• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Наурыз, 2021

Каспий итбалығы (Теңіз сүтқоректілерін қорғауға түбегейлі бетбұрыс)

818 рет
көрсетілді

Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінің қайраңындағы Қашаған ірі кен орнын игеруші NCOC компаниясы Қазақстан мен Ресей ғалымдарының Каспий итбалығы популяциясына кешенді зерттеу жүргізуіне бастамашы болды.

Солтүстік Каспий аумағы теңіздің ресейлік батыс және қазақстандық шығыс бөліктерін қамтиды. Солтүстік Каспий айдыны мұз үстінде күшіктейтін итбалықтар үшін ерекше маңызды. Яғни итбалық күшіктері мұз үстінде өсіп, жетіледі. Же­тіл­ген жас итбалықтар мұз ерігеннен кейін ересектермен бірге түлеу әрі қоңдану үшін Солтүстік Каспийдің шағын аралда­рына қоныс аударады. Өкінішке қарай, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін әр мемлекет итбалықтарды зерттеу жұмыстарын өздеріне тиесілі су аумағында түрлі әдіс­те­мелерін пайдалана отырып дербес жүр­гізді. Сондықтан Қазақстан мен Ресей ға­лымдарының бірлескен зерттеулері ит­ба­лықтарды Солтүстік Каспийдің бүкіл акваториясында зерделеуге мүмкіндік берді.

Бүгінде ескекаяқтылар отрядының ең ұсақ өкілі – каспий итбалығының экологиясын зерделеу жөніндегі зерттеу жұмыстары жаңа деңгейге жетті. 2020 жылдың ақпан айында, 2012 жылдан бері алғаш рет солтүстік-шығыс Каспийдің мұз алқабындағы итбалықтарға әуеден санақ жұмыстары және көктемнің басында Солтүстік Каспийдің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі түлеу жатақтарында арнайы зерттеулер жүргізілді.

Итбалықтардың 2019-2020 жыл­дар­да­ғы қысқы санағы теңіз жануары үшін қолайсыз жылы қысқа тап келді. Қыс мезгіліндегі жоғары ауа температурасы мен дауыл Солтүстік Каспийдің батыс бөлігіндегі мұз жамылғысын бұ­зып, популяцияның күшіктеуші басым бөлігі теңіздің солтүстік-шығыс бө­лі­гінде шоғырланды. Климаттық катак­лизмдерге қарамастан, әуе санағы итбалықтардың шығыстағы мұз бетіндегі барлық жатағында жүргізілді және қысқа мер­зімде популяцияның саны есептелді.

Каспий итбалығын халықаралық дең­гейде кешенді зерттеу ғылыми қо­ғам­­дастықтың осы бірегей теңіз сүт­қо­­рек­­­тісі популяциясының жағдайы мен күйі туралы алаңдаушылығына жа­уап болды. Ғалымдардың деректері бо­йынша, XX ғасырдың басынан бастап 2005 жылға дейін итбалықтар саны 1,2 мил­лионнан 104 мыңға дейін – 91%-ға азайған (Harkonen et al., 2012). 2008 жылдан бері Каспий итбалығы Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл тізімінде Endangered (жойылу қаупі төнген) қорғау статусында. 2017 жылы 100-ден астам ел, соның ішінде Әзербайжан 1993 жылы және Түрікменстан 2011 жылы Каспий итбалығын жойылу қатері төнген түрге жатқызды. 2020 жылдың басында Каспий итбалығы Қазақстан мен Ресей Қызыл кітаптарына да енгізілді.

Бұл зерттеулерді NCOC ком­паниясы Қазақстан және Ресей ға­лым­дарымен бір­ле­сіп ұйымдастырды. Қазақ­стан жа­ғы­нан Балық шаруашылығы ғы­лы­ми-өндірістік орталығы (БШҒӨО), Микро­­биология және вирусология ғылы­­ми-зерттеу орталығы (МжВҒЗО), «Қа­зақстандық қолданбалы экология агент­тігі» ЖШС, «Орталық Азия эко­ло­гиялық зерттеулер институты» ЖШС, Ресей жағынан – Бүкілресейлік балық шаруашылығы және мұхиттану ғылыми-зерттеу институты («ВНИРО») және А.Северцов атындағы Экология және эволюция проблемалары институты (ЭЭПИ) федералдық мемлекеттік ғылыми мекемелері жұмыс істеді. Екі елдің ға­лым­дарының зерттеулері екі елдегі уәкі­летті мемлекеттік органдардың –  Қазақстанның Эко­ло­гия, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің және РФ Балық аулау жөніндегі федералдық агенттігінің жетекші мамандарымен келі­сіл­ді.

Бағдарламаның мақсаты – Каспий итба­лығы популяциясының қазіргі күйін Каспий теңізі жануарлар әлемінің эндемигі және Каспийдің экожүйесі ахуалының индикатор түрі ретінде зерделеу.

Бағдарламаның негізгі бағыттары – популяцияның санын, әл-ауқатын, ит­ба­­лықтардың қорек қорын, мекендеу орындарының күйін, жануарларға жа­ғым­сыз әсер ететін факторларды зерделеу және ең бастысы, каспий итбалығы популяциясын және оның мекендеу ортасын сақтау жөніндегі перспективалар мен іс-шараларды белгілеп анықтау.

Каспий итбалығы популяциясының күйін анағұрлым толық түсіну мақсатында зерттеу жұмыстары алдында халықаралық ғалымдар тобы көптеген белгілі әдеби мәліметтерді, сондай-ақ NCOC компаниясы 1994-2018 жылдар аралығындағы кезеңде итбалықтарды жоспарлы және дәйекті түрде кешенді зерттеулер барысында жинаған каспий итбалығы туралы ақпаратты мұқият зерделеді.

Популяция саны Солтүстік Каспий­де­гі мұз алқабында аналық ересек жануар­лар­дың басым бөлігі күшіктеу үшін жиналған кезде итбалықтарға қысқы әуесанағы ба­ры­­сында есептеледі. Санақтар зертхана-ұшақ­тың көмегімен алдын ала есептелген арнайы координаттар – трансекттер бо­йынша жүргізіледі. Санақ жүргізу үшін заманауи техникалық құралдар – зерт­хана-ұшақтың борты­на орнатылған, мұз алқабындағы итба­лық­тар­дың нақты санын дәлірек анықтауға мүмкіндік бе­ре­тін арнайы фотоаппараттар, бейне (видео) аппаратура, жылу сезгіш инфра-қызыл құрылғылары пайдаланылады. Осындай есептеу жүйесі өңірде алғаш рет қолданылды.

Авиасанақтар сонымен қатар көктем­де түлеу жатақтарында және күзде итба­лық­тар қыс алдында шоғырланатын шағын құмды аралдарда жүргізіледі.Көк­­темде және күзде итбалықтар Сол­­түс­тік Каспийдің шығыс және ба­тыс жа­­ғалауы маңындағы шағын арал­дарда шо­­ғырланады. Бұл аралдар зерт­теу­­ші­лер­ге қолжетімді, олар осы аралдарда ке­шенді зерт­теулердің басқа бө­лігін жүр­гі­зеді. Ша­ғын аралдарда ит­ба­лықтарға жер­се­рік­тік ен (таңбалар) орнатылады. Бұл итба­лықтардың бел­гі­лі бір уақытта қайда екенін және те­ңіз­дегі миграциялық жолын анықтауға мүмкіндік береді. Итбалықтарға ен салумен қатар биологиялық сынама­лар алынады – итбалықтардың түгі мен қанынан, шырышты қабығынан алын­ған сынамалар бойынша кейін пара­­зи­то­­логиялық, микробиологиялық, им­­му­­нологиялық, токсикологиялық, гене­ти­­калық және вирусологиялық талдаулар жүргізіледі. Биологиялық сынамалар алу популяцияның аман-саулығын, оның түрлі инфекциялар мен ауруларға қарсы тұру қабілетін бағалау үшін қажет. Ток­си­кологиялық талдау итбалықтардың қа­нын­да, ағзаларында және тіндерінде ластаушы заттардың қандай концентрацияда барын анықтауға мүмкіндік береді. Итбалық популяциясы бірегей ме, егер жоқ болса, субпопуляциялардың қайсысы күйзеліске көбірек шалдыққаны көңіл аударарлық мә­селе. Осы проблеманы шешу үшін гене­ти­калық зерттеулер жүргізіледі.

Қазіргі уақытта бағдарлама аясында бір­неше зерттеу орындалды.

2019 бен 2020 жылдардың күз айла­рын­­­да итбалықтарға таңба салу жұмыс­та­ры ойдағыдай өтті. 20 итбалық ауланып, ен салынды, бесжылдық жоспарға сай әлі 50 ен орнатылады. Сонымен қатар Солтүстік Каспийдің ресейлік және қа­зақ­стандық акваторияларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған кемелердің бортынан итбалықтарға са­нақ­ жүр­гізілді. 2020 жылдың қыс айларында Кас­пий итбалығының күшіктеп жатқан бө­лігіне және көктемгі түлеу ке­зеңінд­е ар­найы авиасанақ жұмыстары жүр­гізіл­ді. Теңіз мақұлығының санын нақты анық­­тау үшін кемінде 3 жыл бойына са­нақ-зерттеу жұмыстарын үзбей жүргізу қа­жет. Зерттеу жұмыстары ғалым­дар­ға ит­балық популяциясының тек санын емес, сонымен қатар оның жалпы күйін де бағалауға мүмкіндік береді.

NCOC компаниясы қаржыландырып жатқан бесжылдық бағдарлама Каспий итбалығын сақтау жолында негізделген табиғат қорғау іс-шараларын әзірлеу үшін негіз қалаушы ақпарат беретінін атап өту қажет.

Келешекте Каспий маңындағы барлық ел­дер­дің ғылыми әлеуетін біріктіру жос­пар­ланып отыр. Бұл өзгеріп жатқан климат пен Каспий қайраңын шаруашылық иге­ру­дің өсуі жағдайларында Каспий ит­ба­­­лығының популяциясын және теңізді ме­­кен­деуші басқа да түрлерді сақтау ша­ра­­ларын әзірлеуге және енгізуге, Кас­пий­­дің теңдесі жоқ осал экожүйесін, оның қайталанбас бірегейлігін сақтауға мүм­кіндік береді.