• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Наурыз, 2021

Ешкі баққанның есебі түгел

1413 рет
көрсетілді

Елорданың іргесіндегі «Зеренді» асылтұқымды шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің таңсық тағам – ешкі сүтін өндірумен аты шығып тұр. Нұр-Сұлтан қаласы мен облыстың сауда сөрелеріне ешкі сүтінен жасалған өнімнің қырықтан астам түрін ұсынатын шаруашылықтың келешегі кемел.

Ешкі – өсімтал түлік. Қоңы жақсы, күтімі тәуір болса, басы да тез өседі. Ілкі заманнан қалған «есің кетсе, ешкі жи» деген даналық сөздің астарында көп мағына бар. Ел ішінде бүгінге дейін ешкі сүтін пайдалану туралы еміс-еміс естілгенімен, кәсіп ретінде қаузап, тал­пын­ғандар аз. Еті де тез тоңазып, қатып қалатындықтан сұранысқа онша­лық­ты ие емес. Ал сүтінің айрықша құнары туралы жыр қылып айтуға болады. Ең бастысы, адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз, әлденеше ауруға ем. Ұдайы тұтынса, денсаулық жақсарып қалмақ. Асылтұқымды шаруашылықтың да көздегені осы.

Соныдан соқпақ тарту қашанда оңай шаруа емес. Ел ішінде ешкі бағып, бағалы сүтін өндіру туралы өзгеше ой келген серіктестік басшылары қабыр­ға­ларымен көп кеңескен. Әрине кә­сіпкер болғандықтан түпкі мақсат – табыс табу. Бірақ ол қалай келмек? Жергілікті ешкі тұқымы шығынды ақ­та­мауы әбден мүмкін. Ендеше, әлемдегі осы шаруашылық арқылы көсегесі көгеріп отырғандардың ықылым заманнан бері сабақтасып келе жатқан сәтті тәжірибесін електен өткізу қажет. Ізденіп жүріп тапқан. Ең озығы зааненск және альпа тұқымды ешкілер екен. Күтімі жақсы болса тәулігіне 7-8 литр сүт бере алады. Таңғаларлық-ақ дүние. Ауылдағы ағайынның сиырымен пара-пар. Ал құнарлылығы жағынан әлдеқайда артықтау.

– Ешкі сүті жоғары азықтық және биологиялық құндылығы бар ерекше тағамның қатарына жатады, – дейді ферма меңгерушісі және жобаның үйлестірушісі Азамат Тұрмағамбетов, – өзіміз үйренген сиыр сүті тәрізді казеиндік топқа жатады. Бұл сүттің көп­теген емдік қасиеті бар. Ғалымдар әсіресе асқазан ауруларына, анемияға, көзге шипалы басқа да бірнеше ауруға ем екендігін бақайшақтап зерттеп, оң пікірлерін айтуда.

Ешкі сүтінің бағы ХІХ ғасырдың басында жанған. Дәл осы кезеңде білікті медицина мамандары ана сүтін алмастыруға өзге сүттен ешкі сүтінің қолайлы екендігін дәлелдеп шыққан. Себебі ешкі сүтінің сапасы сиыр сүтіне қарағанда анағұрлым жоғары, біртекті, құрамында нәруызсыз азот жоқ.

– Ешкі сүтін алғаш ішіп көргендер сәл кермектеу дәмі, өзгеше иісі бар деп есептейді. Емдік қасиеті үшін дәрі орнына пайдаланады. Ал дәрі тәтті болмайды ғой, – дейді Азамат Тұрмағамбетов, – әзірге тұтынушылар жаппай үйрене алмай жатыр. Жобаның басты мақсаты – шипасы мол сүт өнімдерін өндіру арқылы замандастарымыздың денсаулығына демеу болу. Біз үшін литрлеп сауған көрсеткіштің қажеті де жоқ, ең бастысы – сапа.

Ал сапа италиялық технология арқы­лы мүмкін болып отыр екен. Ешкі сүтімен еңсесін көтерген шетел мамандары серіктестіктің ісін жолға қоюға қолғабысын тигізіпті. Қазір сүт зауыты мұздатқыштармен, зертханамен басқа да автоматтандырылған құрылғылармен қамтамасыз етілген. Ешкі сауудан бастап барлық сатыдағы технология талабы мүлтіксіз орындалады. Ферма меңгерушісінің айтуына қарағанда, қаңтар айынан бастап ешкілер лақтай бас­тапты. Әр ешкіден тәулігіне орта есеппен бес литр сүт сауылады. Бағымдағы мыңнан астам ешкінің 700-і сауылмақ.

– Ең басты қиыншылық – жер мәселесі. Осы шаруаны қолға алған 2018 жылдан бері өтініш айтумен келе­міз, – дейді серіктестік басшысы Ермек Ұлықбанов, – жемшөп мәселесі өте қиын болып тұр. Барлығын бірдей сатып алсақ, шаш етектен шығынға батарымыз сөзсіз. Небәрі 300 гектар жеріміз бар, сол жерге мал азығын егеміз. Асылтұқымды ешкілер қысы-жазы бағымда тұрады. Сүтті ешкілер тұқымы түбітсіз болғандықтан, қысқы суыққа төзімсіз. Лақтарды жайып бағуға болар еді, оған жайылымдық жер жоқ. Өткен жылы скважина қазып, егістік жерді суармалы алқаптарға айналдыруға талпындық. Бұл жұмыс биыл бітуге тиісті. Ендігі бір өткір мәселе – мал мамандарының жоқтығы. Әсіресе мал дәрігері болмай тұр. Аграрлық оқу орындарында ондай факультет те жоқ.

Серіктестік басшысының айтуына қара­ғанда, жұмыс істеймін деп жанып тұрған адамдар да таптыра бермейді екен. Әйтпесе, еңбекақылары да тәп-тәуір. Қазір жұмыс істеп жүрген 43 адам орташа есеппен айына 100 мың теңгенің үстінде еңбекақы алып отыр.

Сауылған ешкі сүті біртұтас ферма кешенінің құрамындағы сүт өңдей­тін зауытқа жеткізіледі. Бұл жерде италия­лық құрылғылардың көмегімен са­­ға­тына 1,5 мың тонна сүтті өңдеуге толық мүмкіндік бар. Ешкі сүтінен жасалатын адам ағзасына пайдалы тағам түрін санап шығудың өзі оңай емес. Мәселен, жұмсақ, балқытылған және қатты ірімшік, қаймақ, май, айран, йогурт және тағы басқалары.

– Өнімнің өтуі қашанда сұранысқа тәуелді, – дейді ферма меңгерушісі, – сондықтан өнімнің қай түрін көбей­ту керек, қай түрін азайту керек деп есептеп отырмаса болмайды. Ең қиыны – ірімшік өндіру. Қажетті құрыл­ғы­ла­рын сатып алған италиялық компа­ния біздің еңбеккерлерді оқытып үйрет­ті. Олардың тәжірибесі көп қой. Ал біз­де әлі күнге дейін мамандар тапшы. Әрине әлемдік деңгейде жоғары бағаланатын жақсы ірімшік өндіруге болады. Бірақ ол қымбатқа түсер еді. Біздің тұты­ну­шы­ларымыз арзанына ұмтылады ғой. Са­палы сүттен өндірілген ірімшік ешуа­қытта арзан болмайды. Өзіндік құны қым­бат.

Шаруашылық иелері Нұр-Сұлтан қаласы мен облыстың сауда сөрелерін бір­тіндеп жаулап алған соң өзге өңір­лер­ге де өнім өткізуді көздеп отыр. Алыс-жақын шетелдерді де көптеген сыр­қатқа дәру ешкі сүтінен жасалған өнім­дермен қамтамасыз етпек. Қазір бұл сүттің пайдасын бірқатар мемлекет айқын аңғарып отыр. Мәселен, іргедегі Ресей нарығында ешкі сүті негізінде жасалған, ана сүтін алмастыра алатын қоспалар пайда болды. Аллергологтер сиыр сүтінен жасалған өнімдерді көтере алмайтын балаларға ешкі сүті пайдалы екенін әлдеқашан зерттеген.

– Атақ-даңқы жер жарып тұрған Швейцария ірімшіктерінің ең басты құпиясы сиыр сүтіне ешкі сүтін қосып жасауында болса керек, – дейді ферма меңгерушісі, – тіпті йогурт тәрізді танымал өнімдер де ешкі сүтінен шыққан. Асылында, ешкі сүті химиялық құрамға сай пайдалы тағам өніміне жататындықтан, жаппай тұтынатын кез де алыс емес шығар.

Таңсық тағамның құнарын жете түсінгендер жеке тапсырыс бере бас­тапты. Демек, ел ешкі сүтінің ерекше қасиетін ескергені ғой.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы