Бүгінде коронавирус індетінен қорғану мақсатында елімізде тұрғындарға вакцина салу науқаны жүргізілуде. Әуелі жергілікті жерлерде бұл үрдісті сол өңірдің бірінші басшылары бастап беріп, одан кейін түрлі сала басшылары жалғастырған еді. Қауіпті індеттің алдын алу үшін қазіргі кезде көпшілік өз еркімен вакцина салдыруда.
Жамбыл облысында өз еркімен өтініш білдірген 4 035 медицина және 1 068 білім саласының қызметкері ерікті түрде екпе салдырған. Олардың қатарында өңірдің денсаулық сақтау саласында қызмет атқарып жүрген білікті дәрігерлермен қатар, аймақтағы балабақша тәрбиешілері, бастауыш сынып педагогтері, колледж мұғалімдері, сондай-ақ білім басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлері де бар.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бүгінде өңірде «Спутник V» вакцинасының 1 компоненті барлығы 5 540 адамға егілгенін айтты. Oлардың 72,8 пайызы медицина қызметкерлері болса, 19,8 пайызын мұғалімдер құрайды екен. Сондай-ақ вакцина салдырғандардың қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция департаментінің, әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері және түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер, студенттер мен тағы басқа да мамандық иелері бар. Бүгінде екпе салдырған педагогтердің денсаулығы қалыпты екен. Вакцинаның қандай да бір теріс әсері болмаған.
«Ұстаздар өз еркімен вакцина алуға жазбаша келісім берген соң алдымен арнайы екпе үшін дайындалған бөлмеге барып денсаулығын тексертеді. Онда дене қызуы мен қан қысымын өлшетеді. Денсаулығында кінәрат болмаса, бірінші дозасын қабылдайды. Кейін 30 минут дәрігердің бақылауында болады», дейді Әсет Қалиев.
Ал облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенованың айтуынша, вакцина алғаннан кейін де педагогтер дәрігерлердің бақылауында болған. Өңірдегі педагогтерге екпе туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін әр мұғалім жауапты. Сондықтан вакцина алуды әр педагог азаматтық міндеті деп есептеу керек.
Жоспарға сәйкес, Жамбыл облысы бойынша биыл 18 жастан асқан 593 мың 700 адамға коронавирус індетіне қарсы екпе салынады. Бұл облыс халқының 52 пайызын құрайды. Ал кейіннен халықтың қосымша осал топтарын қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарланған.
Жамбыл облысы