• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Таным 25 Наурыз, 2021

Өнер-білім бар жұрттар...

642 рет
көрсетілді

Қазақ халқына әділетті қоғам, өркениетті ел мен дамыған орта туралы түсінік жат емес. Қай заманда болсын халқының әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін жақсартып, жайлы өмір сүруін аңсаған тұлғалар аз болған жоқ. Жұртының дәулетті өмір сүруіне ықыласты болған арыстардың асқақ арманы мен биік мақсаты бүгінгі ұрпаққа өсиет болып жеткендей.

 

Кең-байтақ қазақ даласындағы өр­ке­ниет бастауының тамыры тым те­рең­де екені баршаға аян. Әлімсақтан ма­мы­ражай заманды армандаған ата-баба­мыздың бұл тілегі – адамзаттың ғасыр­лар бойғы мақсаты десек, артық айтқандық емес. Ұлы даланың төрінде әділеттілікті өмірлік мұратына айналдырған Аяз биден бастап, Желмаяға мініп Жерұйықты із­деген Асан қайғы, ізгілікті қоғам қа­ғи­­­даларын тайға таңба басқандай ай­шық­таған ойшыл әл-Фараби, тәуелсіз ғы­лымға, ұлттық салт, дәстүрге негіз­делген заңға сүйене отырып, Жапо­ния­ның үлгісіндегі озық мемлекет құруды аңсаған Әлихан Бөкейханға дейін – бәрі-бәрі осы жолда, халқының «қой үстінде бозторғай ұялаған заманда» өмір сүруі үшін аянбай еңбек етті.

Бұл ізгі тілек бүгінгі Қазақстанның да басты басымдықтарының бірі болып жал­ғасын тапты. ХХІ ғасырдың ортасына қарай, яғни 2050 жылы еліміз әлемнің ең дамыған 30 елінің бірі болуды мақсат етеді. Сол жолда өзгелерге қарап бой түзеп, өткенін бағамдап, болашаққа нық сеніммен қарайды.

Біз өркениетті деп жүрген елдер несімен ерекшеленеді? Барлығымыз біле­тіндей, олар ең алдымен дамыған эко­номикасымен, өзге елдермен салыс­тыр­ғанда технологиялық озық инфра­құ­рылымымен оқ бойы алда тұрады. Одан бөлек, адам әлеуетінің даму индексі (HDI), саяси тұрақтылық, ішкі жалпы өнім, индустрияландыру мен пікір бостандығы секілді дамыған қоғамның құрамдас құндылықтары қатар жүреді. Дамыған елді анықтаудың әдіс-тәсілі күрделі болғанымен, сайып келгенде, өмір сүруге ең жайлы қоғамды таңдауды көздейді. БҰҰ-ның адам әлеуетінің даму индексі бойынша білім беру, денсаулық сақтау, экология, демография, өмір сүру ұзақтығы және өзге де әлеуметтік-экономикалық көр­сет­кіштерге байланысты мемлекетке 0 мен 1 арасында баға беріледі. Мәселен, Қазақстан 2019 жылғы рейтингте 0.825 көрсеткішпен 189 елдің ішінде 51-орында тұр. Ресей елімізден бір сатыға, Түркия екі сатыға төмен, ал Орталық Азиядағы өзге елдер 100-ден төменгі орындарға жайғасқан. Дамыған отыз елге енген Норвегия, Жапония, Оңтүстік Кореямен салыстырғанда бірден көзге түсетін деректер қауіпсіздікке бай­ланысты екен. Мәселен, біздің елде адам өлтіру деңгейі 100 мың тұр­ғын­ға шаққанда 5,1-ді құрайды. Ал бұл көрсеткіш жоғарыда айтқан дамыған елдерде 0,6-дан аспайды. Адам әлеуе­ті­нің даму индексі бойынша 120-орында тұрған Қырғызстанның өзін­де кісі өлтіру бізден екі есе төмен (2,2). Суицид бойынша да жағдай мәз емес. БҰҰ-ның 2016 жылы жариялаған мәліметіне сенсек, Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда 47,8 адам (оның 7,7-і – әйелдер, 40,1-і – ерлер) өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш, көршілес елдерде бұл сан 20 адамнан аспайды. Бұл ретте елдегі қауіпсіздік саласының төмен деңгейі бізді өркениетті елдер тізімінде артқа тартып тұрғандай. Ал қауіпсіздік саласының халықтың әлеуметтік жағ­да­йымен тікелей байланысты екені бесенеден белгілі. Кез келген қоғам тірі ағза секілді үйлесімде жұмыс істейтінін дамыған елдер мысалынан анық көруге болады. Жекелеген салалар емес, мемлекет тұтас дамығанда ғана озық 30 елдің бірі болу мақсаты орындалатыны анық.

Ал осы әлемге үлгі болып отырған өркениетті елдердің нендей ерекшелігі бар? Жетістікке жетудің қандай да бір тиімді тәсілі бар ма? Әдетте жаңа бағ­дар­лама не жобаны жүзеге асырарда міндетті түрде шетелдік тәжірибені зерт­тей­тініміз бар. Тура сол секілді да­мыған елдердің тәжірибесін білу мақсатында сол мемлекеттерде тұратын отандастарымызды сөзге тартып көрген едік.

БҰҰ-ның есебі бойынша дүние жүзін­дегі ең озық ел болып есептелетін Нор­вегияда өмір сүріп жатқан Ирма Егін­баева мемлекеттің мұнай мен газ өн­дірудегі жетістіктері ел экономи­ка­сы­ның дамуына едәуір үлес қосқанын алға тартады.

– Норвегияда теңіз техникасы саласы қарыштап дамып кеткен. Солтүстік теңіз кенішіндегі табиғи ресурстарды өндіру үшін арнайы гравитациялық платформа құрылған. Бұл заманауи инженериядағы айрықша зерттеулердің бірі деуге болады. Яғни Норвегия жер қойнауындағы байлық қорын өнеркәсіптің дамуымен ғана емес, ғылым саласының іл­ге­рі­ле­уі­мен де ұштастыра білген, – дейді теңіз тех­никасы мен технологиясын зерттеуші И.Егінбаева.

Озық технологияны қолданатын алпа­­уыт компаниялар да Норвегия эко­но­­микасын жоғары деңгейге көтер­генін алға тартқан отандасымыз өзі қыз­мет ететін Jotun бояу шығаратын кә­сіпорынды мысалға келтірді. XX ға­сырдың басында құрылған компания өз жұмысында ғылыми зерттеу жұ­мыс­тарымен кеңінен айналысады екен. Нәтижесінде, теңіз кемелерін шіріп кетуден, үй қабырғалары мен зәулім ғимараттарды күн сәулесінен, түрлі ауа райынан қорғайтын, қоршаған ортаға қауіпсіз бояу өнімдері бүкіл әлемде жоғары сұранысқа ие болады. Ирманың айтуынша, елдегі өнеркәсіп ғылыми зерттеулер саласын да алға жетелейді.

Дамыған елдердің өнеркәсіп сек­то­ры­нан гөрі қызмет көрсету сала­сы әлде­қайда алда болуы керек де­сек, Нор­вегиядағыдай ірі өндіріс орын­­дары өздігінен дамып жатқан ғы­лым саласының ілгерілеуіне себепкер болса, құба-құп. Отандасымыз да Қазақстандағы зерттеушілердің өн­ді­ріс­ке, тәжірибеге кеңінен тар­тыл­ға­нын қа­лайтынын жеткізді. Ирма «елдегі ғы­лымды дамытудың басты жолы – қол­да­ныс­қа енгізу» деген пікірде.

Өркениетті елде өмір сүріп жатқан халықтың өмір жасы да ұзақ болады. Мәселен, Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 72,9 жас болса, Норвегия халқы орта есеппен 82,4, жапондар – 84,6, оңтүстіккореялықтар – 83 жас өмір сү­реді.

Отандасымыз норвег халқы спортқа жақын екенін айтады.

– Олардың дене шынықтыруға деген көзқарасы ерекше. Қыс болса үлкені мен кішісі шаңғы, коньки теуіп, демалыстарын таза ауада өткізеді. 3-4 жасар балдырғандардың көбі шаңғыны шебер меңгерген. Халық арасында «норвег сәбилері шаңғы киіп туады» деген әзіл әңгіме жиі айтылады,– дейді Ирма.

Өркениетті елдердің ұлттық ерекше­лік­тері мен құндылықтарын мем­лекеттің даму жолында тиімді қолдана білген мысал аз емес. Мәселен, жоғарыда сөз еткен ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бо­ла­­шағына сенім артып, бой түзеген, әлем­дегі үшінші ірі экономика иесі Жа­пония – Батыс құндылықтарына жұтылмай, өз ерекшелігін айшықтай отырып, ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткен санаулы елдің бірі. Жа­пония туралы айтқанда, халықтың өзгеге ұқсамайтын өмір сүру философия­сын айналып өту қиын. Кайдзен, икигай сынды бірден естігенде түсінуге қиын ұғымдар тұтас бір жұрттың өмір сүру жолын сипаттайды. Кайдзен – қазақша «жақсы жаққа өзгеру» дегенді білдіретін жүйе жетістікке бір күнде жетемін де­ген­дердің ойын жоққа шығарады. Жа­пон­дық жүйе бойынша бір белесті бағындыру – бір күннің емес, жүйелі әрі күнделікті шағын әрекеттердің нәтижесі. Бүкіл әлем қызығатын «икигай» ұғымы – Абайша айтқанда «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан!» дегенге саяды. Яғни мына өмірде бақытты болудың кілтін тауып, тепе-теңдікті сақтай білген адам өз «икигайын» тапты деуге болар. Одан бөлек, өзіңді өзгемен салыстырмауды үйрететін және өзге де жапон халқының философиясы күннен-күнге танымал болып келеді. Осы се­кіл­ді ұлттық құн­ды­лықтарын брендке айналдырған Жа­пония үлгісі өркениетті ел атану үшін Батысқа еліктеудің қажеті жоқ еке­нін, керісінше өз сара жолыңды табу қан­ша­лық­ты маңызды екенін көр­се­теді.

Ұлттық дәстүр, мәдениет пен бүгінгі заманның талабы – жаңа технология арасында өзіндік үйлесім тапқан елдердің үлкен жетістіктерге жеткеніне куәміз. Осы ретте соңғы жылдары мәдени экспорттың озық үлгісін көрсеткен Оңтүстік Кореяны айтпай кетпеске болмас. Корей киносы мен музыкасының осыншама танымал болуының сыры неде? «Корея толқыны» деген атауға ие болған құбылыс 1980 жылдан басталған. XXI ғасырда мәдениет пен туризмнің бас­ты экспортшыларының біріне айналған тұста Оңтүстік Кореяның табысы да еселене түсті. Мәдениет индустриясын дамытуға мемлекеттің өзі қолдау білдіріп, шығармашыл топтарға түрлі субсидия беріп, жаңа бастамаларға қар­жылай көмек көрсетіп отырған. Мә­дени экспортты мемлекеттің басым ба­ғыт­тарының біріне айналдырған мемлекет әлемді «жұмсақ күш» арқылы жаулауды мақсат еткендей.

Оңтүстік Кореяда оқып, елге орал­ған соң корей мәдени орталығында қызмет еткен отандасымыз Айжан Смағұл Оңтүстік Корея K-pop, K-drama ба­ғыт­та­рындағы жетістігінен кейін өзге салаларды да қолға ала бастағанын айтады.

– Қазір Оңтүстік Корея медицина, косметология және туризм салаларына көп көңіл бөле бастады. Сұраныс та жоғары екенін айта кету керек. Корей косметикасы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде сатылады. Қазақстандағы корей мәдениет орталығында жұмыс істеген кезде музыка мен фильмдерінің әсерінен жастардың корей тілін үйренуге деген құлшынысын байқадым. Мектеп түлектері сол елдің жоғары оқу орындарына түсуге талпынады. Сонда оқып, жұмыс істегісі келетіндері де көп,– дейді Айжан.

Ел бейнесін әскери күш немесе эконо­ми­калық қуат арқылы қалыптас­ты­рудан гөрі мәдениет пен өнер, шығармашылық арқылы таныстырудың қаншалықты тиімді екенін байқауға болады. Бір жа­ғы­нан, Қазақстанның қазіргі жағдайы осыған өте ұқсас секілді. Еліміз соңғы жылдары көршілес елдер арасында, ТМД аумағында шығармашылықтың отанына айналып үлгерді. Тек бұл – мемлекеттік бағдарлама аясында емес, интернет пен дарынды жастардың талпынысынан туған жетістік. Осыған дейін ресейлік өнімді тұтынып келген жастар енді отандық, қазақ тіліндегі контентке қызығушылықпен ден қоя бастады, тіпті өзге ел тұрғындарын арбап алатын деңгейге көтерілді. Оңтүстік Корея үлгісімен еліміздің дарынды жастары қазақ мәдениетін алыс-жақын шетелге экспорттай бастады деуге де болады.

Бабалар аңсаған өркениетті қоғамның іргетасы қазақ даласында әлдеқашан салынып, алғышарттары айқындалған. Жастардың ілім мен білім көкжиегі кеңіп, ғылымға деген ықыласы жыл санап артып келеді. Ыбырай Алтынсариннің кезінде «Өнер-білім бар жұрттар, Тастан сарай салғызды, Айшылық алыс жерлерден, Жылдам хабар алғызды...» деп сипаттаған қоғамы бүгінде ғылым мен технологияның қыр-сырын меңгеріп, адам баласы сенгісіз жетістіктерге жетті. Ұлы бабалардың аманатын арқалаған қазіргі ұрпақ Қазақстанды әлемнің ең озық елдерінің біріне айналдыратына шүбәсіз сену аздық етеді, бұл жолда әр адам өзін дамыту арқылы ортақ мұратқа титтей де болсын үлесін қоса алады. Ол үшін «өнер-білім бар жұрттардың» өнегесін жүзеге асырған абзал.