Алматылықтарға коронавирусқа қарсы вакцина сауда үйлері мен базарларда салынуы мүмкін, деп хабарлайды Еgemen.kz
«Бүгінгі күні қала емханаларында 35 вакцина бөлмесі бар. Вакцина салуға арналған қосымша 15 кабинет ашылады. Бұдан бөлек, сауда үйлері мен базарларда халықты вакцинациялау мәселесін де пысықтап жатырмыз», деді Лаура Мырзағали.
Оның айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау министрлігі белгілеп берген адамдарға вакцинация жасалуда. Олар медицина қызметкерлері, мұғалімдер, әскери және полиция қызметкерлері, студенттер, мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлері, диспансерде есепте тұрған адамдар. Лаура Мырзағали ақпан айында қалаға 1 750 доза, наурыз айында – 10 800 доза жеткізілгенін атап өтті. «Наурызда біз үшінші траншты алдық - 16 200 дозаның 3 200 дозасы жеткізілді. Сәуір және мамыр айларында 65 200 доза вакцина келеді. Маусымда – 67 000 доза. Содан кейін ревакцинация болады», деді ол.
Айта кетейік, Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны 31 307-ге жетті. Оның ішінде, 26 169 адам аурудан айыққан.