«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі агроөнеркәсіп кешенін қаржылық қолдаумен айналыса бастайды. «ҚазАгромен» қосылған соң холдингтің құзыреті осылайша кеңейді.
Осы жылдың 15-наурызында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті тапсыру актісін бекітті. Сөйтіп «ҚазАгроның» үш еншілес ұйымы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «Бәйтерек» холдингінің құрамына өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл оңтайландыру даму институттарын неғұрлым тиімді басқаруға және мемлекеттік қолдауды қазақстандықтарға сапалы, жедел жеткізуге арналған. Қосылу процесі фермерлер үшін теріс әсер етпейтінін ерекше атап өткім келеді. Агроөнеркәсіптік кешенге мемлекеттік қолдау толық көлемде көрсетілетін болады, – деді «Бәйтерек» холдингінің басшысы Айдар Әріпханов.
Бұдан бөлек, «Бәйтерек» холдингі агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық қолдау шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығымен, екінші деңгейлі банктермен және даму институттарымен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік сектордағы әлеуетті жобалар пулы әзірленді. Оны іске асыру ішкі нарықты молықтыруға мүмкіндік береді және аса маңызды тауар позициялары бойынша импортқа тәуелділікті азайтады.
Осы орайда, холдингтің ұйымдық құрылымында штат санын ұлғайтпай ауыл шаруашылығы активтерін басқарудың жаңа департаменті құрылғанын атап өткен жөн.
Еске сала кетейік, «Бәйтерек» холдингі Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 52-тармағын орындау мақсатында өзіне «ҚазАгро» холдингін қосу арқылы бірыңғай даму институтын құру бойынша іс-шаралар өткізуде.
Айта кету керек, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ны «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға беру бойынша Жол картасы әзірлеу сатысында. Бұл тиісті заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді, барлық қажетті рәсімдерді көздейтін болады. Сонымен қатар лизингтік мәмілелерді кепілдендіру, микробизнесті тікелей кредиттеу және өсімдік шаруашылығын сақтандыру функцияларын кейіннен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорын» тарата отырып, «Аграрлық несие корпорациясына» беру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Осылайша, қазіргі уақытта «Бәйтерек» холдингінің құрамында 12 еншілес ұйым бар. Олар – «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, QazTech Ventures АҚ, Kazakhstan Project Preparation Fund ЖШС, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ. Сонымен қатар холдингтің портфельді компанияларын одан әрі 12-ден 7-ге дейін қысқарту және соған орай штаттың санын түзету жоспарланып отыр.