• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Наурыз, 2021

Әулиеата жеріндегі әдемі күн

585 рет
көрсетілді

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі Әулиеата өңірінде лайықты деңгейде ұйымдастырылуда. Күн мен түннің теңеліп, айдың жаңа туған сәтінде жергілікті жұртшылық аймақты абаттандыру жұмыстарына кірісіп кетті. Сонымен қатар Тараз қаласының бірқатар жерлерінде Наурыз тойы тойлануда.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мей­рамы аталып өтті. Сонымен қа­тар мерекелік шара барысында қазақтың тұсаукесер, беташар сияқты ұлттық салт-дәстүрлері де дәріптелді. Әсіресе, шараға келген жастарға баланың тұсауын кесу, келіннің бетін ашу сияқты ғұрыптар таныстырылды. Аталған мекеме аула­сына киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылды. Шара барысында аталған қорық-музейдің директоры Нұрлан Бықыбаев көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаса, Шерхан Мұртаза атындағы облыстық руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын лайықты деңгейде атап өтуді тапсырғанын, соған сай өңір­де Ұлыс­тың ұлы күні той­ла­нып жатқанын жеткізді. Ал об­лыстық тарихи-өл­кетану музейінің директоры Сейіт­жан Ілияс жиналған көпшілікті Нау­рыз ме­рекесімен құт­тықтап, елімізге аман­дық, жерімізге береке тіледі. Сон­дай-ақ Мәдина Сағынбекова, Жа­нар Өзтемірова сынды өңірге бел­гілі әншілер әннен шашу шашты.

Мұнда айтулы мерекеге орай, көпшілікке арнайы дастарқан жа­йылы­п, Наурыз көже таратылды. Келушілер алтыбақан теуіп, аула маңында орналасқан тарихи жә­дігер­лермен танысты.

 

Жамбыл облысы