фамилиядан қазақы дәстүрге сай «ов», «ев» алынып тасталып, қайта жазылса, бұл жай ғана түзету болып саналады. Бірінші жағдайда құжаттар толық өзгеріп, тегін түбегейлі өзгерткен азамат «Аты, тегі, әкесінің атының ауысқаны туралы анықтама» алады, ал екіншісінде біз азаматтарға ыңғайлы әрі ертең қандай да бір келеңсіздіктер болмауы үшін балаларыңыздың туу туралы және жүргізуші куәліктерін ауыстырып алуға кеңес береміз. Себебі бұл қос құжат күнделікті өмірде жиі талап етіледі. Мәселен, егер сіз бала-шағаңызбен шетелге шығатын болсаңыз, құжаттардағы аты-жөндеріңіз мүмкіндігінше бірдей болғаны жөн. Ал егер бұл құжаттарды өзгерткіңіз келмесе, ХҚКО арқылы «Барлық өзгертулер мен толықтырулармен туу туралы анықтама» алуыңыз қажет. Құжаттарыңыздағы аты-жөндердің сәйкессіздігіне қатысты қандай да бір сұрақ туындаса, талап еткен органдарға осы анықтаманы көрсетсеңіз болады. Мұндай анықтаманы жергілікті жерлердегі АХАЖ бөлімдері береді. Ескерте кететін бір жайт – бұл құжаттың түпнұсқасы азаматтардың өзінде болуы шарт. Талап еткен органдарға анықтаманың нотариалды куәландырылған көшірмесін ғана ұсынасыз».
«Азаматтарға арналған Үкімет» маманы қызмет алушының жеке куәліктен басқа құжаттарды қажеттілігі мен мүмкіндігіне қарай кейін де ауыстыра алатынын мәлімдеді. Ал біздің «Неліктен бір мәселеге ХҚКО-дан екі түрлі жауап аламыз?» деген сұрағымызға Айнұр Жақанова: «Әрбір ХҚКО қызметкері қызмет алушы нақты қандай қызмет түрін алуға келді, соған орай жауап береді. Бір қарағанда ата-текті өзгерту де қарапайым қызмет түрі болып көрінуі мүмкін. Мысалы, халықтың 99 пайызы тегін ауыстыру мен өзгерту бір қызмет түрі деп санайды. Екі түрлі қызметтің бір-біріне ұқсамайтын өзіндік талап-ұсыныстары бар екенін екінің бірі біле бермейді. Азаматтың жасына қарай да қызмет көрсету түрі өзгеруі мүмкін. Мәселен, 16 жасқа дейін аты-жөнін өзгерту іс-шаралары басқа да, кәмелеттік жастан кейін мүлде басқа. Тағы бір мәселе – бізде актілік жазбалар әлі толық цифрландырылмаған. Сол себепті кей қызметтер ХҚКО-дан бөлек басқа мекемелерге бағытталуы мүмкін», деп жауап берді. Яғни туу туралы куәлікті ауыстыру үшін АХАЖ-ға, жүргізуші куәлігіндегі аты-жөнді түзету үшін мамандандырылған ХҚКО-ға шапқылауға тура келеді деген сөз.
Тегін қазақшалаудан қашатындардың басты сылтауы да осы – егер фамилиясын жаңартса, барлық құжатты өзгерту қажет деген «қағида». Ал шындап келгенде, бұл қағиданың қоғамда қалыптасуына басқа-басқа емес, құзырлы орган қызметкерлерінің осындай біліксіздігі мен мемлекеттік органдардағы бірізділіктің жоқтығы кінәлі. Бүгінгі цифрландыру заманында бұл олқылықтың бәрі «бір терезе» алдында, бір нүктені басумен, тіпті әрбір Қазақстан азаматына бір рет және өмір бойына берілетін ЖСН арқылы-ақ шешетіндей уақыт баяғыда-ақ келген. Себебі жүйедегі жүйесіздіктің кесірінен тегін өзгерткен талай адам таяқ жеп, қазақшаласам деп ниет қойғаны кібіртіктеп жүргені белгілі.
Еліміз егемендігін алған отыз жыл ішінде қанша адам тегін ата дәстүрге сай өзгерткен? Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Себебі «ов, ев»-тен арылғандар саны» деп ешбір мекеме арнайы есеп жүргізбейді. Әділет министрлігінің де, Ішкі істер министрлігінің де өкілдері бұл жөнінде бөлек статистика жасалмайтынын қатаң ескертті. Алайда ІІМ Көші-қон қызметі комитеті осы уақытқа дейін аты-жөндерін қазақшалаған халықтың әр өңірдегі динамикасын түзіп шыққан. Сандарға көз салсақ, бүгінде 170 мыңнан астам алматылық жеке құжаттарындағы аты-жөнін толық қазақша жаздыруға өтініш білдірген. Одан кейін тізімде 126 мыңнан астам Шымкент қаласының тұрғыны мен 123 мың елордалық тұр. Ел астанасы мен Шымқалада миллионнан, ал Алматыда 2 миллионнан астам жұрт тұратынын ескерсек, бұл тым мардымсыз сан. Ал қазағы сирек Қызылжар өңірінде бұл динамика тіпті 10 мыңға да жетпейді екен.
Фамилиясын таза қазақша толтыруда Түркістан облысының тұрғындары көш бастап тұр. Қазіргі таңда киелі өңірдің жарты миллионға жуық халқы тегін қазақы қалыпқа келтіріп алған.
Тегін түзетемін дегендерге бүгінге ешқандай кедергі жоқ. Дегенмен жоғарыда келтірілген деректер тегіндегі күрмеуді шешуден тайсақтап жүргендердің әлі күнге дейін жетіп артылатынын аңғартады. Көбіне «ұлы, қызы» атану – ұлы мұрат емес, ұсақ-түйек мәселе, енді біріне басы артық жұмыс. Тәуелсіз елдің ұрпағы болғанымен әлі күнге аты-жөнін жат жұрнақтан азат ете алмай жүргендер бұл ұлттық үлкен мәселеге күйбең тіршіліктің төбешігінен қарайды. Немқұрайдылығымыз тағы бар. Отыз жылда аты-жөн жазуда бір арнаға түсетіндей, бірізділікке келетіндей уақыт жеткенін әр қазақ түсінуі керек. Өйткені жеме-жемге келгенде бұл елдік істің ілгері болуы «-ов, -ев»-пен әлі қоштаса алмай жүрген әр қазақтың ұлттық намысының оянуына келіп тіреліп тұр.
Сөз соңы. Қазіргі таңда қазақстан дықтар фамилия жазудың 20-ға жуық үлгісін қолданады екен. Түрі қазақ, діні мұсыл ман болса да тегіндегі жат жұрнақтан айырылғысы келмей жүргендер өкінішке қарай əлі де аз емес. Түптеп келгенде тектің бірыңғай жазылуы ұлт тың біртұтастығын білдіреді емес пе?! Мəселен, Григорян, Саркисян десе алдыңда армян тұрғанын білесің, Глиг ваш вили мен Капанадзенің грузиндікі екені айтпаса да түсінікті. Ең соңғысы украиндердің фамилияларында да Лы сенко, Иваненко дегендей ұлттық бірізділік бар. Əр қазақтың ататегінен ұлттың болмыс-бітімі байқалып тұруы керек. Есім-сойдың басты параметрін адам – фамилия – ұлт деп алатын болсақ, орта тұсқа келгенде ала-құлалықтан адасып кетеріміз анық. Ал түсіне білгенге текті түзеу – тектілік.