• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Наурызнама Бүгін, 17:41

Күн мен түн 22 наурызда теңелмейді

30 рет
көрсетілді

Бағзы бабаларымыз жаңа жылды көктемнің алғашқы күнінде тойлайтын болған. Ол күні жаңа ай туады, күн мен түн теңеседі, Самарқанның көк тасы ериді, құбыладан қызыл жел еседі, жердің тоңы жібіп, дүние жаңарады деп есептеген.

Бірақ 1918 жылдың 24 қаңтарында Кеңес үкіметі елге ауропалық күнтізбені енгізбекке қаулы шығарады. Соған орай екі арадағы айырмашылықты ескере отырып уақытты он үш күнге алға жылжытады. Осылайша 31 қаңтардан кейін ұйқыға кеткен ел ертеңіне 14 ақпан оянған. Сәйкесінше, 1 наурыздағы жаңа жыл 14 наурызға жылжыған.

Ал Жаңа жылды 22 наурыздан бастап атап өту – ақылға томпақ іс. Компартия басшылығы бұл күнді көршілес Әзербайжан елімен бірдей етіп белгілесе керек. Кейбір көнекөз қариялардың айтуынша, жаңа жылды 22 наурыз күні негізінен «қызылбастар» яғни шиит қауымы атап өтеді. Оның ішіне осы Әзербайжан, Иран, Ирак халқы кіреді. Бірақ жалпы қазақ жұрты жаңа жылды көктемнің алғашқы күнінен бастаған. Шәкәрім қажының ұлы Ахаттың естелігінде бұл туралы анық жазылған:

«14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілі. Жаңа күн деген сөз». Осы тұста орыс халқының 14 қаңтарды «старый новый год» деп тағы да тойлайтыны ойымызға оралады.

Еліміздің батыс аймағында наурыздың 13-інен 14-іне қараған түні Амал кірді деп мерекені бастап кетеді. Бұл өте дұрыс тұжырым «Амал» араб тіліндегі «әл хамал» атты зодиак белдеуіндегі он екі шоқжұлдыздың ең біріншісінің аты. Әрі қарай сәуір, зауза, саратан, әсет, сүмбіле, мизам деп жалғаса береді. Яғни, жұлдызбен есептесек жаңа жыл 14 наурызға сәйкес келіп тұр. Аңызға сүйенсек, осы күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтаған. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп былай деп жазады:  

«Хазірет Нұх ғалайссаламның кемесі судан шығып, құрғаққа аяқ басқан күні Махырам (арабша мұхаррам) айының оныншы күні екен. Сонан ол күн: «Ғашұр күні» аталып, араб жұрты жыл басын «Махырам» деп санап Ғашыр  күнін (ашура) мейрам қылған себебі сол. Жұлдыз қисабында хамалының бірінші күні болып, Ғыжым (христиан)  жұрты мен һиндистан (үнді) хакімлері «Жаңа күн» деп атын «Наурыз» қойып, жыл басы деп санаған», деп араб жұртының болжамын келтіріп, Наурыздың жыл басы екеніне ишара жасайды.

Жоғарыда дәл осы датада күн мен түн теңесетінін айттық. Бұған әрбір азамат қолындағы гаджет арқылы өз бетінше көз жеткізе алады. Көбі намаз уақытын көрсететін бағдарлама арқылы қарап жатады. Мәселен, 14 пен 15 наурыздағы таң орташа есеппен 06:25-те атса, кешкісін 18:23-те күн батады.

14 наурыз бен 22 наурыздағы күн мен түннің уақыт айырмашылығы

Ал «көрісу күні» деген жекелеген мейрам тарихта жоқ. Бұл Наурыз мейрамындағы басты рәсім. Халық бір ай мұғдарында көріседі. Жасы кішілер үлкендерге сәлем береді. «Бір жастарыңыз құтты болсын!» деп құшақтасып көріседі. Хакім Абай осы мерейлі мезетті керемет суреттеуші еді ғой:

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп көрісіп, мауқын басып...»

Шығыс шайыры һәм ғарыш зерттеущісі Омар Хайям бұл күнді мерекелеудегі мән-мақ­­сатты былайша сипаттайды:

«Пат­ша­лардың бір рәсімі бар: жыл басында олар жақ­сы­­лыққа бағыштап, әрі жыл есебін бел­гілеп алу, ты­ныштық өмір үшін бар­шаға қатысты діни жиындар өт­кізу­лері ләзім. Кім­де-кім нау­рызды мере­ке­леп, тойлап, қуанышты, көңілді жүр­се, келесі наурызға дейін тыныш, ба­қуат ғұмыр кешеді. Патшалар үшін бұл күн­ді ғалымдар белгілеп бер­ген» дейді.

Хош, не де болса бұл мейрам табиғаттың ғана емес, адам жанының да жаңғыратын күні. Күдік сейіліп, үміт оянатын, түнек түріліп, нұрға боялатын кез – Ұлыстың ұлы күні.

Соңғы жаңалықтар