Шымкентте әз-Наурыз мейрамына арналған думанды мерекелік шаралардың керуеніне «Шымкент-Цирк» ұжымы да өз үлестерін қосты.
Атаулы күнге орай ұлттық нақышта киінген цирк әртістері шаһар тұрғындарына «Наурыз-думан» мерекелік қойылымын ұсынды.
Акробаттардың шымырлығы, гимнасшылардың ептілігі, әртістердің, шоу-балет тобының жонглерлік өнерді синхронды түрде игергендігі бағдарламаның органикалық тұтастығын, мерекелік ырғағын жандандыра түсті.
Сондай-ақ, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған «Күш атасын танымас» қойылымы көрермен көңілінен ерекше орын алды.
Әсіресе, көктемнің белгісі ретінде айналаның гүл мен өсімдікке көмкеріліп тұруы кішкентай көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бағдарлама ай мен күннің теңескен сәтін екі гимнаст әуеге көтеріліп, табиғаттың оянған сәтінен бастау алады.
«4 LED-экраннан көрсетілетін Наурыз мерекесінің таңдаулы сәттері, әсем көріністері музыка үнімен көрермен қиялын асқақтата түседі. «Наурыз-думан» мерекелік бағдарламасына бір ай көлемінде дайындалдық. Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік қойылым 2 бөлімнен тұрады. Күндізгі бөлімі 5-10 жас аралығында, ал кешкі ересек жастарға арналған», дейді «Шымкент-Цирк» мекемесінің басшысы Нұрлан Ыдырысұлы.
Бүгінде еліміздегі үш үлкен цирктің біріне айналған бұл өнер ұжымы мегаполис тұрғындарын таңғажайып қойылымдарымен таңғалдырудан жаңылған емес.
Осы реткі мерекелік қойылымдар 28 наурызға дейін жалғаспақ. Нақтырақ айтар болсақ, 19, 20, 27, 28 күндері көрерменге қызықты қойылымдар ұсынылады. 21, 22, 23, 24 наурыз күндері цирк манежінде «Хабар» телеарнасымен бірлесіп, тікелей эфирде өнер жұлдыздарының қатысуымен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған «Өнер барысы» ұйымдастырылады.
ШЫМКЕНТ